Ұялы байланыс операторларына қойылатын талаптарды күшейту керек. Сонда ғана ауылдардағы интернет байланыс жақсара түспек. Үкімет сағатында цифрлық даму министрі Бағдат Мусин осылай деді.
Жалпы, қазіргі таңда еліміздегі 5 мың 300-ден астам елді мекенге интернет тартылған. 2024 жылдың соңына дейін оның санын 5 мың 893-ке жеткізу көзделіп отыр. Алайда тартылған интернет өз алдына, оның сапасы кей кезде сын көтермейді. Байланысты жақсарту мақсатында алдымен интернет тарату өлшемін 3G-ден 4G-ге ауыстыру қажет. Сондай-ақ жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту үшін спутниктік трансмиссияны алмастырып, желілерді жаңғырту маңызды.
Бағдат Мусин, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
– Құзыретімізді пайдаланып не істедік? Біз сапа шегін орнаттық. Бұрын ондай болмайтын. Бұрын операторлар 3G шүріппесінің жанып тұрғанын көрсетсе, тексерушілеріміз интернет істеп тұр деп есепке жаза беретін. Яғни бір мегабайт тараса болды, демек интернет бар деп саналатын. Бүгінде біз нақты өлшемдерін бекітіп, 400-ден аса тексеріс жүргізіп, 92 млн теңгеге айыппұл салдық. Депутаттар бұл ретте айыппұл мөлшерін ұлғайтуды сұрады. Біз де бұны қолдадық. Өйткені мобильді операторлардың бәрін қосқанда 92 млн теңге деген түк емес.
Мәтіндегі ақпарат туралы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через