фото: https://sputnik.kz
Шымкенттік студент ғылыми-техникалық анимация байқауында жеңімпаз атанды
Шымкенттік Юлия Шелегедина "МультПром" халықаралық ғылыми-техникалық анимация байқауында жеңімпаз болды. Қазақстан мен Ресейдің ғылыми-техникалық анимация саласындағы ынтымақтастығына арналған Мәскеу – Нұр-Сұлтан телекөпірінде байқауды ұйымдастырушылар қызды жеңісімен құттықтады.
Юлия Шелегедина байқауға "Электр желісі дегеніміз не" деген жұмысын ұсынды, онда ол электр кешенінің құрылу тарихы мен жұмыс істеу принциптері туралы айтып береді. Фильмді жасауға бір жылдай уақыт кеткен. Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілі Андрей Бабко қызға күрделі графикалық бағдарламалармен жұмыс істеуге және жоғары деңгейдегі анимациялық фильмдер жасауға мүмкіндік беретін компьютер сыйлады.
Оның тәлімгері – "Алақай" балалар студиясының жетекшісі Мақсұт Жәрімбетов те марапатталды.
"Жастармен жұмыс – біздің елдер арасында үлкен көңіл бөлу қажет ететін интеграцияның ерекше саласы. Өйткені Қазақстан мен Ресейдің жас буыны екі халықты жақындастыра түседі, бұл жастар үшін маңызды жоба деп есептеймін. Байқауға қатысушылардың географиясын кеңейту анимациялық студияларда тер төгетін және ғылыми-техникалық анимацияны жақсы көретін жас мамандардың халықаралық деңгейге шығуына мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деді телекөпір барысында Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев.
Ал Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин қазақстандық қыздың жұмысын қазылар алқасы Ресей, Қазақстан, Беларусь және Германиядан қатысқан 200-ден астам жобаның ішінен таңдап алғанын ерекше атап өтті.
Елшінің айтуынша, бүгінде елдер жастардың интеллектуалдық әлеуетін ашу үшін қолайлы жағдай жасауға көп күш жұмсап жатыр. Осы орайда ол Қазақстанда ең үздік ресейлік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланғанын еске салды.
Бейнекөпірді "От Винта!" халықаралық жастар фестивалі ұйымдастырып отыр. Оған Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігі, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі, Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілдігі, Мәскеу кәсіпкерлер қауымдастығы, сондай-ақ ОСК корпорациясы және Рособоронэкспорт қолдау көрсеткен.
"МультПром" байқауының негізгі міндеттеріне қарапайым және түсінікті анимациялық тілде өнеркәсіп пен ғылымның жетістіктерін баяндау, жас инженерлер мен конструкторлардың идеяларын, әзірлемелерін визуализациялау, сондай-ақ жастар арасында өнеркәсіптік әлеуетті насихаттау кіреді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через