Педофил алыста жүрген жоқ: Баланы педофилден қалай қорғаймыз?

Педофил алыста жүрген жоқ: Баланы педофилден қалай қорғаймыз?
фото: Bugin.kz

Кейінгі күндері елімізде педофилия жайлы жаңалық жиілеп кетті. Қоғам бұл сұмдықты болдырмау үшін педофилдерді өлім жазасына кесу, тым болмағанда, кастрациялау керек деп дабыл қағып жатыр. Бүгін біз балаларымызды қылмыскерден қалай қорғау керек, педофилді қалай тануға болады және елімізде оларға қарсы қандай заң бар екенін талдаймыз.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың алғашқы төрт айында пробация қызметінің есебінде кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық әрекеті үшін 352 адам сотталған.

2022 жылғы ресми статистикаға сәйкес, елімізде кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы мыңға жуық қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 14%-ке төмен. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтың мемлекет бойынша ең жоғарғы деңгейі Түркістан, Қарағанды және Алматы облыстарында тіркелген. Кейінгі бес жылда (2015-2022 жылдары) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс бойынша 4836 іс қозғалып, олардың 39%-ы ғана, яғни 1868 адам айыпталып, сотталған.

"Педофилия бойынша айыпталған қылмыскерлердің істері сот барысында жеңілірек баптарға ауыстырылып, жазасы да жиі жеңілдетіледі. Барлық сотталған қылмыскердің тек біреуіне ғана ең ауыр жаза тағайындалып, жиырма жылға бас бостандығынан айырылған", – дейді заңгер Қарлығаш Қожағалиева.

Құқық қорғау өкілінің айтуынша, заң бойынша педофилдерді химиялық кастрациялау қарастырылғанымен, бұл жаза іс жүзінде сот практикасында қолданылмайды.

Психологтардың пікірі мен ресми статистика жау сырттан келмейтінін дәлелдеп тұр. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, зорлық-зомбылық жасағандардың 77%-ы олардың әкесі, өгей әкесі, көршісі немесе туыстары болып шыққан.

Ал психоаналитик, психоанализ мектебінің негізін қалаған Анна Құдиярованың "Үнсіз педофилия" кітабында "Жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың 30%-ы өзі тұратын отбасы мүшесінен зорлық көрсе, 60%-ы отбасы мүшесі емес, бірақ өздері күнделікті көріп-біліп жүрген ересек адам тарапынан зорлық көреді. Жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың тек 10%-ы ғана бейтаныс адамнан зардап шегеді. Көп жағдайда зорлық-зомбылық жасаушы баланың көршісі, мұғалімі, жаттықтырушысы, діни қызметкер, музыка нұсқаушысы, бала бағушы немесе мектеп арқылы таныс адам болып шығады. Соның ішінде отбасы мүшелері тарапынан да қауіп төнеді" делінген.

Психоанализ бағытындағы практик-психолог Гүлзат Қанаттың айтуынша, педофилдер әлсіз, дәрменсіз, ерекше қолдауды қажет ететін, бірақ отбасынан ондай қамқорлық көрмейтін, ұялшақ немесе тұйық балалармен қарым-қатынас орнатуды жөн көреді. Нәтижесінде педофилдер құрбандарына қамқорлық көрсетіп, оларды ақшамен қамтамасыз етіп, ақыр соңында досына немесе тәлімгеріне айналады. Содан кейін педофил баланы порнографиялық фильмдерге немесе сондай мазмұндағы басқа да контентке қызықтырып, өзіне икемдеп, баули бастайды.

Психолог ханым ғылыми зерттеулер бойынша, педофилдердің 50%-ға жуығы социопаттық белгілері бар адам болып шыққанын айтады. Ондай адамдар қоғамда қалыптасқан ережелер мен үрдістерге бағынбайды. Сонымен қатар ол бұл үшін алаңдамайды, ұялмайды, өзін кінәлап немесе өкінбейді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау оларды тұрғылықты жері бойынша, оның ішінде интернет желісіне қосылған телекоммуникация құралдарын (байланыс құралдарын), электрон бақылау құралдарын қолдана отырып тексеріледі. 2022 жылдан бері 114 сотталған азаматқа электрон бақылау құралдары қолданылған.

Күн сайын 500 мыңға жуық педофил интернет желісінде отырады. Зерттеулерге сәйкес желідегі педофилдердің негізгі нысанасы – 12 мен 15 жас аралығындағы балалар.

"Балаңызды олардан қорғау үшін, көшеде бейтаныс адаммен таныспауын және онымен бірге подъезге, лифтке кірмеу керегін жиі айтыңыз. Егер ондай жағдай болса, бала тоқтап, сол бейтаныс адамды подъезге, лифтке өткізіп жіберсін. Ең дұрысы – бала көшеде жалғыз жүрмеуі керек", - дейді Гүлзат ханым.

Ерте жастан бастап балаңызға қоғамдық ортада өзін қалай ұстауы керек екені туралы ережелерді айтып беріңіз. Үлкендермен араласқанда дұрыс қашықтықты сақтауды үйретіңіз. Оған үлкендер тоқтатып, әңгіме айтса, тыңдамауды, қажет болған жағдайда айналасындағы адамдарды көмекке шақыруды және жоқ деп айтуды үйретіңіз. Бала өзі танитын және танымайтын адамдардың, әсересе, денесінің қай жеріне қол тигізуге рұқсат ететінін, қай жеріне қол тигізуге болмайтынын білуі керек. Бұл туралы балаңызға тым ерте жасынан бастап сурет немесе ойын түрінде түсіндіріңіз. Балаңыздың сізге күні бойы не болғанын айтып қана қоймай, бәрін айтқысы келіп тұратындай етіп тәрбиелеңіз. Педофил жаныңызда жүруі мүмкін екенін ұмытпаңыз.

Қазақпарат