Тұрғын үйді онлайн рәсімдеуге болады

Тұрғын  үйді  онлайн  рәсімдеуге болады

Тұрғын  үйді  онлайн  рәсімдеуге болады

Бұдан былай Қазақстан азаматтары тұрғын үйді онлайн таңдап, онлайн рәсімдей алады. Мұндай жаңа мүмкіндікті «Отбасы банк» нарыққа шығарды. Банк әзірлеген Baspana market жаңа сервисі баспана алу процесін барынша жеңілдетіп тастаған.

Қазақстандықтар жаңа портал арқылы тұрғын үйді таңдап, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтініш беріп, банк бағдарламалары аясында құрылыс жүргізуші компанияның қолайлы нұсқаларын қарастырып немесе екінші нарықтан тұрғын үй ала алады. Азаматтар сервисті қолдана отырып нысан сипаттамасымен танысады, қолжетімді пәтер санын көре алады, сондай-ақ оның бағасы мен ішкі жоспарын біле алады. Жаңа цифрлы платформада өзіне ыңғайлы пәтерді таңдағаннан кейін бронь жасап, жеке кабинеті арқылы мәртебесін қадағалап отыруына да мүмкіндік бар.

Егер қолданушы цифрлы платформа арқылы бірінші нарықтан үй алса, онда құрылыс салушыдан консультация алу үшін онлайн-өтініш бере алады. Ал екінші нарықтан үй алғысы келсе онда пайдаланушы «Отбасы банк» арқылы несиелеу кезінде кепіл үшін өзі сай келе ме, жоқ па, соны бірден біледі. Жаңа сервис азаматтар үшін ғана емес, құрылыс жүргізушілер үшін де ыңғайлы. Baspana market-те олардың да өз кабинеті бар. Сол жерде қажетті құжаттарды жариялап, сатып алушылар үшін пәтерлер тізімін орналастырмақ. 

«Қазіргі кезде банкте 2 миллионнан астам салымшы бар. Олар келешекте баспаналы болу үшін ақша жинап жатыр. Олардың бәрі – жылжымайтын мүлік нарығындағы потенциалды сатып алушылар. Біз сол азаматтарға қолайлы болу үшін және уақыттарын үнемдеу үшін жаңа маркетплейс жасап отырмыз. Мұнда азаматтар пәтер таңдап, оны онлайн рәсімдейді. Соған қарамастан бұл жерде жылы адами қарым-қатынастар да сақталады. Адамдар көп жағдайда өмірінде бір рет ипотека рәсімдейтіндіктен оны толықтай цифрландыру қажет емес деп есептейміз. Біздің клиенттерге қолдау және жеке-жеке консультация керек. Baspana market-тегі онлайн-ипотека арқылы 10 мың займ беруді жоспарлап отырмыз» дейді «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

 

Бұл әзірге тестік режимде жұмыс істейтін пилоттық жоба. Ол бірінші және екінші нарықтан үй алғысы келетін банк клиенттері үшін қолжетімді болмақ. Әдетте адамдар мұндай несие түрін рәсімдеу үшін банк бөлімшесіне бірнеше рет баруға мәжбүр. Ал онлайн-ипотека жағдайында тек 2 рет ғана банк бөлімшесіне барады, оның өзінде займ келісімшартына қол қою кезеңінде ғана.

Салымшы сервистегі жеке кабинетінде видео-консультантпен байланысқа шығып, алдын ала төлем есебі, қажетті құжаттар тізімі, банктің несиеге қаншалықты келісім беретіні туралы ақпараттарды ала алады. Сосын клиент әрі қарай өз бетінше баспана іздеуге кіріседі, тапқан соң банк оған бағалау жүргізеді. Бағалау дайын болған кезде оператор видео байланыс көмегімен несие өтінішін рәсімдейді және клиентке оның мәртебесі туралы хабарлайды. Егер банк оң шешім қабылдаса онда оператор клиентпен келісе отырып сату-сатып алу келісімін жасасу үшін нотариусқа баратын уақытты белгілейді.  

Осы процестің бәрі сәтті аяқталған соң барып қарыз алушы қажетті құжаттарды алып банк бөлімшесіне барып, төлем графигі мен займ келісімшартына қолын қояды. 

Соңғы уақытта елімізде онлайн ипотека рәсімдеу процесі жайлы жиі естіле бастады. Осыған дейін мұндай мүмкіндікті Freedom Finance Bank-те ұсынған болатын. Банк клиенті сайтқа кіріп, ЖСН енгізген соң небәрі бір минут ішінде шешім шығады. Бөлімшеге барудың қажеті жоқ. Жалпы, пәтерді толықтай сатып алу процесі бір тәулікке созылады. Әрине, мұның бәрі процестерді жаппай цифрландырудың арқасында мүмкін болып отыр: кепілдік блокчейн технологиясын қолдана отырып онлайн түрде тіркеледі, клиенттің барлық параметрлеріне талдау жасай отыра займ беру туралы шешімді автоматты жүйе өзі қабылдайды. 

Рәсімдеудің барлық кезеңі екі тараптың да кездесуінсіз жүзеге асырыла береді. Тек нотаруис алдында сату-сатып алу келісімін жасау кезінде ғана олар жолығуы мүмкін. Бірақ банк оның өзін цифрландырмақшы. 

Банк мәліметі бойынша цифрлы ипотеканың тек Қазақстанда ғана емес, әлемде де аналогы жоқ. Freedom Finance-тың цифрлы ипотекасы 90 пайызға цифрланған. Бұл көрсеткіш Ұлыбританияда – 55, Ресейде – 50, Нидерландыда – 44, ал цифрлы технологияларды дамыту тұрғысынан мақтаулы ел саналатын Эстонияның өзінде 44 пайыз деңгейінде ғана екен. Біздің нарықтағы мұндай жаңашылдықтың салтанат құруы – тек банктің ғана жетістігі емес, цифрлық даму мен аэроғарыш өнеркәсібі және әділет министрлігінің технологияларды сәтті интеграциялауы тың бастамаға жол ашқан.

Ипотеканы цифрландыру бойынша Қазақстанның әлемде бірінші орын алуы да – жоғарыда айтылған жетістіктердің дәлелі. БҰҰ-ның арнайы зерттеуінде 193 ел қарастырылған. Онда электронды үкіметтің даму деңгейі зерделенген. Нәтижені білу үшін үш негізгі көрсеткіш ескерілген, олар – онлайн-қызметтердің сапасы, телекоммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі және адам капиталының көлемі. Бұл тұрғыда 29-орын алған Қазақстан, ипотеканы цифрландыру бойынша көш басында. Біздің елде онлайн ипотека кезеңдерінің бәрі – онлайн. Тек нотариусқа бару ғана физикалық қатысуды қажет етеді. Бір жағынан нотариус процесін онлайн атқаруға заң бойынша да тыйым салынады. Соның өзінде бүкіл процесті аяқтауға небәрі бір тәулік қана кетеді.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, келешекте ипотекалық займдардың барлығы дерлік онлайн форматқа ауысады.

«Қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктердің цифрлық сервисі клиенттердің банк бөлімшесіне барып атқаратын жұмыстарын толықтай ауыстыра алады. Сөйтіп азаматтар банкке бармай-ақ банк өнімдерін тұтынады: депозит ашу, несие алу, аударым жасау, төлемдер мен валюталық операцияларды атқару, кепілдік алу дегендей. Бұл ретте цифрлы ипотека – банк қызметтерінің онлайн форматқа ауысу миграциясының заңды жалғасы бола алмақ» дейді сарапшы.

Мәтіндегі ақпарат туралы