фото: pixabay.com
Үкімет заң аясында самокаттарды пайдалануға қатысты ережелерді күшейтеді.
Заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Самокатты жалға беріп, нәпақа табатындарға жауапкершілік күшейеді, деп жазды qazaqstan.tv.
Бетін тұмшалап алғандар да заң алдында жауап береді. Енді әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулер жайлы сөз қозғасақ.
Енді бет-жүзін жасырған кез келген адам жауапкершілікке тартылады. Бірінші кезекте оларға ескерту жасалады. Ал ескертуді елемесе, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, бұл дегеніміз 40 мың теңге шамасында айыппұл салынады.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Тек көзін қалдырып, басқасын жауып тастаған жағдайда қарастырылады. Бет-әлпетін жауып тастау, адам танымастай болу – ол ниқаб деп аталады. Біздің айтып тұрғанымыз сол ниқаб. Ниқаб болмайды.
Ал медициналық маска таққандарға белгілі бір жағдайда байланысты бетін қорғау мақсатында жапқандарға заңның қатысы жоқ.

Фото: pixabay.com.
Электр самокатты жалға беретіндерге жауапкершілік күшейеді
Сондай-ақ электр самокаттарды жалға беретіндерге жауапкершілік күшейеді. Енді әрқайсының тіркеу номері болуы тиіс. Сондай-ақ жалға алушыға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге міндеттеледі. Самокатты жолдың бойына қалай болса солай қалдырып, адамдардың қозғалысына кедергі келтірсе, жалға берушіге айыппұл салынады. Ал көлік жүретін жолмен бұл құралды тізгіндеу үшін арнайы талап енгізіледі.
Яғни, әр электр самокаттың міндетті сақтандырылуы және тіркеу номері болуы қажет. Құралды тізгіндеген адамның жасы 18-ге толған және жүргізуші куәлігі болуы тиіс.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Электр самокатты көлік жүретін жолмен тізгіндегендердің міндетті түрде жүргізуші куәлігі болуы тиіс. Ал саябақ, аулада, арнайы жолақтарда тізгіндерге мұндай талап жоқ.
Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, самокат жүргізушілер көлік жүргізушілері сынды жауапкершілікке тартылады. Көлік жүргізушілеріне заңда қандай талап қарастырылған, тура сол талапқа самокат жүргізушілері де тәуелді болады. Жаңа заң жобасы Сенатқа жолданды. Ол жақта қолдау тапса, Президентке қол қоюға жіберіледі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через