фото: «Музыкалық жас көрермен театры»
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры 2025 жылдың 2 желтоқсанында қазақ мәдениеті үшін ерекше маңызға ие премьераны ұсынады. Сағат 19:00-де театр сахнасында ұлы әнші Әміре Қашаубаевтың Париждегі дүниежүзілік «ЭКСПО – 1925» көрмесінде өнер көрсеткеніне 100 жыл толуына орай Қалихан Жүнісовтің «Әміре» музыкалық драмасы көрерменге жол тартады.
Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Музыкалық драма жанрына тән көркемдік тәсілдер арқылы спектакль қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейге танытқан бірегей тұлғаның тағдырын сахналық тілмен сөйлетеді.
Дара өнер иесінің драмалық өмір жолы, Париж төрінде қазақ даласының үнін әлемге паш еткен тарихи сәт, сол дәуірдің зұлмат пен үрейге толы келбеті қойылымның негізгі желісіне айналған. Әміренің шығармашылығындағы биік мұрат, өнерге деген адалдық пен адамдық қасиет күрделі кезеңнің сын-тегеурінімен шебер ұштасады. Спектакльде бас кейіпкерді жас актер Оразалы Игілік сомдайды.
Қойылымның көркемдік шешімін жасауға кәсіби шығармашылық топ жұмылған:
– костюм суретшісі – Айдана Еңгебай,
– жарық бойынша суретші – Ермек Мұхтарұлы,
– дыбыс режиссері – Мерген Ажбаев.
Ұзақтығы 1 сағат 15 минут болатын бұл музыкалық драма – ұлттық өнер тарихындағы ерекше оқиғаның жаңа көзқараспен жаңғыртылған сахналық нұсқасы. Әміре Қашаубаевтың мұрасы – қазақ руханиятының алтын қазынасы, ал оның әндері – халқымыздың мәңгілік рухани үнi.
БАҚ өкілдерін премьераға қатысып, театр өнеріне ақпараттық қолдау көрсетуге шақырамыз.
Өтетін орны: Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры»
Күні: 2 желтоқсан 2025 жыл
Уақыты: 19:00
Байланыс:
БАҚ бөлімі – Әділғазы Бақытұлы: +7 707 955 76 26
Аида Мұхсымова: +7 707 409 13 65
E-mail: mtuzpressa@gmail.com, adik_1984@mail.ru
Мекенжайы: Астана қаласы, Ж.Омаров көшесі 47Б.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через