Қазақстанда байланыс құны әлемдегі ең төмен төлемдердің бірі саналады.

Қазақстанда байланыс құны әлемдегі ең төмен төлемдердің бірі саналады.

Нарық ережелеріне сай ол біршама жоғары болуы тиіс.

Мұндай пікірді  Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин білдірді. Оның айтуынша, арзаншылық салдарынан байланыс базалық стансаларын орнатуға инвестиция тарту процесі күрделеніп отыр. Олардың құны 100 мың долларға жетеді. Ал оларға қызмет көрсету одан да қымбатқа түседі. 

 «Экономика тұрғысынан алғанда егер сіз бизнесмен ретінде пайда табу үшін базалық станса орнатпақ болсаңыз, онда ол – тиімсіз. Егер сіз ауылға базалық станса орнатсаңыз, 200 адам 2 мың теңгеден төлейді. Ол қанша болады? Базалық станса жүздеген мың доллар болса, қызмет көрсету одан да қымбат (...). Егер экономикалық көрсеткіштерге қарасақ, нарық ережесімен жүрсек, онда олар (байланыс операторлары) бағаны көтеру керек. Ал біз оларға: «Жоқ, тоқтаңыздар. Бұл әлеуметтік мәселе» деп отырмыз», - деді Бағдат мусин Мәжіліс депутаттары мен байланыс операторлары өкілдеріне арналған ашық есік күнінде. 

Оның мәліметінше, соңғы 2-3 жылдың ішінде деректер трафигі 100 пайызға артқан. Базалық стансаның нақты бір өткізу қабілеті бар екендігін ескерер болсақ, онда трафик жылдан-жылға артып келеді. Ал TikTоk-тың кеңінен танымал болуына байланысты байланыс арналарына жүктеме де айтарлықтай арта түскен. Сондықтан да министрлік трафиктерді жіктеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. 

 «Видеотрафикке баға сәл көтерілуі тиіс. Сөйлесуге, WhatsApp-пен хат алмасуға сома аз бола берсін. Неліктен күні бойы үйінде TikTok пен YouTube көретіндер мен күні бойы базарда жұмыс істеп, бизнес жүргізетіндер бірдей 3 мыңнан төлеуі тиіс? Онда олар жеке төлесін. Өйткені олар қосымша жүктеме жасап отыр», - деді министр.

Фото: altapress.rutd1000.ru