Қазақстандықтар көлікке VIP-нөмір тағу үшін қанша ақша жұмсаған

Қазақстандықтар көлікке VIP-нөмір тағу үшін қанша ақша жұмсаған
фото: Tengrinews.kz/Турар Казангапов

2023 жылы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары жоғары сұранысқа ие 30 мыңға жуық мемлекеттік тіркеу нөмірін берді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, көлік иелері осындай нөмірлер алу үшін 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.

Қазақстандықтар 2022 жылы VIP-нөмірлерге 7 млрд теңгеден астам ақшасын қиған еді.

Бір ғана Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 248 млн 583,780 мың теңгеге сұранысы жоғары 851 дана мемлекеттік тіркеу нөмірі берілген. Шығыс Қазақстан облысында 63 млн теңгеге 217 «сәнді» нөмір сатып алынса, алматылықтар VIP нөмір үшін 2,6 млрд теңге жұмсаған.

«Қазақстанда VIP-нөмірлерді сату тәжірибесі 2014 жылы енгізілгені белгілі. Сатудан түскен қаржы ел бюджетіне түседі.

2023 жылы 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 нөмірлері ең жылдам сатылған. Әр нөмірдің бағасы 57 АЕК-ке (2024 жылы – 210 444 теңге) тең. Ең қымбат VIP-нөмірлер 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 сандары екенін атап өтуге болады. Мұндай нөмір 285 АЕК (2024 жылы – 1 052 220 теңге) тұрады. Жалпы, 2023 жылы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарында республика бойынша 3,2 миллионнан астам көлік тіркеліп, 1,1 миллион жүргізуші куәлігі берілді», - деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінен.

Дереккөз kaz.inform.kz.