Тал бесіктен жер бесікке дейін. Салт -дәстүрді білесіз бе?

Тал бесіктен жер бесікке дейін. Салт -дәстүрді білесіз бе?
фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін білесіз бе? Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кітабында көпшілік біле бермейтін дәстүрімізге қатысты көптеген мәлімет енгізілген. Назарларыңызға осы еңбектен үзінді жариялаймыз. 

«Ағаш бесікке түскен – жер бесікке де түседі, тумақ бар жерде – өлмек те бар, ажалдан ешкім қашып құтылмайды, өлім қорқынышты емес, тірлігінде игілікті іс істемеу – қорқынышты» деп қараған қазақ халқы өлім мен өмірге саналы, ғылыми негізде қара ан.

Қысқа ғұмырында адам баласына қолдарынан келгенінше жақсылық жасап, ұрпақтарына өнер-білім, адал еңбек ету жолын үйретумен бірге, «жұмыр басты пендеге ерте ме, кеш пе бір өлім бар» екендігін ерекше ескертіп, ажалдан қорқып, үрейленудің ешқандай қажеті жоқ екендігін, керісінше, бір күндік, бір сағаттық, тіпті, бір минуттық уақытты да ғанибет біліп, тіршілікте жақсы істерді көп істеп, халыққа көп қызмет көрсетіп, жамандық атаулыдан бойды аулақ ұстап, артына өлмес еңбек, жақсы ат, тамаша хат қалдырып кетуді адамдық жəне аза маттық парыз деп ұғындырған.

«Жақсы адамның өлімі де – өнеге» деп қараған қазақ халқы, өлген адамдардың тірлігіндегі істеген істері мен көз жұмар алдында бала-шаға, бауыр-туыс, дос-жарандарына айтқан өсиеттері мен арыздасу мезгілінде айтқан ақылдарына қарап, оның қандай адам екен дігіне көз жеткізеді. Өлер алдында тірліктегі кеткен кек, өткен өшін кешіріп, ел-жұрт, туыс-туған, дос-жарандарын берекеге шақырып татуластырып, достастырып кеткен кісілерді ерекше ардақтап, олардың өлімінің өзінен үлкен адамгершілік сабақ, үлгі-өнеге алып отырған.

Қорытып айтқан да, қазақ халқы өлімді қорқынышты емес, сын деп қарайды. «Өлім қайда барасың, сынға барамын» дейтін мысал осыдан. Қазақ халқының өлім-өмір туралы көзқарастары туу, өмір сүру, өлу ісінің табиғи заңдылық екендігі сынды ақиқатты шынайы ұғынып, адамдық өмірді мəнді, мағыналы өткізіп, адамзат үшін мол е-бек сіңіріп, артына жақсы ат, өлмес еңбек қалдырып кетуге баулиды. Өлімнің өте қорқынышты емес, қайта артына мол үлгі-өнеге қалдырып, халықты береке-бірлікке шақырып кетудің болашақта жыр болар даңқты іс екендігін шынайы сезіндіреді. Адамдарды жігерлі, жалынды, үміткер болуға баулиды. Алаңдау, қорқу, үрейлену сияқты жаман əдеттерден арылтып, адамдардың қам-қайғысыз, сау-сəлемет өмірсүруіне мүмкіндік жасайды.

Артына мұра қалдыру

«Артыңа пұл қалдырғанша ұл қалдыр, бөз қалдырғанша сөз қалдыр», «артына тек байлық тастап кеткен адам – сорлы, өнеге қалдырған адам – кемеңгер», «артына өлмес еңбек қалдырған адамның өзі өлсе де аты өлмейді» деп қараған қазақ халқы, тірліктерінде ел-жұртымен халқына игі істерді көп істеп беруден сырт, арттарына мынадай мұра қалдырып кетуді азаматтық жəне адамгершілік парызымыз деп есептеген.

1. Ақыл-білімді, үлгі-өнегелі, еңбек сүйгіш адал ұрпақ. 2. Шөлге шығарған су, жол, көпір, мешіт, жетімхана, емхана. 3. Мол ақыл-білім беретін, халыққа жақсы-жаманды ұғындырып, өткен-кеткенін есіне салып, ізгілікке жетелейтін кітап. 4. Бау-бақша, саялы ағаш. 5. Жақсы ат, үлгі-тағылым.

Арыздасу

Қазақ салтында, дүниеден өтер адам «енді дəм-тұзым таусылды-ау» деген соңғы сағатында алыс-жақындағы бала-шаға, туыс-туған, дос-жарандарын шақыртып алып, олармен ең соңғы рет қоштасып, тірлігінде істеген пендешілік істерін, артық-кемін кешірулерін сұрайды. Алыс-беріс, қарыз-құрыздарын адақтайды да, ақтық өсие-тін айтады. Міне, бұл «арыздасу» деп аталады.

Арыздасуда айтылған ақтық өсиетті, айтқан өтінішті артта қалған адамдар міндетті түрде орындайды. Арыздасуға шақырылып, дүниеден өтер алдында жатқан адамның соңғы рет жүзін көріп, ақтық өсиетін ет құлақтарымен естіген туыс-туған, дос-жаран, бала-шағалары онымен бақұлдасып қоштасып, тірлік те істеген артық-кем істері болса кешіріп, «сен де біздің артық істеріміз болса кеш! Бақұл бол» деп теріс айналып, көз жастарын көрсетпей сығып алады. Сол себепті, «арыздасу» кей жерде «бақұлдасу» делінсе, кей жерде «ант-тəуба мезгілі» деп аталады.

Қазақ халқының адамгершілік пен адалдыққа беріктігі сонша, о дүниеге аттанар алдында да əрбір азаматы арттарына жақсы сөз, жарасымды өсиет қалдырып кетуді адамдық жəне азаматтық парызымыздеп қарайтындықтан, бұл дүниеден аттанған қандайда азаматтың артында жаман сөз, дау-дамай, өкпе-реніш қалмайды. Қайта, артындақалғандар оның жақсы іс-əрекеттерін үлгі-өнеге тұтып, өсиеттері негізінде бұрынғыдан да ынтымақтасып, береке-бірлік жасап, адамдық өмірді тату-тəтті өткізуге құлшынады. Мысалы, дəм-тұзы таусылуға жақындаған білікті кісілер тірлігінде кектесіп, бір-бірін көрместей болып жүрген адамдарын шақыртып алып, «жаман əдет, жат қылық менімен кетсін! Артымда қалған ел-жұрт, бала-шаға ендігі жерде тату-тəтті өтіңдер! Кеткен кек, өткен өшің болса кешір!» деп, артында қалған ел-жұртын берекеге шақырып, татуластырып кетеді.

«Арыздасу» бұл дүниеден аттанар адамның артында қалып бара жатқан ел-жұртына жан сырын ақтарып, арманын тарқатса, көңілге алған кейбір істерін өз көзінің тірісінде біржақты етіп, көңіл күйін орнықтырып, «өлім» атты ұлы сапарға армансыз аттануына мүмкіндік жасайды. Жаны қиналмай, көзі тез жұмылады, ішінде айтылмай қалған арман-дерт кетпейді. Оның артында қалған туыс-туған, дос-жарандары бұрынғыдан ары ынтымақтасып, қоғамдық қарым-қатынастарын нығайтады. Достары көбейеді, өрістері кеңейеді. Адамзат қоғамы мен тіршілік заңдылықтарын терең ұғынуларына мүмкіндікжасап, адамдарды адал, ізгі ниетті, мейірімді, қайырымды болуғабаулиды. Кеңпейіл, кешірімді болып, тыныш, орнықты, баяшат қоғам құруына негіз қалайды.

Өсиет

Өсиет – көп жасап, көпті көрген білікті қариялар мен түрлі се-бептерден ауырып-сырқап мертігіп өлім аузында жатқан адамдардың пəни дүниеде қалып бара жатқан ел-жұрт, туыс-туған, бала-шағаларына айтып кеткен ақылы мен келелі кеңесі жəне ең соңғы тапсырмасымен өтініші. Міне, бұл «өсиет» деп аталады.

Өсиет

Фото: inkaraganda.kz

Ертеде көреген, білімді адамдар көздері тірі кезде, яғни, ес-ақылы дұрыс, тілі түзу мезгілде туыс-туған, жанашыр жақындарын қасына шақырып алып өштескендері болса достастырып, өш-кектері болса кешіртіп, артта қалып бара жатқан бала-шағалары мен мал-жандарының қамын орналастырып, көз жұмғаннан кейін сүйегін кімдер ұстап, қай жерге жерлеу керектігіне дейін айтып, өсиет қалдырып кететін дəстүр болған.

«Өсиет» адамдарды адалдыққа, тектілікке, сондай-ақ, өскелең адамгершілікке баулиды, əрі достыққа, береке-бірлікке, татулыққа жетелеп, адамдар арасындағы өштік, қастық пен жауласуға т йым салады. Кісілік қарым-қатынасты жақсартып, тыныш, орнықты қоғам құруға дағдыландырады.

Атау-кере

«Енді көз жұмар шағым жетті» деген адамның «арыздасу» салтынан соң, оның бала-шаға, туыс-туғандары «ел аяғын ауырлайды» деп, хал үстінде жатқан адамды оңаша қарайды. Сондай бір сəтте ел-жұрт, бала-шағаларына арыз-арман, үміт-тілегін ақтарып тастап, көңіл күйі орныққан науқас адам сергіп, басын көтеріп, əңгіме, тіпті, əзіл-қалжың айтып, ас-су ішіп, ақырын жүріп-тұра бастайды. Дүниеден өтер адамның бұл қимылын қазақ халқы «бойжазу» деп атайды, əрі оған сол кезде ең соңғы рет «атау-кере» деп аталатын тамақ əзірлеп ішкізеді. Осы күні тілімізде қолданып жүрген «атаукереңді іш» деген қарғыс, міне, осы іске байланысты айтылған.

Көз жұмар адамға «атаукере ішкізу» адамдарды мейірімділікке, жанашырлыққа баулып, ауру-сырқау адамдарға өмірінің соңына дейін қабақ шытпай жақсы қарап, не ішіп, не жеймін десе соны əзірлеп беріп, олардың бұл дүниеден риза-қоштықпен аттануына мүмкіндік жасайды. Сонымен бірге, ауру адамдарды бағып-қаққан адамды түрлі өкініш пен күдік-күмəндардан арылтып, уайым-қайғы мен өкініштен туындайтын түрлі ауру-сырқаулардан сақтайды.

Имансу ішкізу

Көз жұмарға жақындаған адамның жарық дүниеге таласып, жан азабы мен тəн азабын қатты тартатын, тіпті, бір ұрттам су сұрап ішуге де зəру болатын кезі болады. Сондай кезде оның басы-қасында болған жанашыр жақындары мүмкіндігінше тілін калимаға келтіреді. Оған мүмкіндік болмаса, иман айтып суға дем салып, науқас адамның аузына ауық-ауық тамызып отырады. Бұл «иман су ішкізу» деп аталады.

Ал, науқас адам жан тапсырса, имансу берген адам білген иманын айтып, көзін сипап жұмдырып, қол-аяғын созып, шалқасынан түзу жатқызып, жағын ақ дəкемен таңып, бетін жауып қояды. Сол кезде үйдегі бала-шаға, туыс-туғандары дауыс салып жылайды. Дауысты естіген көрші-қолаң, туыс-туғандары дереу келіп, марқұмның бала-шағалары мен көрісіп, көңіл айтады. Қаралы үйдің жөн көрсетуі мен дереу жан-жаққа хабаршы шаптырады. Одан соң, ауылдан іскер, пысық бір адам марқұмның артқы жұмыстарын басқару ісіне жауапты болып, туыс-туғандарына қаралы хабарды жеткізу, көңіл айта келгендерді орналастыру, қабір қаздыру, сүйекті жудыру, кебіндеп қойдыру, сондай-ақ, жерлеуге, сүйекке түсуге қатысты алым-берім істері мен марқұмның жеті-нəзірі өткенге дейінгі барлық ісін басқарып, жөнге салып отырады.

Марқұмның əйелі мен қыз-қырқын, келін-кепшіктері үйде қораланып отырып, күндіз-түні жоқтау айтады. Ал, еркек кіндікті бала-шаға, туыс-туғандары есік алдында қаз-қатар тізіліп тұрып, «ой, бауырымдап», келгендермен көріседі.

«Имансу ішкізу» көз жұмғалы қиналып жатқан адамның о дүние жұмаққа деген сенімін арттырып, жанының қиналмай тезірек шығуына мүмкіндік жасайды. Себебі, қазақ ұғымында көз жұмар кезде «имансудан татқан адам жұмаққа барады» дейтін наным бар. Сондықтан да, жаны қиналып не қыларын білмей жатқан адам «имансудан» татқан соң, бұл өмірден мүлде күдер үзіп, болашақ жұмаққа тезірек кетсем екен деп, іштей əзірлене бастайтындықтан, жаны қиналмай тез шығады.

Оң босағаға салу

Қалыптасқан салт бойынша, адам қайтыс бола салысымен жағын таңып, қол-аяғын түзеп, дереу арнаулы үй, шатыр тігіп немесе оңаша бір үйге алып шығып сақтайды. Ондай арнаулы үй тігуге жағдайы келмесе, марқұмның жатқан үйіндегі азық-түлік, шыны-аяқ түгел сыртқа шығарылып əкетіледі де, марқұмды жерлегенше сонда жатқыза тұрады.

Қазақ халқының қайтыс болған адамды қалай жатқызып, сүйегін қалай сақтауының да өзіндік жол-жосыны бар. Мысалы, қайтыс болған адамды үйдің оң жақ босағасына басын солтүстікке, бетті (жүзін) құбылаға қаратып, астына төсеніш төсеп, шалқасынан түзу жат қызады да, үстіне жеңіл, жұқа мата жауып, шымылдық тартып, көзден көлегейлеп тастайды. Міне, бұл «оң босағаға салу (жатқызу)» делінеді. Əдетте, жеті-нəзірі өткенше марқұм болған кісінің бала-шағаларымен тіке туыстары қазан-аяққа араласып ас-су əзірлемейді. Тек көңіл айта келгендермен көрісіп, жоқтау айтып отырады. Алыс-жақыннан көңіл айта келгендерді күту көрші-қолаң, құда-жегжаттарының міндеті болады.

Дəрет суын беру

Қайтыс болған адамды оң босағаға салар алдында туыс-туған, бала-шағаларынан жөн білетін үш-төрт адам марқұмның үстіндегі киімдерін жыртып-жыртып алады. Марқұмды таза сумен жуып шығады. Міне, бұл «дəрет суын беру» деп аталады.

Дәрет суын беру

Фото: Stan.kz

Кей жерде ол «мейрамсуы», кей жерде «шілде суы» деп те айтылады. Марқұмның «дəрет суын беруде» оны жуған адамдар білгендерінше иман айтып, ең алдымен астын (жыныс мүшелерін) аз дегенде үш реттен жоғары жуады. Одан соң, екі қолын шынтағына дейін үш реттен жоғары жуып, аузы-мұрнына су жібермей, үш реттен сипай жуады. Əдеттегі дəрет алдырып, онан соң басынан бастап, алдымен, оң жақ дене мүшесі, онан соң, сол жақ дене мүшесін əбден тазартып жуып, құрғақ кездемемен сүртіп денесін құрғатқан соң, оң босағаға жатқызып, үстін ақ кездеме немесе матамен жауып қояды. «Оң босағаға салу» жəне «дəрет суын беру» түрлі жұқпалы аурулардың тарап кетуінің алдын алады жəне марқұмның жаназасын шығарар алдында сүйегін жууға қатынасатын кейбір тəжірибесіз адамдардың сескеніп, ұшынып қалуынан сақтайды. Адамдарды туылғаннан өлгенге дейін ұдайы жуынып таза жүруге дағдыландырады.

Сүйек күзету

Қазақ халқы қайтыс болған адамды мүмкіндігінше тез жерлеуге тырысады. Алайда, ұланғайыр кең далаға бытырай қоныстағандықтан, туыс-туған, бала-шаға, құда-жегжаттары келгенше сүйекті бір-екі күн сақтап, туыс-туғандары түгел келген соң, дереу жерлейді. Егер, тоспаса болмайтын өте жанашыр, жақын адамдары бір-екі күн ішін де үлгеріп келе алмаса, онда мүрдені (бұзылып кетпеу шартымен) астына мұз төсеп немесе балауса жоңышқаға орап, сақтайды.

Құран

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Əдетте, адам қайтыс болып, бойынан жан кеткен соң, оны дереу оң босағаға салып, сүйекті жалғыз тастамай, ауыл адамдары мен молда-қожалар иман үйіріп, шариғат айтып, күндіз-түні қасында отырып күзетеді. Білікті қариялар марқұмның тірлігіндегі игі істерін еске алып, өмірдің баянсыздығын, дүниенің жалғандығын, жұмыр басты пендеге сұм ажалдың қашанда бір келетіндігін, сондықтан марқұм болған осы адам сияқты артына өлмес өнеге қалдырып кету керектігін ұрпақтарының құлағына құйып отырады.

Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кітабына негізделіп дайындалды.