Қытай «ақылды» роботтар жасаудан көш бастап тұр

Қытай «ақылды» роботтар жасаудан көш бастап тұр
фото: pexels.com

Қытай адамға ұқсас робот жасаудан көш бастады.  Қазір әлемде сатылып жатқан гуманоидты автоматты құрылғылардың жартысынан астамы көршімізде шығарылады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қытайда гуманоидты, яғни адамға ұқсас робот өндірісі қарқынды дамып келеді. Былтыр әлемде салалық 160 компания тіркелсе, соның 60-ы осында жұмыс істейді. Сектордың тез дамып жатқанын мына статистика айғақтайды. Қазір жергілікті нарық 385 миллион долларға бағаланса, 4 жыл ішінде көрсеткіш 10 миллиард доллардан асады деп күтіліп отыр. 

Ли Фанбяо, Шэньчжэнь қаласы ғылым, технологиялар мен инновациялар бюросының қызметкері: - Бізге түрлі компаниялар тарапынан технологиялық қажеттіліктері бойынша ұсыныстар түседі. Біз солардың барлығын жинаймыз да, ішінен ең жиі кездесетін сұранысқа сай робот жасаймыз. Демек жай ғана автаматтандырылған құрылғылар емес, түрлі компаниялардың өнеркәсіптік қажеттілін қамтамасыз ететін роботтар жасап шығарамыз. 

Фото: pexels.com.

Қытайдың бұл бағытта жетекші орынға шығуына инвестицияның көптеп құйылуы септігін тигізген. Мемлекет тарапынан да зор қолдау көрсетіледі. Билік робототехникадағы инновациялар орталығына айналу мақсатын қойған. Бұл экономикалық өсім үшін маңызды. Өйткені мұнда демографиялық дағдарыс өршіп барады. Халықтың бестен бірі – 60-ты алқымдаған қариялар. Демек еңбекке қабілетті адам саны азайып, жұмыс күшінің тапшылығы өсіп барады. Сондықтан Қытай билігі роботтарға зор үміт артып отыр. 

Яо Маоцин, AgiBot's Embodied Intelligence компаниясының президенті: - Қытай, Жапония сияқты Азия елдерінде қарт кісі көп. Олардың жұмыс істемейтіні түсінікті. Тіпті қариялардың өзіне күтім көрсететін маман қажеттігі артып келеді. Бұл жұмысты робот атқара алады. Мысалы, қарт кісілерді көтеріп, дәретхана апарып келеді, оларға тамақ тасиды не дәрісін береді дегендей. 

Қытай тек гуманоидты емес, өзге роботтар өндірісінде де жақсы нәтиже көрсетіп отыр. 5 жыл бұрын мұнда 150 мыңдай кәсіпорын жұмыс істесе, қазір көрсеткіш жарты миллионға жуықтайды. Қытайда жасалған тамақ жеткізетін автоматты құрылғылар бүгінде әлемнің 60-тан аса елінде кеңінен қолданылады. 

Биыл бірінші тоқсанда экспорттық тапсырыс көлемі былтырмен салыстырғанда 4 есе артқан. Сосын қытайлық жүк таситын роботтарға да қызығушылық танытып жатқан шетелік компания көп. Қазір Қытайдың өзінде де сұраныс жоғары. Былтыр әлемде жарты миллионнан аса жаңа өнеркәсіптік робот пайда болса, соның тең жартысы Қытай кәсіпорындарында орнатылған екен.