Қазақ ғалымы NASA-мен бірге Марсты игеруге күш салып жүр
Ғалымжан Исабеков – Америкада NASA агенттігі қаржыландыратын бірнеше жобаны іске асыратын жұмыс тобына мүше ғалым. Ғылым жолына түскенге дейін жалпы медицина, сосын нейрохирургия саласы бойынша білім алып, Бейжіңдегі ауруханалардың бірінде дәрігер қызметін атқарған. Бүгінде Ғалымжан ғарыш медицинасы секілді тың салаға бет бұрып, ғарышкерлердің денсаулығын зерттеп, ғарышқа ұшудан туындаған мәселелерге сараптама жасап жүр. Алдағы уақытта Марсқа аттанатын мамандардың алаңсыз жұмыс істеуіне үлес қосқысы келетінін де жасырмайды. Сыртта жүрсе де, білген-көргенін қазақстандық оқушылармен бөлісіп жүреді.
Кентауда қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде халықаралық олимпиадаларға қатысып, шетелдік оқушылармен етене араласыпты. Сол кезде жоғары білімді шетелде алу керек екенін түсіндім дейді ол. Сол уақытта Қазақстан мен Қытай арасында мұнай ісі бойынша байланыс енді дамып жатқан кез. Сөйтіп, екеуара ынтымақтастық нәтижесінде бізге грант бөлініп, Қазақстанның әр өңірінде мектеп бітірген 14 оқушымен бірге бағы жанып, Қытайға оқуға түседі.
– Қытайда оқып жүргенде түрлі конференцияға жиі қатысыпты. Сол кезде нейрохирургияның «түбі» Америкада екеніне көзім жетеді. Келіншегіммен ақылдаса келе білімін жалғастыру мақсатында сол елге баратын болып шешеді. Алайда Америкада нейрохирургия мамандығы бойынша докторантураға түсу қиын. «Оқуға түсу үшін ешкімде жоқ бір ерекшелік болуы керек». Ойланып жүрген кезде бір күні Facebook желісінен Байқоңыр туралы жаңалықты көзі шалады. «Медицина мен ғарыш арасында байланыс бар ма екен осы?» деп ойланып, интернеттен деректер іздей бастайды. Сөйтсем, түйсігі алдамаған екен, ғарыш медицинасы деген өз алдына бөлек сала бар екеніне көз жеткізеді. Содан Мәскеуде аэроғарыш медицинасына қатысты үлкен конференция өткелі жатқанын естіп, ақша жинап, жұмыстан сұранып, Мәскеуге барады. Ол жерде мені танымайтын ғалымдар «Қайдан келген мамансың?» дегендей таңғалып, сұрайды. Оларға мұндай саланың бар екенін енді біліп жатқанын, қызығушылығы зор екенін жеткізеді. Сол конференцияға қатысқан соң көкейінде жүрген сұрақтарға жауап табады. Сосын Ұлыбританиядан келген ғалымдар «Ақыры ғарыш медицинасына қызығып жүр екенсің деп, Англиядағы біржылдық магистратураға тапсыруға кеңес береді.
Елге келіп, осы саланы бір жыл бойы терең зерттей бастайды. Алматыда ғарыш зерттеулерімен айналысатын орталыққа барып, өз ісінің білгірі саналатын мамандармен танысады. Олардың көп көмегі тиеді. Одан бөлек, интернеттен ғарыш медицинасының жілігін шағып, майын ішкен шетелдік мамандардың сабақтарын қарап, жүздеген ғылыми мақаланы ақтарып шығады. Сол арқылы бірнеше маман тауып, оларға хат жазады.
Артынша олармен байланыс орнатады. Оларға нейрохирургия секілді бэкграунды бар менің ғарыш медицинасына қызыққаным жаңалық болды. Өйткені бұл сала бойынша оқуға тапсыратын зерттеушілердің дені – басқа саланы меңгергендер. Ал бірнеше жыл бойы ауруханада жұмыс істеген дәрігердің келуі мұндай жаңа салаға екіталай. Бірақ жолым болып, ғылыми жетекшімнің қолдауымен грантқа түсіп, Флорида университетінің докторанты атандым. Қазір осында бірнеше жоба жүргіземін,-дейді ол.
Қазір біздің университеттегі жұмыс тобымен бірігіп, ғарыштағы тербеліс мәселесін шешуді қолға алып жатыр. Одан бөлек, ғарышқа ұшудан туындаған орталық жүйке жүйесінің өзгеруін қалпына келтіруді іске асыратын, NASA қаржыландыратын үлкен жобамен айналысуда. Ғарышқа барып келген ғарышкерлердің денсаулығы 10-15 жыл қадағалануы қажет. Жерге оралған соң, ғарышкердің ағзасында өзгерістер пайда болады. Ақыр аяғында түрлі мәселе туындайды. Жалпы, ғарышкердің жағдайына кері әсерін тигізетін көптеген фактор бар. Бәрінен бұрын олардың көру қабілеті нашарлауы мүмкін. Сосын ғарыш стансасындағы көмірқышқыл газының деңгейі жерге қарағанда 10 есе жоғары. Одан басқа, сүйек әлсіз болады. Себебі салмақсыздық жағдайында олар қолданылмайды. Бұлшық еттер де массасын жоғалтады. Ғарышкер біраз уақыт емделіп, жағдайын түзесе де, қартайғанда қайтадан денсаулығынан кінәрат шығуы ықтимал. Сол үшін оларды орталыққа шақырып, тексеру жүргіземіз, анализ алып, сараптама жасаймыз. Сонымен қоса NASA қаржыландыратын тағы бір жоба – жердегі жасанды ауырлықты қалпына келтіру және оның миға әсерін зерттеу ісі қолға алынды, Қазір осы жөнінде деректер жинап, сараптама жұмыстары жүргізілуде.
– Еуропалық ғарыш агенттігінің мамандары әлемнің әр бұрышында ғарыш медицинасы бойынша тәжірибе жинаған дәрігерлер, зерттеу жасаған немесе жұмыс істеген мамандардың басын қосып, Кельн (Германия) қаласында арнайы курс өткізіп тұрады. Ғалымжан биыл осы курсқа шақырту алған.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через