Қарақат та бүлдірген сияқты, шілденің ыстығымен толысып, дөңгеленіп, тамыздың басында піседі де, сол уақытта термесең, ағып түседі. Бүлдірген тіпті ерте, көктемде толысып, жаздың алғашқы ыстықтарында ағып кетеді.
Қазір ол жердегі қарақат қараң қалыпты. Құруға айналған. Кейінгі буын қарақат тереміз деп талдарын сындырған, жапырған, жұлған, қысқасы бұта, талына қарамай бырт-бырт үзген бе, әйтеуір құрып кетудің алдына апарған. Және тамыз тумай шілденің белортасында, піспей тұрып тып-типыл қылып кететін көрінеді. Мүмкін содан тұқым шашып үлгермей ме екен, беймәлім. Осыған қарап табиғатпен үйлесе алмайтын, санасы ішіп-жеуді, молырақ қамтып қалуды ғана білетін ашкөз ұрпақ келді ме деп шошисың. Әйтпесе не көрінді?
Кезінде қарақатқа тұнып тұратын ол жерлер. Жапырақтары да бірыңғай жасыл емес, қызғылт, күреңге келіңкірейтін. Үлкендер теміржол бойындағы ағаштардың көбін Карлаг тұтқындары отырғызған дейтін. Жанды сөз. Тұтқындар жеміс ағаштарымен қоса егін, жүгері, тағы басқа дәнді дақылдардың неше атасын еккен. Небір агроном, бағбандар былай тұрсын, қай саланың болмасын жілігін шағып, майын ішкен ғалымдар отырған тұтқында. Екінші жағы – тегін жұмыс күші. Оның үстіне біз қарақат теретін Сарысу өзенінен әрі 20 шақырымдай жердегі Бұрма ауылы Карлаг-тың бір нүктесі болғаны айтылады. Маңайындағы жазық жердің бәрі терек пен тал, егістікке қар тоқтату үшін отырғызса керек.
Қарақатты тамыздың басында ыстықта теретінбіз. Қошқыл-қара, қызыл түсті, теру де оңай емес. Итшілеген еңбек. Өнбейді, күшке көнбейді. Бұта-бұтаның арасында ептеп отырғаның. Күн болса ыстық. Мөлдіреген жемісті қатты қысып жіберсең езіледі, түбінен жұлқысаң бұтасын сындырып аласың, жапырағын жұлмау керек дегендей. Олай етпеудің бәрін үлкендерден үйрендік. Сындырып, жапырағын үзіп алмауды. Бертініректе ешкім айтпайтын болғаны да, шамасы. Таң ата кіріскенде кешке дейін орта не бір шелек тересің-ау. Әлгіндей ептеп, талын қиратпай тергендіктен ол да. Әйтпесе жұлмалап, сауып-сауып алу кімнің қолынан келмесін? Ал енді сол жабайы қарақаттың тосабы бар ғой, бойға қан жүгіртіп, жан береді кеудеге. Иісі бұрқырап, кеудені ашады. Дәмінен әлдебір асаулық па, мінез байқалатын. Одан кейін тосаптың неше атасын таттық қаладан. Тәтті болғанымен, әлгіндей бір ерекшелік байқала қоймайды. Соны отап, таптап жоқ қылуға айналған жұртқа не деуге болады? Біреулердің қарақаттай мөлдір балалығы қалған сол жерде. Ол қарақат баяғыдай сыңсып тұрса, қаншама буынды қуаттандырар еді. Қаншама жанның түрлі ауруларына ем болары тағы бар. Қасиеті көп қой, көп.
«Тарта жесең тай қалар» деген қазақ. Таптай берсең, түк қалмасы осыдан байқалады.
Egemen.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через