Қазақстандықтардың құқықтық сауат деңгейі өте төмен - сарапшылар

Қазақстандықтардың құқықтық сауат деңгейі өте төмен - сарапшылар

Қазіргі әлемде құқықтық сауаттылық пен мәдениет жайлы сөз болса, адам құқықтарын қорғау, нәсіліне, жынысына не басқа да белгілеріне байланысты кемсітпеу керек екені айтылып жатады. Дегенмен құқықтық мәдениет мәселесінің ауқымы кең. Құқықтық нигилизм сыбайлас жемқорлықты, ал оның салдары көлеңкелі экономиканың пайда болуына әсер етеді. Мұның бәрі мемлекеттің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Сонымен қатар адамдардың заңдар мен құқықтарын білмеуі – мемлекеттің тағдырын өзгертуі мүмкін. Өйткені оларды саяси ойындарға пайдалану өте оңай.

Бұл – тек біздің ғана емес, әлем үшін де маңызды мәселенің бірі. Дегенмен мамандардың сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы құқықтық сауаттылық проблемасы өте өзекті болып отыр. Осы тұста құқықтық сауаттың аз болуы қандай мәселелер туғызуы мүмкін, құқықтық сауаттылық неліктен маңызды, мемлекет қандай іс-шараларды қолға алуы қажет, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін не істеу керек, нені өзгерту керек деген сауалдар төңірегінде заңгер мамандармен сөйлескен едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Қазақстан заң үстемдігі индексі бойынша 66-орында

«World Justice Project» халықаралық үкіметтік емес ұйымының «Заң үстемдігі» индексі бойынша, Қазақстан 2021 жылы 66-орынға ие болды. Айта кетейік, заң үстемдігі индексі – әлем елдеріндегі құқықтық мемлекеттің қағидаттарына негізделген және құқықтық ортамен қамтамасыз етілуі жағынан жеткен жетістіктерін бағалайтын зерттеудің нәтижесі.

Жалпы индекс 8 фактор, 44 көрсеткіштен тұрады:

1. Билік институттарының өкілеттіктерін шектеу.

2. Сыбайлас жемқорлықтың болмауы.

3. Ашық үкімет.

4. Негізгі құқықтарды қорғау.

5. Тәртіп және қауіпсіздік.

6. Реттеуші құқық қолдану.

7. Азаматтық сот төрелігі.

8. Қылмыстық сот төрелігі.

Көрсеткіштердің мәні 0-ден (ең төмен) 1-ге (ең жоғары) дейінгі балл бойынша бағаланады. Өткен жылы зерттеуде бағаланған мемлекеттер саны артқан. Мәселен, 2020 жылы 128 ел болса, 2021 жылы олардың саны 139-ға жеткен.

Дания мемлекеті алты жыл қатарынан алғашқы орында келеді. Ал үздік бес мемлекеттің арасында Норвегия, Финляндия, Швеция және Германия бар.

Өткен жылғы нәтиже бойынша Қазақстан 0,52 баллмен 66-орынға ие болып, 3 позицияға жоғары көтерілді.

Бұдан біз дамыған елдерде заңның үстем болатынын, азаматтардың құқығын қорғау көрсеткіші де жоғары екенін, тәртіп пен қауіпсіздікпен қамтылғанын байқап отырмыз. Дегенмен Қазақстан Молдова (73 орын), Украина (74 орын), Беларусь (97 орын), Ресей (101 орын) сияқты елдерден алда екенін атап өткен жөн.

«Қазақстандықтардың құқықтық сауаттылық деңгейі өте төмен»

Заң үстемдігі рейтингінде Қазақстан бұрынғы кеңес үкіметі құрамында болған елдерден жоғары тұрғанымен, мұндағы адам құқығын қорғау, заң үстемдігі, жемқорлық, ашық үкімет секілді мәселелер әлі де толықтай шешілген жоқ. Осы тұста мамандар ол үшін қазақтандықтардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру керек екенін айтады. Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей, заңдар мен құқығын білмеу тек азамттардың ғана емес, мемлекет тағдырына да қауіп төндіруі әбден мүмкін.

Белгілі заңгер Сағидолла Баймұраттың сөзінше, қазіргі кезде соттың ресми істеріне қарап отырып, азаматтардың құқықтық сауаттылық деңгейіне тұжырым жасау өте қиын. Тіпті, мүмкін емес. Дегенмен ол өзі қатысқан әлеуметтік жобалардың, кеңестердің нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығы өте төмен екенін атап өтті.

«Құқықтық сауаттылықтың төмендігі қарапайым азаматтық құқықтық шарттар жасаспауымен сипатталады. Өйткені адамдар күнделікті тірлігін оңай шешем деп ойлап, қарапайым сауатты адамның жасайтын дүниелерін істемейді. Оның қатарында еңбек шарты, азаматтық, құқықтық шарттар. Мәселен, біреуден қызмет не зат сатып алатын кезде шарт жасаспайды. Ал шарт жасалмағаннан кейін құқықтық қатынастарды дәлелдеу мүмкін емес. Мысалы, астана мен Алматыда мүлікті жалға алу көрсеткіші өте жоғары. Осы бойынша да көпшілік келісімшартқа отырмайды да, кейін соның зардабын шегеді. Сондықтан қарапайым деңгейдегі жазбаша келісімшарт мәселесін көтеру керек»,-деді маман.

Ал заңгер Абзал Құспан бұл мәселеде қазақстандықтарды екіге бөліп қарастыру қажеттігін айтып өтті. «Қазақ тілді және орыс тілді орта. Салыстырып қарасақ, орыс тілді ортаның құқықтық сауаттылығы әлдеқайда жоғары, ал қазақ тілді ортаныкі төмен. Бұл мәселе өте өзекті. Мен қазақ тілді ортаның құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мәселесін көтеріп жүрмін. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қолға алып, айналыспайтын болсақ, қаңтар оқиғасы секілді жағдайлар қайталануы мүмкін. Сондықтан да қазақ тілді ортаның құқықтық сауаттылық мәселесін дереу қолға алу керек»,-дейді ол.

«Заңдар орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылады»

Сағидолла Баймұраттың айтуынша, азаматтардың ғана емес, қазақ тілінде қызмет көрсететін заң саласы мамандарының да білімі аздау, тіпті қазақ тілінде сөйлейтін сауатты заңгерлерді табу оңай емес. «Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жасалып жатқан әлеуметтік жобалар жоқ емес, бар. Бірақ олардың біреуінің де пайдасы жоқ. Мен сондай жобаның біріне қатысып, сауаттылық деңгейін арттыруға атсалысқан адам ретінде айтқым келеді. Өйткені мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат аз, мүмкін бұл мемлекетке қажет те емес шығар. Екіншіден, сапасы жоғары деңгейдегі мамандар саны да аз. Әсіресе, қазақ тілді заңгерлердің білімі мен біліктілігі көңіл көншітпейді. Сонымен қоса қазір аудандардан өз кәсібін жақсы білетін заңгер табу өте қиын. Алматы мен астанадан табуға болады, алайда өңірлерде бұл үлкен мәселенің бірі»,-деп толықтырды сөзін.

Бұл пікірмен заңгер Абзал Құспан да келіседі. Оның айтуынша да, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында көзге көрінерліктей ештеңе жасалып жатқан жоқ. «Біздегі заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардың барлығы орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне калька аударма жасалып, ұсынылады. Ал мақсатты аудитория қазақ тілді топ болса, оған калька аударма арқылы айтқысы келгенді дұрыс жеткізе алмайды. Сондай «қаны жоқ, сөлі жоқ» бағдарламаларға халық сенімсіздікпен қарайды. Бұған қазақы ортадан шыққан, қазақ тілді заңгерлерді тарту керек. Осы тұрғыдан алғанда, жасалып жатқан жұмыстарды нәтижесіз деп есептеймін. Арнайы бағдарлама қабылданып, қолға алынған да жоқ. Ал қолға алынған жобалардың бәрі көшірме. Ресейден не Еуропа елдерінен алынған. Оны бізге бейімдемей, сапасыз аударма жасап, бере салған»,-деп, ол жағдайға көңілі толмайтынын жеткізді.

«Үлкен мемлекеттік бағдарлама дайындалуы қажет»

Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты алаяқтардың саны да көбейіп кеткені жасырын емес. Барлық саланың онлайнға көшуі де алаяқтық жасау әдістерін одан сайын арттыра түсті. Ал құқықтық тұрғыдан сауатсыз адам әрине, алаяқтардың жемтігі болатын анық. Сағидолла Баймұраттың сөзінше, бұл жерде құқық қорғау органдары ғана күрес жұмыстарын жүргізе алады. «Үкімет осы жағымен жұмыс істеуі қажет. Әлеуметтік-экономикалық жағдай төмен болған сайын, қылмыс саны да көбейе береді. Бұл – ғылыми дәлелденген факт. Ал әлеуметтік жағдайды жақсартпай, қылмыс санын азайтпай, мәселені құқықтық сауаттандырумен шешем деу – адасу. Сондықтан азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту керек»,-деп атап өтті ол.

Ал Абзал Құспан халықты құқықтық жағынан сауаттандыру үшін мемлекеттік деңгейдегі үлкен бағдарлама құру қажет екенін алға тартты. «Алаяқтар мәселесі бүкіл елде бар. Оны түп-тамырымен жою мүмкін емес. Құқықтық сауатсыз адам алаяқтардың жемтігі болады. Мәселен, қаржы пирамидасын айтып өтуге болады. Мектеп, колледж және жоғары оқу орны студенттеріне құқықтық және қаржылық сауаттылық бағытында пәндерді енгізу керек. Екеуі қатар жүреді, өйткені қай жерде қаражат болады, сол жерде алаяқтық бар. Сондықтан формализмге салынбай, қоғам өкілдерін шақырып, үлкен мемлекеттік бағдарлама дайындау қажет. Әркім өзі білгенін істей бермей, бағдарлама шеңберінде оқытылуы керек»,-деп баса айтты.

«Заңдар мен құқығын білуге әр азамат өзі мүдделі болуы тиіс»

Жоғарыда атап өткеніміздей, дамушы елдерге қарағанда дамыған елдердегі адамдардың құқығын қорғау секілді мәселелер жақсы жолға қойылған. Мамандар мұның себебін халықтың да құқықтық тұрғыдан сауаттырақ болуымен түсіндіреді, яғни әр азамат өзі де мүдделі болуы тиіс. «Әлем елдеріндегі құқықтық сауаттылық деңгейі әртүрлі. Мәселен, Еуропа мен Америкада жоғары. Ол жақта кез келген мәселеге адам құқығы тұрғысынан келеді. Ал біздің посткеңестік елдерде мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарайды. Батыс елдерінде жеке адам құқығы тұрғысынан келетін болғасын, әр адам оқуға, үйренуге мүдделі. Мәселен, АҚШ-та заңгерлер саны бізден әлдеқайда көп. Алайда олар біздегідей прокурор, сот, тергеуші болайын деп емес, «өзім үшін» деген мақсатта үйренеді. Ол жақта адамдардың өздері құқықтарын білуге мүдделі. Оған өмірін өзгертетін фактор ретінде қарайды»,-деді заңгер.

Ал Сағидолла Баймұрат адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін билік басында отырғандар мен ауқатты адамдар заңға бағынуы, заң аясында жұмыс істеуі керек. «Олардың заңға бағынуы - қарапайым адамдар үшін көрсеткіш, олар да заңға бағынуға тырысады. Егер де бізде қылмыс жасаған адам босатылып кетсе, ұрлық жасаған адам жазасын тартпайтын болса, әрине, адамдар құқықтық сауатты болудың пайдасын көре алмайды. Сондықтан билік басындағы азаматтар мен қалталылар осыны түсінуі керек. Олардың іс-әрекеттері, заң аясында жауап бермеуі, жауапкершіліктен қашуы құқықтық сауаттылықты төмендетеді»,-деп түсіндірді ол.

Сонымен қоса ол еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – сот жүйесіндегі проблемаларға тоқталып өтті. Оның сөзінше, судьялардың біліктілігі төмен әрі көп жағдайда олар соттың ашық өткенін қаламайды.

«Кейбір сот процестері жабық түрде өтеді. Судьялар сот процесінде болып жатқан мәселелерді талқылауға рұқсат бергісі келмейді. Ал бұл сөз бостандығының басты мақсаты. Судьялар әділ шешім қабылдайтын болса, ешқандай журналистен қорықпаған болар еді. Біздің судьялар қорқады, демек олардың жасыратын дүниесі бар, шығарған шешімдерінің әділ екенін дәлелдей алмайды деген сөз. Сондықтан да сот жүйесімен жұмыс жасалуы керек. Журналист сотқа қатысып, ақпарат бере алуы керек. Жалған нәрсе жазып, жалған ақпарат таратса, жауапкершілікке тартылады. Ал судья әділетті шешім шығаратын болса, мәселе жоқ. Осы кезде ғана қоғам құқықтық сауаттылықтың артықшылығын түсінеді. Ал қазір біздің қоғам құқық жағынан сауатты болудың артықшылығын сезіп тұрған жоқ»,-деп баса айтып өтті.

«Заң – біздің қолымыздағы басты қару»

Заңгер Абзал Құспанның сөзінше, заңды карьера жасау үшін не басқа мақсатта емес, өз құқығыңды білу үшін үйренуіміз керек. «Заң – біздің қолымыздағы қару. Бұрын бес қаруы сай деп айтушы еді ғой, өйткені батырлар оқыстан келетін жағдайлардың бәріне дайын болуы тиіс, сол себепті де қаруын сайлайды. Мемлекет тыныш өмірді қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі біздің бес қаруымыз – заңды білу. Бізге қауіп-қатер көшедегі тентектерден келмейді, қауіп түрлі алаяқтардан, заңды меңгерген қу адамдардан келеді. Заңды құқығын білген адам – бес қаруы сай адам. Сондықтан бес қаруым сай болсын десе, әр адам заңды өзі үшін оқып, оны пайдалана білуі тиіс»,-деді ол.

Сөз соңында мамандар кез келген қарым-қатынасқа түсетін кезде оны жазбаша түрде бекітіп алуға кеңес берді. Себебі оңай жолды іздемей, жазбаша келісімшарт жасап алса, қандай да бір дау туындаған жағдайда шешімін табу оңайға түспек.

Фото: 7152.kzbsh.kz