Қазақстандық шебердің сүйектен жасалған ерекше туындылары әлемді таңдай қақтырды

Қазақстандық шебердің сүйектен жасалған ерекше туындылары әлемді таңдай қақтырды

                    Нұр-Сұлтан қаласы Шортанды ауданы Мәдениет үйінің суретшісі Бектас Кәрім Магаданда өткен ІІІ Халықаралық "Әлем халқының сүйек кесу өнері" фестиваліне қатысып, "Өнердегі руханият" номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды.

 

                  АҚШ, Канада, Норвегия, Қытай, Швеция, Қазақстан, Финляндия, Беларусь, Украина,  Луганская, Ресей  сынды әлемнің 12 елінен 40 шақты шеберлер қатысқан дүбірлі додада – І дәрежелі дипломмен марапатталу — үлкен дәреже екені сөзсіз. Бектас Кәрімнің сөзінше, бұл оның халықаралық деңгейдегі көрмеге бірінші рет қатысуы.

                  "Сүйектен түрлі дүниелер жасаумен кезінде біздің ата-бабаларымыз айналысқан. Күнделікті өмірде қажетті заттардың көпшілігін ағаштан жасап, оған әшекей ретінде сүйектерді көптеп пайдаланған. Қайқыбас төсек, сандық, абдыра, киім ілгіш, ыдыс-аяқ сандық секілді үйге қажетті құрал жабдықтардың бәріне қолданған. Түрлі әшекей бұйымдарды да сүйектен жасаған. Сондай-ақ, қазақ халқы малдың жауырын сүйегін ерекше қастерлеген. Қандай да бір құпияны, тылсым-сырларды ашуға, болжап білуге жауырын сүйекті қолданған. Жауырынды кез келген адам емес, бойында қасиеті бар кісілер ғана пайдаланған. Ел арасында ол адамдар жауырыншы деп аталған. Ел басқарған хандар өздерінің қасына арнайы жауырыншы адамды ұстаған. Қандай да бір шапқыншылыққа аттанар алдын жауырыншыға болжатып, қарсы жақтағы жаудың жағдайын біліп отырған. Жауырын сүйектің өзін үшке бөліп болжайтын болған", – дейді 2014 жылдан бастап ұсақ малдың және сиырдың жауырын сүйегінен түрлі туындылар жасауды қолға алған Бектас Кәрім. 

                  Магадан қаласында сүйек зергерлігі өнері айрықша дамыған. Сүйек өнері шеберлерінің басым бөлігі осы қалада тұратын көрінеді. Сүйек өнеріне айрықша көңіл бөлетін бұл аймақта "Әлем халқының сүйек кесу өнері" халықаралық фестивалі араға жыл салып тұрақты түрде өткізіліп тұрады екен. Бұл өлке шеберлері туындыларының басты ерекшелігі – теңіз морждарының сүйек тістерінен жасалатындығында дейді Бектас шебер. Сүйектің осынау түрі өзге сүйектерге қарағанда сапалы келетіндіктен де жоғары бағаланып жатады екен.

                 “Менің ұсақ малдың және сиырдың жауырын сүйегінен жасаған туындыларым елдің назарын бірден аударды. Мұндағы ерекшелік – барлық туындының жауырыннан жасалғандығында. Әр жұмысымның атауы бар. Сондай-ақ, әрбірі қазақтың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан сыр шертіп тұрады", – дейді шебер.