Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстары соңғы кезеңге өтті. Спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың негізгі шаралары 1-6 қыркүйек аралығында Ыстықкөл облысында өтеді.
Қазір халықаралық шараға қатысушылар мен қонақтарды қабылдауға арналған инфрақұрылым бірден алты негізгі нысанда әзірленіп жатыр. Бұл туралы «Кабар» агенттігіне Қырғызстан Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігінің баспасөз хатшысы Урмат Майрамбек уулу мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келетін қонақтардың қарасы қалың болады деп күтілуде. Сондықтан дайындық кезінде негізгі нысандармен қатар, санитарлық аймақтарды ұйымдастырудан бастап келушілердің қозғалысына дейінгі барлық ұсақ-түйекке де мән беріліп отыр.
— Биыл VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келетін қонақтардың саны көп болатынын түсінеміз. Сондықтан әрбір элементке, әрбір қонаққа назар аударып, барынша қолайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз, — деді ол.
«Құрманжан датқа» — көшпенділер өркениетінің орталығы
Негізгі нысандардың бірі — Орнок ауылында орналасқан Құрманжан датка атындағы Көшпенділер өркениеті орталығы. Мұнда Art-Lab және ғылыми конференциялар ұйымдастырылады.
Урмат Майрамбек уулының айтуынша, қазір нысандағы инфрақұрылымдық жұмыстар аяқталуға жақын. Қажетті нысандардың құрылысы, оның ішінде қосымша санитарлық аймақтарды жасау жұмыстары аяқталып келеді.
«Рух Ордо» орталығында түрлі халықтардың музыкалық мұрасы таныстырылады
Екінші нысан — Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығы. Мұнда дәстүрлі музыкалық аспаптар мен вокалдық өнер байқаулары өтеді.
Ұйымдастырушылар 60-80 елдің өкілдері қатысады деп күтуде. Қатысушылар өз халықтарының ұлттық музыкалық аспаптарын таныстырып, орындаушылық және әншілік өнерін көрсетеді.
Қазір нысанда сахна мен декорацияларды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аумаққа кіреберістен бастап шығатын жерге дейін келушілерге қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлінген.
Чолпон-Ата ипподромында «Көшпенділер үні» байқауы өтеді
Үшінші негізгі нысан — Чолпон-Ата қаласындағы ипподром. Үлкен аренада өзіндік ерекшелігі бар дауыстарымен танылған әншілер қатысатын «Көшпенділер үні» байқауы өтеді.
Қырғызстан атынан да іріктеу кезеңдерінен өткен өнерпаздар қатысады.
Қазір ипподромдағы негізгі жөндеу жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, көрермендерге қолайлы жағдай жасау үшін кіреберіс аймақтары мен орындар жаңартылып жатыр.
Көкпар мен көкбөріге 10 мың көрерменге арналған трибуна орнатылды
Чолпон-Ата ипподромының жанында тағы бір жаңа нысан орналасқан. Мұнда 10 мың көрерменге арналған жылжымалы трибуна орнатылды. Оны Мәдениет министрлігі Президент Садыр Жапаровтың қолдауымен сатып алған.
Бұл алаңда көкбөрі және көкпар жарыстары өтеді.
Урмат Майрамбек уулының айтуынша, жаңа трибуна көрермендерге жарыстарды әлдеқайда жақыннан тамашалауға мүмкіндік береді.
— Бұған дейін ипподромда көрермендер көкбөрі мен көкпарды 100-150 метр қашықтықтан тамашалайтын. Енді жылжымалы трибунаның арқасында жарысты шамамен 10 метр жерден көре алады, — деді ол.
Нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарының жұмысы күшейтілді. Іс-шараларға Ішкі істер министрлігінің елдің барлық өңірінен қызметкерлері тартылады.
Бостериде этно-сән көрсетілімі өтеді
Бесінші нысан — Бостери ауылындағы «Дордой Номад» амфитеатры. Мұнда этникалық сән байқауы ұйымдастырылады.
Оған 80-100 елдің өкілдері қатысады деп күтілуде. Қазір амфитеатрда инфрақұрылымды бейімдеу және жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қырчын этно-базар мен этно-ас үйге дайындалып жатыр
Ойындардың ең ауқымды алаңы — Қырчын жайлауы. Мұнда екі үлкен тақырыптық қалашықтың құрылысы аяқталуға жақын.
Біріншісі — этно-базар. Мұнда кәсіпкерлер қонақтарға кәдесыйлар, ұлттық қолөнер бұйымдары және басқа да қолдан жасалған өнімдерді ұсынады.
Екіншісі — этно-ас үй. Мұнда танымал қырғыз мейрамханалары мен ұлттық тағам дайындаушылар орналасып, шеберлік сабақтарын өткізіп, қонақтарды ұлттық тағам әзірлеу дәстүрімен таныстырады.
Сонымен қатар Қырчын аумағында киіз үйлер тігіліп, Қырғызстанның жеті облысы өздерінің ордоларын орналастырады. Әртүрлі ұйымдар да өз ордоларын таныстырады.
Жалпы алты күн ішінде алты негізгі нысанда 600-ге жуық мәдени іс-шара өткізу жоспарланған.
https://kaz.inform.kz/