Қазақстандықтар 5 елде QR-код арқылы төлем жасай алады

Қазақстандықтар 5 елде QR-код арқылы төлем жасай алады

фото: https://pixabay.com/

Бастама Тәжікстанда өткен аймақтық кездесуде талқыланған

Қазақстандықтар алдағы уақытта Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжанда өз банкінің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасай алады.

Бес елдің орталық банктері ұлттық төлем жүйелерін біріктіру туралы келісіп, жобаның тетіктерін 2026 жылдың соңына дейін әзірлеуге келісті.

Ұлттық банктің мәліметінше, бастама Тәжікстанда өткен аймақтық кездесуде талқыланған. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан орталық банктерінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында қазақстандық тараптың ұсынысы қолдау тауып, төлем жүйелерін өзара байланыстыру жолдарын пысықтау туралы шешім қабылданды.

Жүйе іске қосылған жағдайда, қазақстандықтар аталған төрт елге барған кезде тауарлар мен қызметтердің ақысын өз банкінің қосымшасы арқылы төлей алады. Ол үшін сатушы ұсынған QR-кодты сканерлеу жеткілікті болады. Яғни шетелде төлем жасау үшін бөлек қосымша жүктеудің немесе қолма-қол ақша айырбастаудың қажеті болмауы мүмкін.

Бұдан бөлек, бес елдің тұрғындары арасында жедел ақша аударымдарын жасау мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Алайда мұндай төлемдердің нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз. Қазір тараптар жүйелерді техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыдан біріктіру жолдарын талқылап жатыр.

Еске салсақ, Қазақстанда банктер арасындағы бірыңғай QR-төлем жүйесі 2026 жылғы 19 шілдеде іске қосылған. Оның көмегімен сатып алушылар дүкендегі төлемді сатушының қай банкте шоты бар екеніне қарамастан, өз банктерінің қосымшасы арқылы жасай алады.

Кездесу барысында қазақстандық делегация цифрлық теңге, биометриялық сәйкестендіру және ашық банкинг сияқты қаржы технологияларын да таныстырған. Сонымен қатар қатысушылар төлем жүйелерінің кибершабуылдардан қорғалуы, интернет-алаяқтықпен күрес және қаржы саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылаған.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз