Президенттің сұхбаты - өркендеудің бастауы

Президенттің сұхбаты - өркендеудің бастауы
фото: kstnews.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» тақырыбындағы сұқбатында қоғамды толғандыратын мәселелер туралы пікір білдірді. Соның ішінде экономика тақырыбына қатысты бірнеше мәселені атап өтті.  

«Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша Қазақ­станның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім.

Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады. Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді.

 Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады. Осы орайда негізгі екі бағытқа тоқталайын. Біріншіден, еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажет. Сондай міндеттің бірі – ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Қыркүйектегі Жолдауда Үкімет­ке мұндай жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жос­парын әзірлеу туралы тапсырма бе­рілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдері­мен, институционалды инвесторлар­мен және сарапшылармен бірге пысық­талып, нақты жұмыс жасалып жатыр. Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Бұл міндетті орын­дау­ға жекешелендіру және активтер­ді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвес­тициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген, деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

  Екінші бағыттағы жұмыс экономи­ка­ның барлық саласына қатысты «Ойын тәртібін» белгілейтін жүйелі рефор­маларды жүзеге асыру шараларын қамтиды.

 Менің тапсырмаммен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық жүйесін жетілдіргенде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмау өте маңызды. Бір жағынан, инвесторларға қолайлы жағдай жасау керек. Екінші жағынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне мән берген жөн. Яғни таразы басын тең ұстау қажет. Жаңа Бюджет кодексі де – өте маңызды құжаттың бірі. Біз «қазына қаражатына» деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу ісін және мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін жаңа заңдар елеулі рөл атқарады. Осы құжаттар мем­лекеттік сатып алу ісінің ашық болуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ экономиканы дамытуға қажет­ті қаражат қорын қалыптастыруға септігін тигізеді. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз»,- деп Президент нақты ақпараттар негізінде ойын нақты жеткізді.

Шынында, қазір Үкіметтің алдында өте маңызды тапсырмаларды жүзеге асыруы тиіс міндеттер тұр. Сонымен қатар Үкіметке «Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. Олар «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс»,- деп баса айтты. Ал енді Қазақстанның әрбір азаматына «Күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек»,-деп үндеу жариялады. Сондықтан Егеменді еліміздің әрбір азаматы «Мемлекет маған не береді» дегеннің орнына «Мен, мемлекетке не бере аламын»,- деген қағидамен Президенттің саясатын қолдап, барынша адал қызмет жасауы тиіс.

Жаңа 2024 жылда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен және жалпы халықтың қолдауымен еліміздің өркендеуі жолында көптеген айтулы бағдарламалар жүзеге асырылып, тиімді іс шаралардың орындалатына сенеміз.

 

Керімбек Ғалымжан Есқараұлы - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  доценті, экономика ғылымдарының кандидаты