Қазақстанда некені бұзу туралы азаматтық істер Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жиі тіркеледі, ал 3 миллионнан астам борышкер қарызын төлеуден жалтарып жүр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру басқармасының басшысы Дамиля Хамитова айтып берді.
«Мемлекетіміз балалардың дамуына, толық тәрбие алуына барлық жағдай жасап отыр. Оған тек қана мемлекеттік органдар емес, қоғам да көмектесуде. Алайда елімізде алимент төлемей, өз балаларына көмектесуден жалтарып жүргендер де бар. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, биылғы 6 айда сот неке және отбасы дауларына қатысты 23 755 азаматтық іс қарап, 22 341-ін қанағаттандырған. Оның ішінде некені бұзу туралы 18 282, алимент өндіру бойынша 1 510 азаматтық іс қанағаттандырылды», - дейді Д. Хамитова.
Ең көп некені бұзу туралы азаматтық істер Алматы қаласында (2564), Алматы облысында (2048), Нұр-Сұлтан қаласында (1604), Қарағанды облысында (1538) тіркелген. 2021 жылдың жарты жылымен салыстырғанда Алматы қаласында 8%-ға, Нұр-Сұлтан қаласында 2%-ға неке бұзу деректері артса, қалған өңірлерде ажырасу саны азайған.
«Отбасының ажырасуы кәмелетке толмаған балаларға ауыр соққы болары анық. Әкелердің өз ұрпағына қайырымсыз болуы ана мен баланың тұрмыстық жағдайын нашарлатады. Қазір республика бойынша 3 949 027 борышкер сот орындаушының есебінде тұр. Оның 133 мыңнан астамы ғана алиментті өз еркімен төлейді, қалғаны түрлі себеппен алимент төлеуден жалтаруда», - деді спикер.
Қазірге дейін алимент төлеуден жалтарып жүргендерге қатысты шет елге шығуға, банк операцияларын жасауға, шоттарындағы қаражатты пайдалануға, мүлікке тыйым салу сияқты шектеулер қойылған. Сонымен бірге, жұмыссыз борышкерлерді тұрақты түрде жұмыспен қамту шаралары қабылдануда.
«Осы тұрғыда ана мен балаға қатысты құқықбұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауапкершілігін күшейту үшін бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енді. Кей борышкерлер баланың кәмелет жасына толғанын күтіп, берешектен құтыламын деген оймен алимент төлемеуі мүмкін. Баланың кәмелет жасына толғаны борышкерді берешектен босатпайды. Ерлі-зайыптының ойлары мен мақсаттары бір арнаға тоғыспай ажырасуына бала кінәлі емес. Сол себепті, ана қолында қалған ұрпағына әкесінің моральдық, материалдық жәрдем көрсетуі – оның парызы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы – жас ұрпақ. Баланың білімді, денсаулығы мықты азамат болып өсуі үшін ата-ана некесін бұзса да, теңдей қамқорлық жасағаны абзал», - дейді Дамиля Хамитова.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через