фото: pixabay.com
Қазақстанда әрбір бесінші ересек темекі шегеді. Десе де, соңғы жылдары темекі шегушілердің үлесі азайған.
Ұлттық статистика бюросының іріктемелі зерттеулерінің деректеріне сүйенсек, 2023 жылы сауалнамаға қатысқан ересектердің 19,4% темекі өнімін күнделікті қолданатынын айтқан. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 20,4 пайыз еді. Бұл туралы kaz.inform.kz сайты хабарлады.
Осы салыстырмалы мәнді абсолютті мәнге аударған кезде елімізде темекіқұмарлар саны 2,7 миллион екеніне көз жеткізуге болады.
Бұл дерек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Қазақстанда жүргізетін есепке жақын. ДДҰ елімізде 2,9 млн адам темекі шегеді деп есептейді.
Ұлттық статбюро мәліметі былтыр Қазақстанда темекі тұтынушылардың саны азайғанын білдіреді.
Ал күн сайын қолданылатын темекі өнімдерінің саны 0,4%-ға артқаны белгілі болды.
Алайда, бұл жерде тек темекі емес, басқа да темекі өнімдері (вейп, сигар және тағы басқалары) әсер еткенін атап өткен жөн.
Айта кету керек, сауалнама субъективті жауаптардың нәтижесіне негізделген. Мұндай деректер темекі шегушілердің көбейгенін яки азайғанын нақты көрсете алмайды.
Ал енді нақты деректерге тоқталсақ.
Global Center For Good Governance in Tobacco Control (темекіге қарсы күрес саласындағы тиісті басқарудың жаһандық орталығы) халықаралық ұйымының мәліметіне сенсек, 2023 жылы темекі бизнесінің араласу индексі бойынша Қазақстан 90 елдің ішінде 52-ші орынға тұрақтаған.
Елімізде көрсеткіш 60 балл (максималды 100 балл) болды. Ұйымның әдіснамасына сәйкес, индекс неғұрлым төмен болса, елде темекі лоббиі соғұрлым әлсіз болады және бұл денсаулық сақтау көрсеткішіне соғұрлым жақсы әсер етеді.
Темекі компанияларының темекі шегу саласындағы әлеуметтік және заңнамалық нормаларға ең аз қысым көрсету рейтингісінде Бруней (индекс 14), Жаңа Зеландия (27) және Франция (32) тұр.
Айта кетейік, бүкіл қазақстандық темекі шегушілер Үкімет темекіден болатын зиянды азайту мақсатында енгізіп жатқан шаралармен келісе бермейді.
Өткен жылы статистика жүргізген таңдамалы зерттеу нәтижесі бойынша респонденттердің тек 55%-дан астамы темекі өніміне салынатын салықты көтеруді қолдаған.
Ал, сауалнамаға қатысқандардың 24,8% салықты арттырудың қажеті жоқ деп санайды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через