Адам өмірі сынаққа толы. Соның бірі ретінде мектеп бітірген соң болатын ҰБТ-ны айтуға болады. Ал емтихан тапсыратын оқушы нені білуі керек? Standard.kz порталы түлектерге бірқатар кеңес ұсынады.
Қайталау – білімнің анасы
Әдетте адам күніне он мыңдаған ақпарат қабылдайды. Оның бәрі есте қалмайтыны анық. Зейін қойып оқып, жаттаған деректердің өзін қайталамасақ ұмытып қалып жатамыз. Сол себепті әр тақырыпты бірнеше қайтара оқыған абзал.
Бірнеше тіл білетін адамдардың өзі іс жүзінде сол тілдерде сөйлемесе ұмытып қалады. Осыған қарап-ақ, қайталаудың қандай маңызды екенін аңғаруға болады.
ҰБТ - басты мәселе емес
Көптеген оқушы ҰБТ-дан төмен балл алуға қорқады. Әрине, он бір жылғы білімнің көрсеткіші ретінде жақсы нәтижеге жеткенге не жетсін. Бірақ өмірдегі басты мәселе мектеп бітірген соң болатын емтихан емес. Емтиханнан төмен балл алып та, өмірде өз жолын, орнын тауып жатқандар жетіп артылады.
Басты мәселе адамның сана сезімінде. Рухани тұрғыда жоғары адам өмірде ештеңеден ұтылмайтынын ұмытпау керек.
Еңбек бәрін жеңбек
Өмірде кинодағыдай ғажайыптар бола бермейді. Сынаққа бір ай, екі ай қалғанда дайындалу ақылға қонымсыз нәрсе. Ал еңбектенген оқушы өз амал-әрекетіне қарай тиісті балын жинайды.
Сол үшін, жақсы нәтижеге жету әркімнің өз қолында. Түрлі курстарға барып, білімін шыңдаған адам ғана ҰБТ-ға сенімді түрде кіріп, жоғары балл жинай алады.
Дереккөз Bugin.kz. Фото tengrinews.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через