Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың хабары бар ма, жоқ па? Мұғалімдердің айлығы көбейгелі бері «жұмысы» азайып бара жатыр. «Жұмысы» деген сөзді әдейі тырнақшаға алып отырмыз. Өйткені, соңғы 4-5 жылдың көлемі болды, мектеп оқушыларында «қосымша сабақ» деген пайда болған. Баланың үлгерімі нашар ма, мұғалімдері әлгі оқушының ата-анасын шақырып алады. Шақырып алады да: «Балаңыздың сабағы нашарлап кетті. Үйде қадағаламайсыздар. Уақыттарыңыз жоқ, түсінемін. Жұмыстан кейін баламның сабағына қарау мұғалім маған да қиын… Қысқасы, менде бір ой бар. Ұсыныс деп қабылдаңыздар. Бір жақсы таныс мұғалім үйінде бала күтімімен отыр. Өте білікті ұстаз. Балаңызды соған беріңіз. Мен айтып қоямын» – деп, әңгімесін қысқа қайырады. Жағдайы соншалық нашар отбасылар болмаса, баласынан ақша аяйтын ата-ана аз қазір. Келіседі. Келіспейтін басқа жол да жоқ.
Мектепте «қосымша сабақ» деген дүние пайда болғалы бері мұғалімдердің де жауапкершілігі азайып кеткен. Өйткені, сабағына үлгермей жатқан баламен әуре болуды артық шаруа көреді. Бірден қол-аяғын байлап-матап қосымшаға береді де жібереді. Ары қарай өзінің құлағы тыныш, ал анау «таныс» мұғалімі үйінде отырып ақша табады...
Жасыратыны жоқ, бүкіл қоғам улап-шулап жүріп соңғы – 34 жылдың көлемінде мұғалімдердің жалақысын көтерді. Бұрын ұзақ жылдық тәжірибесі бар, сақа мұғалімдердің өзі 40-50 мың теңге айлық алса, қазір олардың алды 1 миллион теңгеге дейін жетті. 400-500 мың теңге алатын ұстаздар әр мектепте кездеседі. 250-300 мың теңгені жұмысқа бүгін қабылданған жас ұстаз алып жүр. Соның өзін азырқанатынын қайтесің тағы?
Дұрыс! Ұстаздың еңбегі адал, алсын. Бірақ айлығы өскен адам өз ісіне де жауапкершілікпен қарауы керек қой. Айлықты мемлекеттен бала оқыту үшін алды ма, онда ата-ананың қалтасына салмақ салып, баланы қосымшаға жүгірту артық шаруа. Бала қосымшада алатын білімді мектепте мұғалімі беруі керек! Бұл – ұстаздың міндеті. Үлгермесе, сабақтан кейін алып қалып оқытсын! Оның үстіне, қосымша – балаларды психологиялық жағынан алалау. Әке-шешесі қосымшаға бере алмаған бала мұғалімінің көзіне сүйел болса, сыныптастарының алдында іштей қорланады. Ал қосымшаға барған баланың сабағы дұрысталады, ұстазы да оған құрметпен қарайды. Соның салдарынан бір сыныпты бітірген оқушылардың үлгерімі ала-құла болып шығатыны даусыз. Әрине, баланың бәрі бірдей оқымайды. Бірақ бір сыныпта, бір партада отырып оқыған оқушылардың үлгерімінде жер мен көктей айырмашылық болу – ақылға сыймайтын дүние
Zhasalash.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через