Ұялы байланыс нарығына жаңа оператор қосылуы мүмкін

Ұялы байланыс нарығына жаңа оператор қосылуы мүмкін

«Қазақтелеком» құрамынан бір ұялы байланыс операторы шығарылмақ. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.

«Бәскелестік орта әділетті тарифтер мен сапала интернетті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сондықтан министрлік құзырлы орган ретінде тиісті заңдарды даярлауы керек. Яғни депутаттармен талқылап, сол заңдарды қабылдау маңызды болып тұр. Осы орайда әділетті тариф болатынына сенемін», - деді Б. Мусин.

Оның айтуынша, қазіргі кезде екі оператор ғана ұялы байланыс қызметтерін ұсынып отыр.

«Біздің нарыққа басқа да операторларды кіргізу керек. Сондықтан Үкімет басшысының деңгейінде бұл мәселені талқылап, «Қазақтелеком» мен «Самұрық-Қазынаға» тиісті іс-шараларды пысықтауды талап ретінде қойдық. Яғни, бір операторды «Қазақтелекомның» ішінен шығарып, нарықтық ортада басқа бизнесмендерге беру керек екенін айтып отырмыз. Олар бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Келер жылдың басында өтетін комиссия отырысында атқарып жатқан жұмыстарын баяндайтын болады», - деді министр.

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото kznews.kz