COVID-19 пандемиясы салдарынан оқушылар алған білімінің орта есеппен 30-50%-ын жоғалтқан болуы мүмкін. Бұл Юнисеф мамандары зерттеуінің нәтижесі.
Қашықтан оқуға деген мәжбүрліктен білім сапасы екі жылға артта қалуы байқалады. Қызылорда облысындағы 311 мектепте оқитын 177 мыңнан астам бала қазір оқу бағдарламасын қуып жетуге тырысып жатыр. Дегенмен ұстаздар олқылықтың орнын толтыру, ұзақ процесс деп отыр.
Сала сарапшылары оқу-тоқудың қарқынды түріне көшу әсіресе бастауыш сыныптағы балалар мен бітіруші түлектерге қиынға соғып жатқанын айтады. Пандемияға дейін жүргізілген зерттеулерге сүйенген педагогтар 10 күн сабаққа бармау жылдық білім нәтижесінің 5-10%-ке төмендеуіне әкеліп соқтыратынын айтады. Енді жыл он екі ай мектепке жоламаған баланың үлгерімі қандай екенін есептей беріңіз. Ұстаз бен оқушыны табыстырған жаңа оқуы жылының алғашқы тоқсанында мұғалімдер баланы телефоннан ажырата алмай қалған. Тіпті шәкірттерінің қолына қайта кітап ұстату үшін арнайы жоба қабылданыпты.
Жанат Камитбекова, №136 мектеп-лицей директоры:
– Оқушылардың қызығушылығының төмендеп кетуі. Сол бағыттағы жұмыстарды күшейттік. Мысалы: балалар веб сервистерді, түрлі гаджеттарды пайдаланғанды жақсы көреді ғой. Тақырыпты оқып, сол тақырып бойынша гаджеттарды пайдалана отырып өз білімін тексеруіне мүмкіндік бердік. Үй тапсырмасын орындауға көмектес немесе досыңа көмектес деген жобалар жақсы іске асырылды.
Айгүл Өткелбаева, №101 мектеп-лицей директоры:
– Енді білімді бірден баланың бойында қалыптастырып, бірден беру мүмкін емес. Ол жәй келетін процесс. Сол процесті ұстаздар қауымы жалықпай еңсеруіміз керек. Қыркүйек айынан бастап бірнеше сынама тестін алдық. Сынама тест нәтижесінде оқушылардың алға деген өсу динамикасын байқап отырмыз. Сондықтан мамыр айына дейін жақсы жетістікке жетеміз деген ойдамыз.
Баяулаған оқу процесіне қалай дем беруге болады? Білім тұрғысындағы дағдарыс кезінде мектепті қалай басқару керек? Оқушылар мен қатар ұстаздар да психологиялық өзгешеліктерді бастан кешірді. Осы ретте білім берудегі импульс, менеджмент, прогресті қалпына келтіру жолдарын талқылау үшін мектеп басшылары жиын өткізді. Серіктес директорлар лигасына жиналғандар 20 бағыт бойынша жобалардың тиімділігін саралады. Әр директорға «теория, тәжірибе, іс-әрекет: жаңа көзқарастар алаңы» атты тұжырымдамалық жинақ табысталды.
Ақзира Қасымова, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Жаңа импульс беретін басқосуда басшылықтың қандай менеджер болуы керек, қалай басқару керек, қандай қателіктер бар, қандай кемшіліктерді ескеру керек деген сияқты біраз мәселелер талқыланды. Алдағы уақытта мектеп басшыларын дамытуға байланысты ұсыныстар берілді. Бұл жобалар жалғасын табатын болады. Қазірдің өзінде үлкен нәтижесін беруде.
Жаңа тақырып өтпес бұрын өткен жылғы тапсырмаларға шолу жасауға мәжбүр болған мұғалімдер үйірмелер мен қосымша сабақтар санын көбейткен. Өйткені бекітілген бағдарламадан қалмауға 6 күндік оқу күнтізбесі де жетпей жатқан көрінеді. Жалпы алғанда алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша білім сапасы облыста орта есеппен 60%-ке жетер-жетпес. Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев
Ақпарат дереккөзі
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через