фото: https://www.youtube.com
Жадыра Жапонияда көлік сатумен айналысады
Жадыра Сембай – Моңғолияның Баян-Өлгей қаласында дүниеге келген қазақ қызы. Мектепті тәмәмдаған соң отбасымен Жапонияға қоныс аударып, жоғары білімді Токио қаласында жалғастырған. Оқи жүріп, өзінің шағын кәсібін ашып, бүгінде үлкен бизнесті дөңгелетіп отыр. 12 жылдан бері сол жақта тұрады. Моңғолияға көлік сатумен, Қазақстанға автобөлшектер тасымалдаумен айналысады. Отанынан жырақта дүниеге келіп, атамекенінен алыс жүрсе де жүрегі Қазақстан деп соғады.
Жадыра Моңғолияда 10 сыныпты бітіріп, Токиоға оқуға тапсырмақшы болғанында жергілікті тәртіп бойынша жоғары оқу орнына түсу үшін Жапонияда 11,12-сыныптарды оқуға мәжбүр болған. Оны тәмәмдағаннан кейін ғана университетке тапсыра алған.
- Алғаш келгенде жапон тілін аса білмейтінмін. Бірақ ағылшыншам жақсы еді. Сол мені алға жетелеп, күш берді. Жапонияда 2 жыл мектепте оқу міндетті болғандықтан, сол жерде жүріп жапон тілін үйрендім. Әрине, бастапқыда қиналдым. Бірақ жапон тілінің грамматикасы қазақ тілінікіне ұқсас болғандықтан, кейін тілді тез меңгеріп кеттім. Бакалавриатты саясаттану мамандығы бойынша оқып, екі бірдей магистрлік дәрежені аяқтадым. Магистратурадағы алғашқы мамандығым – қоғамдық қызмет көрсету (мұқтаж жандарға көмектесу) болса, екіншісі – бизнес және менеджмент. Ол жақта түлек мектеп бітіргеннен кейін грантқа түскісі келсе, оған әртүрлі университетке құжат тапсыруға 3 мүмкіндік беріледі. Біріншісінде түсе алмаса, қалған екі университетке бағын сынап көре алады. Егер үшеуінде де оқуға түсе алмаса, онда бұл – талапкер білімінің төмендігінің көрсеткіші болып саналады. Ал Қазақстанда бір жаманы грант бойынша бірнеше университетті таңдау мүмкіндігі бір-ақ рет беріледі. Осының салдарынан сынақтан сүрінген балалар сағы сынып, түрлі теріс жағдайларға ұшырап жатады, – дейді ол.
Жадыраның Жапониядағы алғашқы жұмысы – дәретхана жуушы болған. Айтуынша, ол жақта бұл жұмысты еңбекке жаңа араласып жатқан әр адам істейді.
Жапонияда бакалаврдың 2-ші курсында оқығанымда түрлі аукциондарға қатысады.Сол уақытта Жапониядан Моңғолияға көлік тасымалдап, Қазақстанға автобөлшектер жіберіп тұрады. Кейін өзінің жеке компаниясын ашады.
Кәсіпкердің сөзінше, Жапонияда адамдар әр әрекетін жоспарлайды. Уақытқа кесірі тимес үшін жұмыс уақытында телефон ұстамайды.
Жадыра болашақта Жапониядағы білім сапасын Қазақстанға әкелуді армандайды. Әрі қарай өмірін ағартушылық жолға арнап, көрген-білгенін өзгелерге бөлісіп, үйретсем дейді. 12 жылда жинаған тәжірибесімен бөлісетін уақыт келді деп ойлайды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через