фото: pixabay.com
2025 жылғы 1 тамыздан бастап Алматы халықаралық әуежайында жаңа ресми сервис — Almaty Airport Taxi өз жұмысын бастады. Бұл жоба қала тұрғындары мен қонақтарына көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және трансферлік қызметтерге бірыңғай стандарт енгізуге бағытталған. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Алматы телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Almaty Airport Taxi сервисінің іске қосылуы — жолаушылардың жайлы, қауіпсіз және ашық қызметке деген сұранысына берілген нақты жауап. Жоба заңсыз тасымалдар мен бейресми такси қызметтерінің артуына байланысты туындаған мәселені шешуге, сондай-ақ қалаға келген алғашқы сәттен бастап оң әсер қалыптастыруға бағытталған.
Бастапқы кезеңде жолаушыларға бірыңғай заманауи стильде брендтелген 40 BYD Qin Plus электромобилі қызмет көрсетеді. Бұл көліктер экологиялық таза әрі жоғары жайлылық стандарттарына толық сай келеді. Қазіргі таңда әр көлікке бағыт көрсететін және өзекті туристік ақпаратпен жабдықталған интерактивті экрандар орнату жұмыстары жүргізілуде.

Фото: pixabay.com.
Жүргізушілер арнайы дайындықтан өтіп, жолаушылармен кәсіби деңгейде жұмыс істеуге дағдыланған. Олар терминалдан шыққан сәттен бастап межелі жерге дейін ілтипатты қызмет көрсетіп, барлық детальге мұқият көңіл бөледі. Сонымен қатар жүргізушілерге арналған бірыңғай фирмалық арнайы киім кезең-кезеңімен енгізіледі.
Тапсырыстарды динамикалық үлестіру жүйесі бойынша бөлу арқылы көлікті орта есеппен 5 минут ішінде шақыртуға болады. Жолақы бағытқа қарай үш аймаққа бөлінген тұрақты тарифтер бойынша жүзеге асырылады. Барлық шарттар ашық көрсетіледі, жасырын қосымша төлемдер жоқ. Жолақыны банктік картамен, төлем терминалы арқылы немесе QR-кодпен төлеуге болады.

Фото: pixabay.com
Жыл соңына дейін автопарк 10 бизнес-класс санатындағы көлікпен толығады. Сонымен қатар, қазан айында әрқайсысы 14 жолаушыға арналған 4 шағын автобус (шаттл) іске қосылады. Олардың әрқайсысында инклюзивті кеңістік және жүк салатын арнайы орын қарастырылған.
Almaty Airport Taxi — экологияны, заманауи технологияларды және клиентке бағдарланған қызметті үйлестіре отырып, қалалық сервистің жаңа эталонына айналмақ. Жоба алдағы уақытта да дамып, Алматы тұрғындары мен қонақтарына жайлы әрі сенімді қозғалыс мүмкіндіктерін ұсынуды жалғастырады.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через