Қазақстанда психикалық денсаулық сақтау жүйесін кеңейтіп, аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға көрсетілетін көмекті жақсарту жоспарланып отыр. Жаңа кешенді жоспар аясында елімізде 81 бастапқы психикалық денсаулық орталығы мен балаларға арналған 189 күндізгі оңалту бөлімшесі ашылмақ.
Қазір республикада 20 психикалық денсаулық орталығы, 101 бастапқы орталық және 212 бейінді кабинет жұмыс істейді. Алайда жүргізілген талдау 12 өңірде қосымша орталықтар ашу қажеттігін көрсеткен. Бұл бастама, әсіресе, шалғай аудандар мен ауыл тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар психикалық денсаулық орталықтары мен аудандық ауруханалар базасында аутизмі бар балаларға арналған 189 күндізгі оңалту бөлімшесін құру көзделіп отыр. Мұндай бөлімшелер балалардың тәулік бойы стационарда жатпай-ақ, қажетті оңалту қызметтерін алуына мүмкіндік береді.
Жоспарда маман тапшылығын азайту, балалар мен ересектер психиатриясы бағытындағы кадрларды даярлауды кеңейту, медицина қызметкерлеріне қосымша әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері де қамтылған. Бұдан бөлек, медициналық ұйымдарды жаңғырту, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, амбулаториялық көмекті дамыту және дәрі-дәрмекпен қамту жүйесін жетілдіру қарастырылған.
Негізгі мақсат – психикалық денсаулыққа қатысты бұзылыстарды ерте анықтап, сапалы емдеу мен оңалтуды қолжетімді ету. Жоспарланған өзгерістер жүзеге асса, ерекше қолдауды қажет ететін балалар мен олардың отбасылары үшін медициналық көмектің мүмкіндігі кеңейе түспек.