фото: pixabay.com
Қытайдың ірі электронды сауда платформаларының бірі — Pinduoduo салықтық ақпаратты белгіленген тәртіппен ұсынбағаны үшін 100 мың юань (шамамен 7,3 млн теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлады Lianhe Zaobao басылымы.
Синьхуа ақпараттық агенттігінің 21 қаңтардағы хабарлауынша, Pinduoduo платформасының операторы — Shanghai Xunmeng Information Technology Co., Ltd. компаниясы «Интернет-платформа кәсіпорындарының салықтық ақпаратты ұсыну қағидаларын» сақтамағаны үшін Шанхай қаласының Чаннин ауданы бойынша Қытай Мемлекеттік салық басқармасы тарапынан анықталған, деп жазды kaz.inform.kz.
Салық органдары компанияға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген. Алайда компания түзету жұмыстарын бастағанымен, оларды белгіленген мерзімде толық аяқтамаған. Осыған байланысты салық органы қолданыстағы заңнамаға сәйкес 100 мың юань (шамамен 7,3 млн теңге) көлемінде айыппұл салу туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, Pinduoduo-ға қатысты бақылау шараларының кеңейтілгенін хабарлаған болатын. Мәліметке сәйкес, өткен жылдың желтоқсан айында компания қызметкерлері мен бақылаушы органдар өкілдері арасында жанжал орын алғаннан кейін, реттеуші құрылымдар тексеру аясын ұлғайтқан.
Дереккөздердің айтуынша, Қытайдың Мемлекеттік нарықты қадағалау басқармасы мен Қытайдың Мемлекеттік салық басқармасы өкілдерінен құралған арнайы тексеру тобы соңғы апталарда компанияның Шанхайдағы штаб-пәтерінде ауқымды тексеру жүргізген. Тексеру барысында жүзден астам маман тартылған.
Оқиғалардың әсерінен Pinduoduo компаниясының акциялары 8 қаңтардан бері 12 пайыздан астам төмендеді. Сарапшылардың пікірінше, реттеуші бақылаудың күшеюі компанияның операциялық қызметіне ықпал етіп, инвесторлардың сеніміне кері әсер етуі мүмкін.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через