«Желаяқ» анимациялық фильмі үлкен экранға жол тартады

«Желаяқ» анимациялық фильмі үлкен экранға жол тартады
фото: pexels.com

Бүгіннен бастап отандық «Желаяқ» анимациялық фильмі үлкен экранға жол тартады. Бұл - «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Balapan» телеарнасының төл өнімі. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұған дейін анимациялық туынды 20 бөлімнен тұратын мультхикая ретінде көрсетіліп, жоғары рейтинг жинаған. Енді ықшамдалып, толықметрлі анимациялық фильм ретінде көрермен назарына ұсынылмақ.

Шығармашылық ұжым бүлдіршіндердің көңілінен шығу үшін барын салған. Жарқын бояу, құлаққа жағымды әуен, тіпті шақырту билетіне дейін өзгеше. Ең бастысы кішкентай көреременнің танымына сай, санаға сенім ұялататын сюжет желісін сақтауға тырыстық, дейді авторлары.

Қарлығаш Әбдібаева, «Balapan» телеарнасының бас режиссері:

Әлем мультфильмдерінен бала осындай супер қаһармандарға еліктеп өседі. Оны қызықтап көргісі келеді. Сондықтан біз өз балаларымызға отандық өнім арқылы осындай супер қаһармандарды тауып берсек, осындай керемет қабілеті бар кейіпкерлерді көрсеткіміз келеді. Бұл арқылы бала өзінің ой-өрісін дамытады, қиялын ұштайды.

Толықметрлі мультфильмнің ұзақтығы 1 сағат 8 минут. Бас кейіпкер Әлем есімді бірінші сынып оқушысы. Оның ата-анасы зерттеуші ғалымдар. Тынымсыз Әлем бір күні осы ата-анасының зертханасына кіріп, күтпеген жерден суперқабілетке ие желаяққа айналады. Оқиға дәл осы отбасы төңірегінде өрбиді. Әрі қарай антогонист кейіпкерлер пайда болып, сценарий күрделене түседі. 

Самат Әлім, «Желаяқ» анимациялық фильмінің продюсері:

Әрине, бұл біріншіден тәрбие құралы. Отбасылылық құндылық деген бар. Бір-біріне деген көмектесу, достық осы ұғымдардың бәрі осы мультфильмде болады.

Бүгінге дейін «Balapan» телеарнасынан 160 мультхикая жарық көріпті. Соның ішінде көз тартар көрінісімен, тілге жеңіл тіркестері арқылы көптің есінде қалғандары да бар. Мәселен, бір ғана «Қошқар мен текенің» Youtube-тегі жалпы қаралымы 20 миллионнан асқан. Ал «Шоқан. Қашқария сапары» анимациялық фильмі үлкен экранға жол тартқан жалғыз туынды еді. Енді «Желаяқта» кинопрокатқа шығарылып, соның қатарын толықтырмақ. Бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көре аласыздар.