Қазақстанда қанша қой бар?

Қазақстанда қанша қой бар?
фото: pixabay.com

Елдегі қой саны 20 миллионға жуықтайды. Оның ішінде 3 млн астамы асыл тұқымды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме эжасап хабарлайды. 

Негізінен еділбай, етті меринос, қазақтың биязы жүнді қойы сияқты тұқымдар өсіріледі. Қой етіне шетелден сұраныс зор. Сондықтан Үкімет кейінгі жылдары саланың ауған жүгін түзеуге күш салып келеді. 

Былтыр 2026 жылға дейінгі жол картасы қабылданды. Бұл құжаттың аясында шаруашылықтар санын ұлғайту, жаңа экспорттық нарықтар ашу және дайын тауар циклін қалыптастыру көзделген.

 Былтыр шаруашылықты қолдауға 23 млрд теңге қарастырылды. Мал тұқымын асылдандыру бойынша 5 түрлі субсидиялау тетігі қарастырылған. Сондай-ақ инвестициялық субсидиялау шеңберінде шаруалардың шығынының 25 пайызы өтеледі. Бұл субсидиялар бордақылау алаңдарын құруға, жүн дайындайтын цех жабдықтарын алуға және тері өңдейтін кәсіпорындарды ашуға беріледі. 

Былтыр 42 мың тоннаға жуық жүн мен 8 млн-нан астам тері өңделді. Ал қой етін консервілеуде Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. 

Қазақстандағы қой саны /2023 жыл/ 

Барлығы 19 725 254 

Кәсіпорындарда – 1 242 677 

Шаруа қожалықтарында – 10 148 270 

Халықтың қолында – 8 334 307   

Фото pixabay.com.

Былтыр 7300 тоннадан астам қой еті экспортталды. Бұл тізімде Өзбекстан көш бастап тұр. 2023 жылы ала топылы ағайын 5400 тонна ет сатып алды. Бұдан кейін Біріккен Араб Әмірліктері тұр. 

Қой етінің экспорты /2023 жыл/ 

Жалпы көлемі 7,3 мың тонна

 Өзбекстан – 5,3 мың тонна 

БАӘ – 1,3 мың тонна  

 Етінен бөлек қой тірілей де экспортталады. Бірақ 2020 жылдан бері саулық қой сыртқа шығарылмайды. Яғни экспорттауға тыйым салынды. Ал былтырдан бері еркек тоқтыны сатуға 120 мың квота берілді. Сөйтіп, былтыр Өзбекстан мен Қырғызстанға 19 мың тоқты жөнелтілді. Импортқа келсек, былтыр шаруалар 500 қойды сырттан сатып алды. Оларды мал басын асылдандыру мақсатында әкелген. Басым бөлігі альпілік қой мен дорпер тұқымдары. Десек те, қой шаруашылығына жайылым мен су тапшылығы тұсау болып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс атқарып жатыр.