Халық несиесіне рақымшылық жасалғанын қолдамаймын. Ғалымжан Керімбек

Халық несиесіне рақымшылық жасалғанын қолдамаймын. Ғалымжан Керімбек

Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, көпшіліктің жалақысы күнкөрісіне жетпейді. Сондықтан табысы төмен ел тұрғындары амалы таусылғандықтан  кейбір мәселесін банктен қарыз алу  арқылы  шешуге тырысады. Пәтер,  автокөлік, тұрмыстық техника сатып алу үшін кредитке жүгінеді. Мұндай топтағы адамдардың, яғни, банк алдында берешегі барлардың қатары қалың ба? Дамыған елдердың қаржы ұйымдары азаматтарына несиені қанша пайызбен береді? Бұл тақырып төңірегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, экономист  Керімбек Ғалымжан Есқараұлымен пікірлескен едік. 

-Қанша отандасымыз банкке қарыз және әрбір азамат жеке басында берешегінің бар-жоғын қалай біле алады?

- Елімізде 19 млн  адам болса, соның ішінде шамамен 8 млн азаматтың  банктерге, басқа да қаржы ұйымдарының алдында қарызы бар. Бірінші несие бюросының мәліметінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді адамдардың саны – 9,5 млн.  Олардың ішінде 1, 75 млн адам мүлде несие алмаған. Олар – 18-22 жас аралығындағы жастар мен 45 жастан асқан егде адамдар. Алайда, олардың саны біртіндеп азая берері сөзсіз. Өйткені көлік алуды, оқуды, баспана иеленуді, баспанасына жөндеу жұмыстарын жүргізуді, саяхаттауды, тіпті той-томалақ ұйымдастыруды несиемен қаржыландыру белең алып барады. Ал елімізде 7,8 млн азаматтың банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар екенін айттым.  Бұл бір жылғы бұрынғы есеп болатын. Қазір мен атап өткен көрсеткіштер шамалы өзгерсе керек. Қалай дегенмен, ел халқының тең жартысының мойнында қарызы бар.  Сарапшылар банкке несие сұрап бармас бұрын, азаматтарға және кәсіпкерлерге алдымен кредиттік тарихын біліп алуға кеңес береді. Өйткені әлдебір алаяқтар рәсімдеп қойған кредиттер есепте тұруы мүмкін. Мұны білу үшін жыл сайын немесе екі жылда бір рет өз кредиттік тарихыңызды анықтап қойыңыз.  Бұл ақпаратты egov.kz "электронды үкімет" порталы арқылы, сондай-ақ "Бірінші кредиттік бюро" агенттігінің порталы немесе "Кредиттік тарихтар бюросы" арқылы онлайн білуге болады, бұл жағдайда цифрлық электронды қолтаңбаңыз болуы шарт. Жеке куәлігіңізді алып, халыққа қызмет көрсету орталығына не "Қазпошта" бөлімшелеріне жол тартсаңыз  да болады.

- Несие алудың халықаралық тенденция екені белгілі. Дегенмен, шетелде пайыздық мөлшерлеме көлемі қандай?

-  Батыс елдерінде шағын несиеге банктен қаражат ала алмағандар, сондай-ақ құжат көрсетпей тез ақша алуды көздегендер жүгінеді. Банк секторында дамыған елдердегі жағдай мүлдем басқаша. Олар базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетуге тырысып, жеңілдетілген несие саясатын ұстайды. Мысалы, АҚШ-та доллардың пайыздық мөлшерлемесі 0,25 пайыз болса, Еуропада да сол деңгейде сақталған. Тіпті шығыстағы Жапония да қалыс қалмаған.  Базалық пайыздық мөлшерлемесі төмен елдерде алған несиенің үстінен қосып төлейтін пайызы да төмен болады. Мысалы, 2-3 пайыз көлемінде бекітіледі. Бұған жылдық инфляция деп қарайды, сөйтіп несие алу халыққа артық салмақ салмайды. Төмен пайыз болғандықтан бастапқыда алған қаражатын «бөліп төлейді». Мұндай жағдайда дамушы елдердегідей халықтың төлем қабілеті «төмен» тобымен күрес жүргізудің қажеті жоқ. Ал біздегі екінші деңгейлі банктер ұсынған несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары болғандықтан әуелде алған қарыздың үстіне екі есе қосып төлеуге тура келеді. Мысалы, банктердегі кепілсіз тұтынушылық несиенің ең төменгі жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 8,3 пайыз, орташасы – 15,7 пайыз, ең көбі – 25 пайыз. Ең төменгі пайызды көптеген банк ұсына бермейді.

 

- Кезінде депутаттар несие ставкаларын 7-8 пайызға дейін төмендету туралы үндеу жасаған еді.

- Мұндай нәтижеге жету үшін Ұлттық банк бекіткен базалық пайыздық мөлшерлемені кемінде 3-4 пайызға дейін азайту керек. Бірақ бұл амал бәрібір экономиканы оңалтуға көмектеспейді. Есіңізде болсын: базалық пайыздық мөлшерлемесі 0,25 пайыз шамасында бекітілген елдерде инфляция 1-2 пайыз болса, бізде 8-10 пайыз. Дамыған елдер тауардың құнсыздануына жол бермеуге тырысса, біз теңгенің әлсіреуімен күресіп әлекпіз. Ал «базалық пайыздық мөлшерлемесі 0,25 пайызбен жұмыс істейтін дамыған  елдердің банктері Қазақстан нарығына неге келмейді?» деген сұрақ туындаса, оған жауап дайын. Біріншіден, шетелдік банктер қазақстандықтарға төмен пайызбен несие бере алмайды. Себебі, олар Ұлттық банк бекіткен 10,25% базалық пайыздық мөлшерлемені бұза алмайды. Бәріміз білеміз, егер базалық пайыздық мөлшерлеме жоғары болса, онда белгілі дәрежеде теңгеге күш-қуат береді.  Екіншіден, дамыған елдердің банкі үшін Қазақстан халық саны аз, нарығы шағын болғандықтан тиімсіз. Базалық пайыздық мөлшерлеме тек депозит пен несие саясаты үшін емес, бүтін бір ел экономикасы үшін негізгі көрсеткіш саналады, халықтың өмір сүру деңгейін анықтайды десек қателеспеспіз. Пайыз мөлшері көбейген  сайын, қарапайым тұрғындарға несиесін дер кезінде өтеу қиынға соғады.

- Қарызын өтей алмағандарға мемлекет тарапынан рақымшылық жасалғаны дұрыс па?

- Мемлекеттің халық несиесіне рақымшылық жасағанын қолдамаймын. Егер елдің әлеуметтік осал тобына қолдау көрсетілсе, мұны дұрыс қадам деп қабылдауға болады. Бірақ бұл бастама тек бір реттік шара ретінде қарастырылуы тиіс. Қарапайым адам не үшін банктен қарыз қалады?  Біреу қымбат телефон, басқа  біреуі «200 адамға той жасаймын»  деп алады. Елдегі тұтынушылық несиенің көлемі 4 жарым трлн теңгеге жеткен көрінеді. Бұл қаражатты мемлекет жаба алмайды. Несиеге рақымшылық жасау бойынша әлемдік тәжірибе бар. Мысалы Грузия елі біздің ақшамен есептегенде халықтың 500 млрд теңгелік несиесіне рақымшылық жасаған. Кейін белгілі болғанындай, бұл қанша жылдан бері төленбей жиналып тұрған несие екен. Ал бізде рақымшылық жасалған несие көлемі 200 млрд теңге шамасында. Былтырдан бері банктер тұтынушының несие төлеу қабілетіне талапты күшейтті. Бұған дейін төлқұжаты болса несие беріле беретін. Кейін төлем қабілеті төмен азаматтар алған қарызын қайтара алмайтыны белгілі болды. Бұл қаржы мекемелерінің жағдайын қиындатпаса, пайда әкелмейді. Сол себепті, банктен қарыз алған адам қарызын төлей алатын деңгейде болуы керек. Жаңа ережеге сай талаптың қатайғанын тиімді әрі дұрыс шешім деп айтуымыз керек. Тағы бір айта кететін жайт - азаматтарға онлайн несие беруді тоқтату керек. Несие алғысы келген азамат банк мекемесіне келіп, құжаттарға қол қоюы тиіс, сонда банк алдындағы жауапкершілігін сезінеді, сондай-ақ несие алу көлемін азайтады. Жеке тұлғаларға тұтынушылық несиені тек коммерциялық банктердің бергенін құптаймын. Бұл бір жағынан азаматтардың қарызға батуына жол бермейді.

- Сонда микроқаржы ұйымдары жеке тұлғаларға несие беруді тоқтатуы керек пе?

- Иә. Олар жеке тұлғаларға несие беру қызметін тоқтату қажет. Неліктен? Себебі, қазіргі кезде микроқаржы ұйымдарынан қарыз алып, соңынан оны қайтара алмай жүрген жастар туралы естіп те, көріп те жүрміз! Қаржылық сауаттылықтың төмендігінен қиын жағдайға тап болады. Алдағы уақытта мұндайға жол бермес үшін арнайы тәртіп енгізілуі керек деп ойлаймын. Несиені тек банктер бергені жөні. Себебі екінші деңгейлі банктер кредит берер кезде клиенттің төлем қабілеттілігін тексереді, атап айтқанда басқа банктерде несиесінің бар жоғын, ай сайынғы зейнетақы жарналарының түсуін есепке алады. Қажетті құжаттарды, ке­піл­ге кемінде бір танысын белгі­леу­ді талап етеді. Күмәнді жағдай туындағанда жақын туыстарының аты-жөні мен байланыс нөмірлерін сұрайды, кредит алатыны жөнінде хабардар ертуі мүмкін. Бұл бір жағынан азаматтардың қарызға бату немесе төлей алмаудың алдын алады. Бұдан бөлек ай сайынғы жалақыңыздың көлемін, табы­сы­ңызды рас­тауыңыз қажет. Бұл шартты кез келген жас орындай алады деп ойламаймын. Ал онлайн займ беру­шілер ешқандай кепілсіз, бір ғана құжат – жеке куәлікпен-ақ аптаның кез ­келген күні, тәулік бойы шарт жасаса береді. Бұл – несие алушы үшін өте ың­ғайлы. Онлайн-несие қызметін ұсынушылар ата ананың мақұлдауын талап етпейді. Бірақ клиент өтемақыны дер кезінде жасамаса, коллекторлар арқылы баланың ата анасына, туыстарына қоңырау соғып мазалайды. Мұның соңы отбасында  ұрыс-керістің туындауына апарып соғады. Сондықтан микроқаржы ұйымдары жеке тұлғаларға несие беру қызметін тоқтатуы қажет. Қазір ғаламтордың, әлеуметтікк желілердің дамыған заманы.  Сондықтан әрбір азамат өзіне қажетті ақпаратты, кез келген сұрақтың жауабын интернеттен таба алады. Әрбір азамат қаржы ұйымдарынан ақша алатын кезде «жеті рет  өлшеп бір кесіп» дегендей, шама-шарқына қарап, содан кейін ғана шешім қабылдаса екен деймін.

- Рахмет.

Фото: liter.kz