Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша Еуропа елдерінен озып кетті

Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша Еуропа елдерінен озып кетті

фото: pixabay.com

Қазақстан мобайл интернеттің бағасы мен жылдамдығы бойынша әлемдік рейтиңде жоғары орынға шықты. Елде 1 ГБ интернеттің орташа құны шамамен 30 цент болса, байланыс жылдамдығы Канада, Италия, Испания және Ұлыбритания сияқты дамыған мемлекеттерден жоғары. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Интернет бағасы бойынша Қазақстан үздік елдердің қатарында

Broadband Genie зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда 1 ГБ мобайл интернеттің орташа бағасы шамамен 0,3 доллар болды. Бұл – әлемдік орташа көрсеткіштен төрт есе төмен. Баға бойынша республика зерттеуге енген 234 елдің арасында 53-орында тұр.

Ал Speedtest Global Index рейтиңінде мобайл интернет жылдамдығы жоғары 55 елдің ішінен Қазақстан ай сайынғы интернет құны бойынша жетінші орынға жайғасқан.

Finprom.kz дерегінше, елдегі мобайл интернеттің орташа жылдамдығы 93 Мбит/с-ке жеткен. Бұл көрсеткішпен Қазақстан әлемде 51-орында тұр. Сонымен қатар республика Канада, Италия, Испания және Ұлыбританиядан озып, ЕАЭО мен Орталық Азия елдері арасында көш бастап келеді.

Қазақстан азаматтары мобайл интернетті көп тұтынады

Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда бір мобайл абонентке шаққандағы жылдық интернет трафигі 283 ГБ болған. Ал әлемдік орташа көрсеткіш – 184 ГБ. Осылайша, Қазақстан ТМД елдерінің орташа деңгейінен де асып, мобайл интернетті ең көп тұтынатын мемлекеттердің қатарына қосылды.

Ұялы байланыс операторларының деректері де интернет тұтыну көлемінің жоғары екенін көрсетеді. Tele2 абоненттері айына орта есеппен 40 ГБ, Kcell және Activ пайдаланушылары 30,4 ГБ, ал Beeline абоненттері 22,9 ГБ интернет жұмсайды.

Сонымен қатар 2020 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін байланыс тарифтері 58,4% өскен. Осы кезеңде жалпы инфляция 86,8%, ал азық-түлік бағасының өсімі 88% болған. Демек, байланыс қызметтерінің қымбаттауы инфляция қарқынынан төмен деңгейде қалған.

 

Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды. 

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз