фото: Turkystan.kz
Жадыра Байдалы әзірлейтін, саумал қосылған сабын косметика өнімдері санатына кіреді. Оның айтуынша, бұл сабын беттің әжімін кетіреді, өлі клеткаларды жояды. Сонымен қатар, бетті ағартып, денедегі жараларды емдейді.
Бие сүтінен жасалған өнімдердің адам ағзасына тигізер пайдасы зор. Кейінгі кезде бұл сусындардың денсаулыққа оң әсері туралы ғалымдар жиі айтып жүр. Түркістан аймағында колледж оқытушысы Жадыра Байдалының ұлттық сусындардан әзірлеген отандық өнімдерінің дәмін татып көрмеген адам кемде-кем шығар. Ол 1 жыл бұрын қымыздан балмұздақ, саумалдан сабын әзірлеп, көпшіліктің қызығушылығын тудырған болатын.
Түркістанның №11 колледжінде қызмет атқаратын оқытушы бұл қызық кәсіпті жүргізу идеясын «Worldkills Turkestan-2023» жарысы үшін ойлап тапқан инновациялық жобасы болған.
«Жалпы, ұлттық өнім ел ішінде әркез үлкен сұранысқа ие. Оны насихаттау, дамыту және қолдану – әр қазақтың ниеті. Менің де ұлттық өнім жасап шығаруыма, біріншіден бойымды кернеген патриотизм септігін тигізді дейді ол. Мен колледжде студенттерге «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша арнайы пәннен сабақ береді. Бірде облыс бойынша колледждер арасында ұйымдастырылған жарысқа жаңа инновациялық жобалар басымдығы бойынша бақ сынап көрген екен. Осы байқауға қатысу үшін қымыз бен саумалдан балмұздақ және саумалдан сабын әзірлеген. Нәтижесінде, 1-орын иегері атанған. Қымыздан балмұздақ жасап шығаруда ағасы, әрі әріптесі Сейтов Байғали көмектескен. Қымыздан жасалған балмұздақты сатылымға шығару туралы ұсынысты да сол айтқан. Сөйтіп, бұл өнімнің рецептін жасау, өндіру жолдарын зерттеп, кейіннен сатылымға шығара бастадым», – дейді Жадыра.
Оның айтуынша, балмұздақтың жасалу жолы анау айтқандай қиын емес. Тек балмұздақ жасайтын құрылғының саны көп болғаны маңызды екен.
«Қымыздан дайындалған балмұздақта А, В, Д, Е, ал оған жеміс-жидек қоссақ, С дәрумені бар балмұздақ болып шығады. Қажетті нәрселер: қымыз, кілегей, құрғақ сүт, қант, ванильді қант, жүгері крахмалы.
Алдағы уақытта балмұздақты басқа өніммен де жасап көру ойда бар. Қымыздан бөлек саумалдан да әзірлеймін. Оларға шоколад және грек жаңғағын, құлпынай, киви секілді жемістерді қосып істеймін», – дейді жас маман.
Айта кетерлігі, Жадыра әзірлейтін, саумал қосылған сабын косметика өнімдері санатына кіреді. Оның айтуынша, бұл сабын беттің әжімін кетіреді, өлі клеткаларды жояды. Сонымен қатар, бетті ағартып, денедегі жараларды емдейді.
«Сабын жасау технологиясын курстарға жазылып, үйрендім. Кейін химиялық қоспадан жасалған сабынның орнына саумалды күнделікті тұтып жүрген соң, саумалдан жасап көргім келді. Құрамына сабын негізі, кокос майы, саумал тұнбасы, хош иісті қоспа қосамын. Саумалдан сабынды көбінесе бетті күтіп ұстау үшін үлкен жастағы апалар сатып алады.
Айта кетейін, саумалдың құрамында адамға қажетті дәрумен мен минералдың барлығы бар. Мәселен, оның құрамында магний, фосфор, күкірт, хлор, кальций, натрий, , йод, цинк, А, B1, B2, B12, D витаминдері, дисахаридтер, лактоза бар. Саумалдың өкпе мен бауыр үшін емдік қасиеттері аңызға айналған ғой. Қаншама дәрі-дәрмек ішсе де, жазылмаған науқастар саумалды ішкен соң құлан-таза айығып кеткені туралы дәлел мен мысал жетерлік. Саумал ішу арқылы жүйке ауруларын емдеуге болады. Ол ас қорыту жүйесінің, жүрек-қан тамырлары аппаратының, жүйке жүйесі мен басқа органдардың қызметін жақсартады. Сонымен қатар, бұл сабын – косметика өнімі ретінде де бет күтімінде таптырмас құрал», – дейді кәсіпкер.
Жас оқытушы қымыз бен саумалды арнайы сатып алады екен. Айтуынша, бағасы мен жеткілкті мөлшерде көктем, жаз айларында ғана қол жетімді.
Жадыраның бұл кәсібіне қызығушылық танытып отырғандар қатары артып келеді. Тіпті, өзі білім беретін колледж студенттерінің арасында бұл істі үйренгісі келетіндер көп.
Жадыраның өнімі былтыр «Бір ауыл – бір өнім» деген атпен кәсіпкер әйелдерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған жобаның нәтижесі бойынша «Үздік 10 өнім» қатарына енген.
«Алдағы уақытта мемлекет тарапынан берілетін грант иегері атанып, өз өнімге патент алғысы келіп отыр. Одан бөлек балмұздақ шығаратын құрылғылардың санын көбейтіп, қалаларда десерт ұсынатын тамақтану орындарын ашқысы келетін ойы бар.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через