Университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40%-дан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
«Жоғары білімнің деңгейі мен оған деген сұранысқа қатысты мәселелер де аз емес. 2021 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің үштен бірі еңбек нарығында сұранысқа ие болмаған. Соған қарамастан, экономиканың бірқатар саласында техникалық мамандар мен білікті жұмысшылар жетіспей жатыр», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенаттағы «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау кезінде.
Жастардың тағы бір басты мәселесі – жұмыссыздық болып отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі салыстырмалы түрде төмен, бірақ тәуелсіз ұйымдардың балама зерттеулері басқа мәліметтерді көрсетеді.
«Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы топта респонденттердің шамамен 12%-ы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40%-дан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды», - деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, М.Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.
Жұмыссыздықпен күресу бағдарламалары тиісті нәтиже бермей отыр
ЖОО мен колледждерді бітірген, бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Қағазда барлығы мінсіз, ал өмірде мүлде басқа көрініс.
Былтырғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша оқу бітірген 168 000-нан астам адамның, 110 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. ЖОО түлектерінің 31 пайызы, колледж түлектерінің 33 пайызы жұмыс таппай сандалып жүр. Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда депутат Нұртөре Жүсіп айтты.
Оның сөзіне қарағанда, жұмыссыздықпен күресу бағдарламалары тиісті нәтиже бермей отыр, өйткені қаржының басым бөлігі уақытша жұмыс орындарын құруға жұмсалады. Соңғы 5 жылда бір ғана «Еңбек» бағдарламасына 695 миллиард теңге бөлінген.
Дереккөз: ҚазАқпарат. Фото: old.vecher.kz, inform.kz, nur.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через