Зейнетақы мөлшерін дұрыс есептеу үшін еңбек өтілін қалай растауға болады?

Зейнетақы мөлшерін дұрыс есептеу үшін еңбек өтілін қалай растауға болады?

Жұмысшылар мен жұмысы жоқтарға және жеке кәсіпкерлерге пайдалы ақпарат.

Соңғы бірнеше он жылдықта зейнетақы заңнамасы көп өзгеріске ұшырады. Тек бір нәрсе өзгермеді. Ол – зейнетақы мөлшерінің еңбек өтіліне тәуелділігі. 

Зейнетақының ынтымақты бөлігі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне, төлемнің базалық (мемлекеттік) бөлігі – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін және 1 қаңтардан кейін жалпы еңбек өтіліне қарай есептеледі.

Әр еңбек айы құжатпен расталуы керек және өтініш берушілердің әр санаты үшін жеке құжаттар пакеті бекітілген.

 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі бар қазақстандықтар

Бұл санатқа жалдамалы жұмыс орнында жұмыс істеген барлық азамат кіреді. Сондай-ақ, кеңес одағы кезінде кез келген жерде жұмыс істеген адамдар осы санатта. 

Егер Қазақстан азаматының еңбек өтілінің бір бөлігі ТМД-ның басқа мемлекетіне тиесілі болса, онда осы елде кәсіпорынның бар екендігін және осы кезеңдегі еңбек қызметінің фактісін растайтын мұрағат анықтамаларды сұратуға тура келеді.

Бәрі үшін басты құжат – еңбек кітапшасы. 

Еңбек кітапшасы. Бірінші жұмыс орнына қабылданған сәттен бастап ашылады және иесінің есімі, тегі, әкесінің аты өзгерген жағдайда да ауыстырмайды. Ауыстырған жағдайда келесі құжаттар бірге беріледі:

  • неке туралы куәлік;
  • ажырасу туралы куәлік;
  • тегі, аты, әкесінің есімін өзгерту туралы куәлік. 

Егер еңбек кітапшасында қандай да бір нақты ақпарат болмаса немесе түзетілсе, мемлекет келесі анықтамаларды дәлел ретінде қарастырады:

  • мемлекеттік/ведомстволық мұрағаттан анықтама;
  • жұмыс орнынан бірінші басшысының қолы мен мөрі қойылған анықтама;
  • сот шешімі. 

 Жұмыс істемегендер еңбек өтілін қалай растайды?

Мемлекет қазақстандықтардың жұмыс істемеген кезеңін еңбек өтіліне қоса алатын жағдайлар тізбесін бекітті. 

Студенттер. Жоғары оқу орны, техникум, әскери немесе өзге де училищенің күндізгі бөлімінде оқыған уақыты еңбек өтілі болып есептеледі, ол білім алғаны туралы құжатпен расталады. 

Әскери. Әскери қызмет мерзімі, оның ішінде әскерге шақырылған уақыты да еңбек өтіліне енеді. Бұл бір немесе бірнеше құжатпен расталады:

  • әскери билет;
  • қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы;
  • әскери комиссариаттан іс-қимылдарға қатысқаны туралы анықтамасы. 

Жұмыс істемейтін аналар. Баланы үш жасқа дейін бағып-қағу уақыты еңбек өтілі болып есептеледі. Жалпы кезең 12 жылдан аспауы керек. Мұны растауға келесі құжаттар қажет болады:

  • баланың туу туралы куәлігі;
  • неке немесе ажырасу туралы куәлік.

келесі құжаттар болған жағдайда:

  • балалардың орта оқу орнын бітіргені туралы аттестат;
  • арнайы орта немесе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом немесе балалардың оқуын растайтын оқу орнының анықтамасы;
  • балалардың қайтыс болғаны туралы куәлік немесе хабарлама;
  • балалардың әскери қызметте болғанын растайтын құжат. 

Әскерилердің жұбайы. Егер күйеуі/әйелінің қызмет орнында мамандық бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаса, онда бұл кезең еңбек өтілі болып есептеледі. Растау үшін уәкілетті органның анықтамасы қажет. 

Дипломаттардың жұбайы. Шетелде тұрған кезең СІМ берген тиісті құжат болған жағдайда еңбек өтіліне есептеледі. 

Жұмыс істемесе де, осы кезеңді еңбек өтілі ретінде көрсете алатын азаматтар тізімі 18 санаттан тұрады және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның 13-бабында көрсетілген.