Қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары қалай шешіледі?

Қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары қалай шешіледі?

Жұмыс барысында қысымға ұшырасаңыз немесе жұмыс беруші жалақыңызды беруден бас тартса, қайда арыздануға болады? Қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары қалай шешіледі? Бұл сұрақтарға заңгер Нұра Тынысқызы жауап береді. 

Азаматтар еңбек инспекторының көмегіне қандай жағдайда жүгіне алады?

Маманның сөзіне сүйенсек, Еңбек инспекциясында жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы Еңбек кодексімен реттелмейтін мәселелер қаралады. Сонымен қатар инспекция прокуратура сынды органдармен бірлесе отырып, бақылау жүргізеді.

“Еңбек кодексі "Еңбек қатынастары" және "Еңбек қауіпсіздігі" деп екіге бөлінеді. Сәйкесінше, бірінші бөлім еңбек қатынастарына байланысты өтініштерді қарайды, ал екінші бөлім қауіпсіздік сақталмауына байланысты жағдайларды да тергейді. 

Жұмысшылар бізге заңсыз қызметтен қуу, жалақыны өз уақытында төлемеу, еңбек демалысын уақытылы ұсынбау, жұмыс уақытын сақтамау, яғни жазбаша келісімсіз жұмыскерден көбірек жұмыс істеуін талап ету, себепсіз тәртіп жазасын тағайындау сынды мәселелермен жүгіне алады. Еңбек инспекторлары осы мәселелерді қарап, тексереді”, – деді Нұра Тынысқызы..

Бұған қоса ол әрбір іс жеке тексеріліп, тергеу жүргізілетінін сөз етті. 

“Түрлі жанжал болуы мүмкін. Мәселен, шартта көрсетілмеген міндеттерді жүктеу немесе жұмыскердің құқығын бұзу, жалақыны төлемеу және т.б. жағдайлар жиі орын алып жатады. Мен еңбек қызметімен байланысты қайғылы оқиғаларды тергейтін бөлімде жұмыс істеймін. Егер кеңседе, құрылыс алаңында, жұмыс барысында қайғылы оқиға орын алса, тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы анықталады. Жұмыс берушінің өз міндетін қаншалықты дұрыс атқарғаны сарапталады. Қайғылы оқиғаға кімнің кінәлі екенін тексереміз”, – деп қосты еңбек инспекторы.

 

Азаматтар Еңбек инспекциясына қалай арыз түсіре алады?

Инспектордың сөзінше, кез келген азамат өзі тұратын қаладағы Еңбек инспекциясына барып, шағым түсіре алады. Егер азаматтың инспекцияға баруға мүмкіндігі болмаса, арызды онлайн түрде жолдай алады.

“Әрине, барлығында қалаға немесе облыс орталығына баратын мүмкіндік бола бермейді. Бұл үшін eotinish.kz порталы бар. Мұнда азаматтар тек қана Еңбек инспекциясына емес, барлық мемлекеттік органдарға арыз жолдай алады. Электронды цифрлы қолтаңбаның болуы жеткілікті”. 

 

Еңбек мәселесі бойынша түскен арыз қанша уақыт қаралады?

Тұрғындардан келіп түскен кез келген өтініш заң бойынша 20 күн ішінде қаралады. Бұдан бөлек тергеу басталмас бұрын жұмыс берушіге мәселені өз араларында шешуге уақыт беріледі.

“Мәселе өзара шешілмесе, инспекция тергеу бастайды. Мән-жайды анықтау және нақты шешім қабылдау мерзімі мәселенің ауқымдылығына байланысты әртүрлі. Бірі тез шешілсе, келесісі бірнеше айға созылады. Сондықтан нақты бір мерзімді айту қиын.. 

 

Келісімшарт жасалмаған жағдайда азаматтың құқығы қалай қорғалады? 

Маман келісімшарт мүлде жасалмаса, жұмысшының сөзін растайтын басқа да дәлелдердің қаралатынын айтады. Дегенмен бұл үрдіс ұзаққа созылып кетуі мүмкін.

“Бейне бақылау камерасындағы жазбалар немесе оның сөзін басқа жұмысшының растауы есепке алынады. Алайда бұл тек сот арқылы шешіледі және бұған ұзақ уақыт қажет. Өйткені керекті құжаттар мен дәлелдер жиналады. Тіпті мессенджерде жазылған хабарламаларды жұмысшы дәлел ретінде қолдана алады. Есте сақтау керек жайт: іс сотқа жеткенімен, барлық жағдайда қызметкер жеңе бермейді”, – деп қосты заңгер.

 

Шалғай аймақта тұратын азаматтардың ісін кім қарайды? 

Көбінде елді мекендерде даулы істер  жабулы қазан күйінде қалмауы керектігін алға тартады. Бұл үшін еңбек дауына тап болған азаматтар міндетті түрде облыстық Еңбек инспекциясына жүгінуі керек. 

“Кез келген ауыл белгілі облысқа қарайды. Сондықтан шалғай аймақта еңбек мәселесі туындаса, облыстық еңбек инспекциясына шағымдана алады. Әрбір қазақстандық әр уақытта өз құқығын қорғай алуы керек”.

Әрбір қазақтандық жұмысқа орналасар кезде нені ескеруі қажет?

Маман қазіргі уақытта жұмыскерге тиісті жалақыны төлемеу үлкен мәселе болып отырғанын сөз етті. Мұның басты себебі – келісімшарт жасамау. Жұмысшылар қызметке орналасар кезде еңбек келісімін жасауды талап етпейді, бұл келешекте үлкен мәселеге әкеп соғуы мүмкін дейді ол. 

“Жаңа ұйымға еш кедергісіз, келісімшартқа қол қоймай, орналастыңыз делік. Бірақ жұмыс беруші екеуіңіздің араңызда келіспеушіліктер туындаса, ол ешқандай жазбаша бұйрықсыз, жалақы төлемей, жұмыстан шығара салады. Амалы таусылған азамат біздің көмегімізге жүгінеді. Өздерінің белгілі уақыт аралығында жұмыс істегендерін айтады. Тексере келе келісімшарттың мүлде жасалмағаны анықталады. Бұл – жұмысшының да, жұмыс берушінің де кінәсі. Жұмыс беруші осылайша салықтан жалтаруға тырысады. Ал жұмысшы өз құқығын аяқ асты етеді”, – дейді Нұра Өтебаева

Мұның арты еңбек дауына ұласады, дейді инспектор. Маманның сөзінше, мұндай жағдайда жұмыс беруші қызметкерге қанша қаражат қарыз екенін дәлелдеу қиынға соғады. 

“Келісімшарт болмаса, нақты жалақы мөлшерін қайдан білеміз? Заң тұрғысынан бекітілмегендіктен, жұмыс беруші ең төменгі жалақыға келіскенбіз деуі мүмкін. Мұндай жағдайлар да болған. Қазір төменгі жалақы мөлшері 50 000 теңге. Бастапқыда 200-300 мың теңгеге келіскенімен, қызметкер мұны дәлелдей алмайды. Соңында жұмыс беруші тек 50 000 теңге ғана төлейді. Сондықтан кез келген қазақстандық қызметке орналасар кезде жұмыс берушіден келісімшартқа отыруды талап етуі тиіс. Құжатта жалақы мөлшері міндетті түрде көрсетілуі қажет. Өйткені жұмыс берушінің келешекте салықтан жалтармайтынына, жалақыны уақытылы төлейтініне кім кепіл? Әйткен жағдайда еңбек дауында оның айтқанын дәлелдеу мүмкін болмайды”, – деп түсіндіреді заңгер..