Тұсаукесер: Кинотеатрлардан не көруге болады

Тұсаукесер: Кинотеатрлардан не көруге болады
фото: pixabay.com

Бұл апта көрермендерді қызықты премьералармен қуантты. Алдағы күндері қандай фильмдер көруге тұрарлық екенін Kazinform материалынан білуге болады.

Руың кім?

2 күн бұрын прокатқа шыққан комедия – отбасыңызбен демалуға таптырмас таңдау. 85 минутқа созылатын фильмнің режиссері – Әсет Жұмақан.

Біз ата-бабамыз туралы қаншалықты терең білеміз? Tiger Films студиясының жаңа комедиясында кейіпкерлер осы сұрақтың жауабын іздеп, жеті атасын түгендеуге кіріседі. Олар өздерінің қай рудан екенін анықтауға бел буады. Өйткені әр ру – ғасырлар бойы қалыптасқан тарих, мақтаныш және кейде «ең текті болуға» деген жасырын бәсеке. Болашақ құдалармен кездесер алдында басты кейіпкерлер өздерінің шыққан тегі туралы түсініктері дұрыс па, жоқ па – соны анықтауға тырысады. Нақты жауап алу үшін олар генетик мамандарға жүгінеді. Ал генетикалық зерттеу оларды күтпеген, қызық әрі күлкілі жағдайларға әкеледі. Осының бәрін қызықты да ой салатын «Руың кім?» комедиясынан көре аласыздар!

Тыныш түн, өлім түні

11 желтоқсаннан бастап көрермен назарына ұсынылған америкалық хоррор жанрындағы фильм. Режиссері – Майк Пи Нельсон.

Бір кездері Биллидің ата-анасын Санта-Клаус кейпінде жасырынған адам аяусыз өлтіріп кеткен еді. Жылдар өткен соң Биллидің өзі осы кейіпке еніп, мерекеде қырғын шығарып, кінәлілерді жазалауды жоспарлайды. Енді Сантаның костюмі жай қызыл түске емес, қанға боялады. Ал оған бағынбайтындардың бәрін нағыз қорқынышты Жаңа жыл күтіп тұр.

Ғажайыптар мұхиты

Қытайлық режиссер Тянь Сяопэн ұсынған фантастикалық бұл мультфильм де бейсенбі күні прокатқа шықты. 112 минутқа ұласатын таңғажайып туынды балаңызға ұнары анық.

Шэньсю анасын қатты сағынады, бірақ әкесі мен өгей анасы оның жағдайына мән бермейді – олардың бар назары кіші балаларында. Қыздың туған күнінде отбасы теңіз круизіне шығады, алайда ата-анасы Шэньсюді емес, кіші ұлдарын құттықтайды. Кешке дауыл соғып, Шэньсю теңізге құлап кетеді. Сол жерде ол алып көзді жұмбақ жаратылыспен кездеседі. Ол өзін анасына жеткізеді деп сенеді. Осылайша Шэньсю сиқырлы әлемге және «Терең теңіз» атты қалқымалы мейрамханаға тап болады. Мейрамхананы құтқару үшін Шэньсю бас аспаз Наньхэмен келісім жасайды: мейрамхана бес жұлдыз алғанға дейін ол асханада жұмыс істейді, ал Наньхэ сол жаратылысты босатуға уәде береді.

Стич-Хэд. Құбыжықтар қорғаушысы

Ұлыбритания, Франция, Германия, Люксембургте таспаланған мультфильмнің режиссері – Стив Хадсон.

Балаңыз қиялына ерік беріп, күліп қайтсын десеңіз, 1 сағат 32 минутқа кинотеатрға жіберіңіз.

Оқиға ескі қамал мұнарасында өрбиді. Онда есі ауысқан профессор түрлі құбыжықтарды жасап шығарады, бірақ тез жалығып, оларды қараусыз қалдырады. Қамқорлықты мейірімді Стич-Хэд өз мойнына алып, әр құбыжыққа бақытты өмір сыйлауға тырысады. Бірақ олардың тыныштығы ұзаққа созылмайды. Қамалға зұлым көшпелі цирк директорының назары ауады. Енді кішкентай құбыжықтар бірігіп, достық пен батылдық таныта алатынын дәлелдеуге тура келеді.

Үш мысық. Уақыт саяхаты

Балаңыздың 1 сағат 6 минутын алатын тағы бір қызықты анимациялық фильм ұсынамыз. Ресейлік режиссер Дмитрий Высоцкий ұсынатын «Үш мысық. Уақыт саяхаты» мультфильмі балаңызға ұнары анық.

Мысықтар отбасы ата-анасының танысқанына 10 жыл толуын атап өтпек. Дайындық үстінде олар әжесі Изольдаға ғылыми орталықтан арнайы сыйлық алуға барады. Сол жерде отбасы ескі диванға кезігіп, оның уақыт машинасы екенін байқайды. Осы сәттен бастап олар күтпеген әрі қызыққа толы уақыт саяхатына аттанады.

Ақша аңшысы

Ал өзіңізге триллер жанрындағы ойланарлық фильм іздеп жүрсеңіз, Герман Яудың «Ақша аңшысын» көріңіз. Қытайда түсірілген туындының ұзақтығы – 1 сағат 50 минут.

Қаржы факультетінің студенті Гао Хань – амбициясы жоғары, біліміне сенімді жас. Ол экономикалық әлемді жақсартуды армандайды. Ал оған досы Чу Фэннің отбасы көмектесіп, ірі банкте тағылымдамадан өту мүмкіндігін береді. Онда Гао Хань беделді университеттердің түлектерімен және ықпалды байланыстары бар адамдармен қатар жұмыс істейді. Алайда оны алда маңызды кәсіби сынақтар күтіп тұр. Енді Гао Хань қаржы саласындағы жасырын қауіптерге төтеп бере алатынын дәлелдеуі керек.

Ақпарат көзі: Kazinform.