Қазақстанда оқушыларға смартфон пайдалануға тыйым салына ма?

Қазақстанда оқушыларға смартфон пайдалануға тыйым салына ма?
фото: news.myseldon.com

Өз өмірін оңай қатерге тігу жастар арасында үйреншікті құбылысқа айналып бара жатыр. Сондықтан оқу орындарында тәртіпті, әсіресе телефонға қатысты тыйымды күшейту керек. Сенаторлар осындай мәселе көтеріп отыр.  

Жалпы мектеп оқушыларына 9 сыныпқа дейін телефон, смартфон ұстауға рұқсат бермеу керек. Өйткені телефоннан өзіне көрсететін қысымды түсіріп, бейнекөріністі көпке тарату, сол арқылы өзіне жеңіл абырой жинау, мақтану мақсатында пайдаланатындар бар, дейді  Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.  

Депутаттардың бұлай дабыл қағуы тегін емес. Себебі ресми статистика, жылына кемі 10 жасөспірім қатарластарының мазағына ұшыраған соң өмірімен қоштасып жатқанын көрсетіп отыр.

Бұған мысал ретінде жақында Елордада болған қайғылы жағдайды келтірсек болады. Астанада жетінші сынып оқушысы 12-ші қабаттан секіріп, ажал құшты. Қайғылы жағдай «Триумф Астана» деп аталатын көпқабатты тұрғын-үй кешенінде тіркелді. Екінші ауысымда оқитын бала мектепке бармай, өзі тұратын қабаттың балконынан секірген.

Мезгілсіз өлімге қатысты вацап мессенжерінде түрлі қауесет тарап жатыр. Жасөспірім мектепте қатарластарынан теперіш көрді деген нұсқаға жұрттың дені илануда. Ал марқұм бала оқыған мектеп басшылығы суицидке барған оқушының мінез-құлқынан ешқандай теріс әрекет байқамадық деп отыр.

Соңғы кезде болып жатқан осындай қайғылы жағдайдан кейін «Жалпы смартфонды 16 жасқа дейінгі балаларға пайдалануға тыйым салу керек пе?» деген сұрақ туындайды.

Өзге өркениетті елдер бұл мәселені қалай шешкен?

Ресейдің Оқу-ағарту министрлігі Смартфонды ұзақ уақыт пайдалану, оның ішінде мектепте пайдалану баланың психикасына теріс әсер етіп, ұйқының бұзылуына, гиперактивтілікке және психикалық белсенділіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін деп санайды. Осыған байланысты білім беру мекемелерінен қажет болған жағдайда сабақ кезінде гаджеттерді сақтауға арнайы орындар бөлу, сондай-ақ ата-аналармен бірлесе отырып, балалармен қалай қарым-қатынас жасау жолдарын талқылау ұсынылды.

Осындай ұсыныстарды әзірлеген ресейлік сарапшылар халықаралық тәжірибені де ескерді. Көптеген елде мектеп оқушыларына ұялы телефондарға тыйым салу ұзақ уақыт бойы күшінде болды және ешқандай дау тудырмады.

Еуропада тыйым салынған ба?

Франция 2010 жылы мектеп уақытында телефонды пайдалануға тыйым салған болатын, бірақ бұл талап кейін күшейтілді. 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бастауыш және орта мектеп оқушылары мектепке интернетке қосылған кез келген гаджеттерді әкелу құқығынан айырылды. Тыйым салынған заттардың тізіміне смартфондар ғана емес, смарт сағаттары бар планшеттер де кірді. Ал 15 жасқа толған мектеп оқушыларына келсек, олар ауысып жатқан лицей әкімшілігі бұл мәселені дербес шешуге құқылы.

Францияның білім министрі Жан-Мишель Бланкер түсіндіргендей, заңның басты мақсаты - балалардың оқуға зейінін аударуға және әлеуметтік желіні пайдаланбай-ақ бір-бірімен сөйлесуді үйренуге көмектесу. Сонымен қатар, ол интернетке қосылған гаджеттерді пайдалануға тыйым салу арқылы онлайн-қорқыту фактілерін азайтуға және қымбат құрылғыларды ұрлау мәселесін шешуге болатынын атап өтті. Дегенмен, бұл бастаманы барлық сарапшылар қолдаған жоқ. Көптеген сарапшылардың, соның ішінде мұғалімдердің пікірінше, бұл тыйым мектеп оқушыларының бүгінгі күні интернет басты рөл атқаратын әлемнен оқшаулануына әкеледі. Француз оқушыларына келетін болсақ, олар бұл заңды орындауға асықпайды - олар смартфондар мен әлеуметтік желілерді пайдалануды жалғастыра отырып, мұғалімдердің алдында тыйым салынған гаджеттерді «жарқыратпауға» тырысады.

Германия да мектептерде гаджеттерге тыйым салатын заң енгізуді көздеп отыр. «Kantar Public» қоғамдық пікір институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, елдің тұрғындарының 86 пайызына жуығы тұрғыны шектеулерді жақтайды. Қазіргі уақытта бұл тыйым тек Баварияда енгізілген. Германияның Ұлттық мұғалімдер одағының төрағасы Хайнц-Питер Майдингер 14 жасқа дейінгі балаларға гаджеттерді пайдалануға толығымен тыйым салу керек деп санайды, бұл негізінен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына әкелетін онлайн қорқытуларға байланысты екен.

Ұлыбританияға келетін болсақ, әр мектеп гаджеттерді пайдалануға өз бетінше тыйым сала алады. Сондықтан бұл елде бір оқу орнында телефон өзіңізбен бірге алып жүруге тыйым салынса, екінші білім ордасында оқушыларға гаджетті пайдалануға рұқсат етілген.

Голландия мектептерінде смартфондар, планшеттер мен смарт сағаттарға тыйым 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл шараларды үкімет оқушылардың дәріс барысында еш алаңдамай сабаққа аса ден қою үшін қажет деп шешкен.

Әлемдік тәжірибе

Қазіргі уақытта Әзірбайжан, Грекия, Тәжікстан, Франция мектептерінде гаджеттерді пайдалануға тыйым салынған. Канадада бұл мәселе аймақтық деңгейде шешіледі. Мысалы, Онтариода барлық мектеп ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салуды ұстанады, ал Квебекте бұл тек мемлекеттік білім беру мекемелеріне қатысты. АҚШ-қа келетін болсақ, бәрі белгілі бір штатта қолданыстағы заңнамаға байланысты. Мысалы, Массачусетс штатында бұл мәселеге мектеп әкімшілігі, ал Нью-Йоркте қала билігі жауапты.

Жаңа теxнологиялар біздің өмірімізді жеңілдеткені, еңбек өнімділігін арттырғаны шындық. Дегенмен, ата-ана ретінде смартфон, планшет сияқты құрылғылардың баларға тигізетін кері әсерін білуіміз керек.

Бүгінде кез-келген баланың қолында мобильді құрылғының жүруі қалыпты жағдайға айналып барады. Бұл мақтанарлық та, қуанардық та жағдай емес. Себебі, смартфонның кері әсері балалардың дамуын тежейтінін ғалымдар дәлелдеп отыр.

Сенаторлар көтерген мәселені үкімет қалай шешеді, оны уақыт көрсетеді.

Фото en.m.wikipedia.org. mebel-gu.ru