Жаңа көлікті қалай қайтаруға болады?

Жаңа көлікті қалай қайтаруға болады?

     Бір жігіт автосалоннан 30 шақырым жүрілген көлік сатып алып, біраз уақыттан кейін оны қайтаруды ұйғарған, алайда автосалон оны алудан бас тартты.  ҚР Сауда және интеграция министрлігі бұл туралы заңнамада не айтылғанын түсіндірді.

     2022 жылғы 12 сәуірде мен автосалонға көлікті қайтару туралы өтініш қалдырдым. Алайда ол жақтан қабылдаудан бас тартқан ресми жауап келді. Бұл көлік жүрілген депті. Бұл көлікті маған берген кезде жүріп өткен жолы 30 шақырым болған, 2022 жылғы 19 сәуірдегі жағдай бойынша көліктің жүрілген жолы 39 шақырым болды. Мен, тұтынушы ретінде, өкінішке қарай, Қазақстан Республикасының бірде-бір заңынан «пайдаланылған тауар» түсінігін таппадым, мұндай ұғым жоқ. Сондықтан да сатып алушы ретінде мен көлікті қайтарып беруге және оған төленген ақшаны қайтарып алуға құқығым бар ма, соны маған түсіндіріп беріңіздерші? – деген сұрақ қойылды.

     Министрлік өкілінің түсіндіруінше, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, автокөлік техникалық күрделі өнім болып саналады бұл техникалық күрделі ішкі құрылымы бар, азық-түлікке жатпайтын тауар.

     Заңның 30-бабында көрсетілгендей, тұтынушы техникалық жағынан күрделі тауардың елеулі кемшілігін анықтаған және ол шартты бұзу және тауар үшін төленген ақшаны қайтару туралы талап қойған жағдайда, техникалық жағынан күрделі тауарды және оның құрамдасын сатушы (дайындаушы, орындаушы) осы талапты үш жұмыс күні ішінде қанағаттандыруға міндетті.

     Тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы (дайындаушы) оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға (дайындаушыға) тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болған кезде – тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті.

     Тиісті емес сападағы тауар соған ұқсас жаңа тауарға, яғни бұрын пайдаланылмаған тауарға ауыстырылуға тиіс.

     Бұл ретте сатушы тұтынушының қойған талаптарымен келіспеген кезде сәйкестікті растау жөніндегі органдарға не сынақ зертханаларына техникалық жағынан күрделі тауардың қауіпсіздігін және (немесе) сапасын қосымша тексеруге (сараптамаға) жіберген жағдайда, техникалық жағынан күрделі тауарды қайтару немесе айырбастау жөніндегі мерзім тексеру (сараптама) жүргізілген уақытқа тоқтатыла тұрады.

     Сонымен бірге,Тауар үшін төленген ақшаны тұтынушыға қайтару кезінде сатушы (дайындаушы) одан тауардың толық немесе ішінара пайдаланылуы, оның тауарлық түрін жоғалтуы немесе басқа да осындай мән-жайлар себепті тауардың құны төмендеген соманы ұстап қалуға құқылы емес.

     Кемшіліктері бар тауарды дәл сондай маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыру кезінде бағаны қайта есептеу жүргізілмейді. Шартты бұзу кезінде тұтынушымен есеп айырысулар тауардың сатып алу кезіндегі бағасын негізге ала отырып жүргізіледі. Кемшіліктері бар тауарды басқа маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстырған кезде, егер ауыстыруға жататын тауардың бағасы ауыстырылып берілген тауардың бағасынан төмен болса, тұтынушы баға айырмашылығын төлеуге тиіс. Тұтынушы қосымша ақы төлеуден бас тартқан жағдайда тараптар шартты бұзып, тұтынушыға сатып алынған тауарға төленген ақшалай сома қайтарылады. Ауыстыруға жататын тауардың бағасы ауыстырылып берілген тауардың бағасынан жоғары болған жағдайда, баға айырмашылығы тұтынушыға төленеді. Көрсетілген есеп айырысуларда ауыстыруға жататын тауардың бағасы көтерілген жағдайда – оның талап қойылған кездегі бағасы, ал бағасы төмендеген жағдайда сатып алу кезіндегі бағасы қолданылады.