фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі
Құрметті өнерсүйер қауым, қадірлі достар, серіктестер, қала тұрғындары мен қонақтары!
Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылып, жаңарған музейге қонақ болуға шақырады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі.
2026 жылдың 20 қаңтарында музей өз есігін айқара ашып, келушілерді жаңартылған кеңістікте жаңа экспозицияларымен қарсы алады. Музейде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыр мен ішкі бөлмелер толық жаңартылды, еден жабындары ауыстырылды, инженерлік желілер, соның ішінде климатты бақылау жүйесі жаңғыртылды. Залдардың жаңа түстік шешімі бұрыннан таныс кеңістіктер мен экспонаттарды жаңаша қырынан қабылдауға мүмкіндік береді.
Жаңартылған көрме залдарында көрермендер музей қорының визиттік карточкасына айналған қазақстандық және әлемдік өнер жауһарларымен қатар, бірқатар жаңа экспозициялық бөлімдермен де таныса алады. Атап айтқанда, Е. М. Сидоркиннің графикалық туындылары, «Қазақстан өнеріндегі әйел бейнелері», «Қазақстан кескіндемесіндегі ұлттық дәстүрлер мен бастаулар», Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақстандық өнер, ХХ-ХХІ ғасырлардағы шетелдік өнердің жаңа толықтырулары ұсынылады.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі.
Жөндеу жұмыстары мемлекеттік органдардың, музей ұжымының және серіктестердің үйлесімді ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асты. Жөндеу жұмыстарына бастамашы болғаны үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне, ал іске асыруға қолдау көрсеткені үшін «Самұрық-Қазына» Қазақстандық инвестициялық холдингіне алғысымызды білдіреміз.
Музей жаңа әрі тұрақты келушілерін асыға күтеді. Алдағы уақытта да түрлі жобалар мен көрмелерді, мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, шабыт сыйлайтын, диалог пен шығармашылыққа арналған орталық ретіндегі қызметін жалғастыра бермек.
Сіздерді музейімізде күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін, дүйсенбі және айдың соңғы күнінен басқа барлық күндері күтеміз.
Анықтама телефондары: 394 57 15
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через