фото: pixabay.com
Осының салдарынан келешекте миллиондаған адам теңіз деңгейінен төмен жерде тұрып, алапат тасқындар қаупіне душар болуы мүмкін. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жақында жарияланған жалпыұлттық спутниктік мәліметтерге жүгінсек, Қытайдың ірі қалаларының жартысына жуығы жерге "орташа және қатты" батудан зардап шегіп отыр. Және де бұл жағдай миллиондаған адамды тасқын қаупіне ұшыратпақ, әсіресе, теңіз деңгейі көтерілгенде.
Science журналында жарияланған мақаланың авторлары Қытайдың қалалық жерлерінің 45%-ы жылына 3 миллиметр төмендеп бара жатқанын, ал 16%-ы 10 милимметрден астам бататынын анықтады. Бұл проблемаға біріншіден ғимараттар мен тұрғындардың көбеюі (қалалардың салмағы ауырлап барады), екіншіден жер астынан судың бұрынғыдан молырақ алынуы себепші екен.
Фото inbusiness.kz.
Қытайдың қалалық халқы қазірдің өзінде 900 миллионнан асып кетендіктен, "шөгіп жатқан жердің аз ғана бөлігінің өзі қала өміріне айтарлықтай қатер төндіруі мүмкін", - дейді Оңтүстік Қытай педагогикалық университетінің Ао Зуруи бастаған зерттеушілер тобы.
Бұл бату Қытайға жыл сайын 7,5 миллиард юаньнан (1,04 миллиард доллар) астам шығын әкеліп отыр, ал келесі ғасырда жағалаудағы аудандардың төрттен біріне жуығы теңіз деңгейінен төмен болуы мүмкін. Бұның нәтижесінде жүздеген миллион адамды су басу қаупі туындайды екен.
"Бұл шынымен де Қытай үшін бір-екі жердің проблемасы емес, ұлттық мәселе екенін көрсетеді", - дейді Шығыс Англия университетіндегі Климаттың өзгеруін зерттеу жөніндегі Тиндалл орталығының ғалымы Роберт Николлс "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.
15 миллионнан астам тұрғыны бар солтүстіктегі Тяньцзинь - шөгуден ең қатты зардап шеккен қалалардың бірі. Өткен жылы мұнда 3000 тұрғын "кенеттен басталған геологиялық апаттан" кейін эвакуацияланды.
Проблема тек Қытаймен ғана шектеліп отырған жоқ. Ақпан айында жарияланған зерттеуде бүкіл әлем бойынша шамамен 6,3 миллион шаршы шақырым жерге қауіп төніп тұрғаны айтылды. Ең көп зардап шеккен елдер қатарындағы Индонезия астанасы Джакартаның үлкен бөлігі қазір теңіз деңгейінен төмен тұр.
Николлстың ойынша, осал қалалар 1970 жылдары жер асты суларын өндіруге тыйым салғанға дейін шамамен 5 мм-ге батқан Токиодан сабақ алулары керек.
"Шөгуді азайтуға өте байыпты қарау керек, бірақ сіз мұның бәрін тоқтата алмайсыз, сондықтан бұндай жағдайға бейімделуге тиіспіз", - дейді ол.
2022 жылы Сингапурда жүргізілген зерттеуге жүгінсек, жағалауларда осындай проблемадан зардап шеккен 44 ірі қаланың 30-ы Азияда орналасқан.
"Қалалардың жерге кіруіне урбанизация мен халық санының өсуі - тұрғындардың тығыз орналасуы, жер астынан судың көп алынуы себепші", - дейді Род-Айленд университетінің геофизика сарапшысы Мэтт Вэй.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через