Walt Disney Company және Sony компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр
Мәдениет және спорт министрлігі голливудтық фильмдерді прокаттау мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, министр Дәурен Абаев киноиндустрияны дамыту мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді. Оған кинопрокат нарығына кіретін барлық отандық компания басшылары қатысты.
"Қазіргі уақытта шетелдік компаниялармен қажетті келіссөздер жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Голливудтың үш студиясы – Universal Pictures, Warner Bros. және Paramount Pictures бұрын бекітілген кестеге сәйкес қазақстандық көрермендерге өз картиналарын ұсынуды жалғастырады", - делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Бұдан бөлек, Walt Disney Company және Sony компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
"Тиісті келісімдерге қол жеткізу үшін айтарлықтай кедергілер жоқ", - дейді мамандар.
Мәдениет және спорт министрлігі келіссөздер нәтижесі мен қазақстандық кинотеатрлардың одан әрі жұмысына қатысты басқа да жаңалықтар туралы қосымша хабарланатынын жеткізді.
Айта кетері, бұған дейін Kinopark пен Kinoplexx кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаев 1 сәуірден бастап кинотеатрлар белгісіз уақытқа жабылатынын мәлімдеді. Себебі алдағы уақытта көрсетілетін кинокартиналар болмай қалуы мүмкін.
Sputnik.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через