Алматыда "Жас Қанат" тұрғын үй кешеніндегі жүзден аса пәтерді бөлу жоспарланып отыр. Кезекте тұрғандар жылдық екі және бес пайызбен жеңілдетілген ипотека ала алады. Өтінімдерді қабылдау қашан басталады, бағдарламаға қандай пәтерлер қатысады және ең төменгі пайызбен тұрғын үй несиесіне кімдер үміткер бола алады.
Екі және бес пайыздық ипотека: Алматыда пәтерлер қай жерде беріледі?
Өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру Отбасы банк сайтында жарияланды. Кезекте тұрғандар Түрксіб ауданындағы "Жас Қанат" ТҮК-нен жылдық екі және бес пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Бұл – Алматы әкімдігі 2022 жылы салған үш тоғыз қабатты үй.
"Жас Қанат" ТҮК. otbasybank.kz скриншоты
Мұнда 105 пәтер бөлінеді:
- 60 бір бөлмелі;
- 43 екі бөлмелі;
- екі үш бөлмелі.
Шаршы метрдің құны - "эконом" класындағы тұрғын үй үшін "таза" әрлеуде 272 000 теңге.
Алматыда жеңілдетілген ипотекамен пәтер алу: өтінімді қалай беруге болады?
Өтінімдерді қабылдау 2026 жылғы 29 қазанда басталып, 9 қарашаға дейін жалғасады. Келесі күні, 2026 жылғы 10 қарашада бағдарламаға қатысушылар іріктеледі. Өтінім беру үшін тұрғын үй кезегінде тұру және Отбасы банктің салымшысы болу қажет.
"Қатысушыларды іріктеу тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қойылған күн бойынша жүзеге асырылады. Есепке қойылған күндер сәйкес келген жағдайда - Otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында қатысуға өтініш берген күн мен уақыт бойынша анықталады", - деп нақтылады Отбасы банк.
Пәтерлердің жалпы санының 70 пайызы мына санаттар арасында бөлінеді:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- жесірлер (тұл ерлер);
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;
- жетім балалар, ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалар (бұл санат пәтерлердің жалпы санының 20 пайызын алады).
Қалған 30 пайызы басқа кезекте тұрғандар арасында бөлінеді.
Өтінім беру үшін Otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталына кіру керек. Дәл осы ТҮК-ні нысан коды арқылы табуға болады: 10473
Ипотека кезекте тұрған адамның Отбасы банктегі депозитінде бастапқы жарна ретінде 10 пайыз сомасы болған жағдайда беріледі.
https://kaz.tengrinews.kz/tengri-home/