Баға ауыздықтала ма? Елдегі мейрамханаларда ауызашар мәзірінің бағасы екі есеге қымбаттады. Әсіресе Алматыдағы баға аспандап тұр. Бір адамға орташа 10 мың теңге кетеді.
Тұрғындар қасиетті айда ауызашармен пайдаға кенелмек болған кесіпкерлердің әрекетін түсінбей дал. Мүфтият та бағаны қымбаттатпау жөнінде үндеу жариялады.
Алайда рестораторлар құнның құбылуы азық-түлік, ет өнімінің өсуімен байланысты деп жауап берді. Ораза айы басталғалы мейрамханаларда күндіз адам аяғы сирегенмен, ақшам уақытында ине шаншар орын болмайды.
Бұрын Алматыда ауызашар беретін кафе саны 10 пайыздан ары аспайтын. Қазір Рамазанда пайда мен сауаптан қағылғысы келмейтіндердің көрсеткіші 50 пайыздан асқан.
Ауызашар мәзірінің бағасы оңып тұрған жоқ. Адам басына шаққанда, орташа 8-10 мың теңгеге тең. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға қымбат. Қысылса да, қымбаттығына қарамаған көпшілік кезекте тұр. Бәріндегі баға біркелкі, амал жоқ, «бір қайыры болар» деп шығындалуға дайын. Алматылық Абылайхан Палмағанбетов күздегі дизель құнындай Рамазан айында құбылатын мейрамхана мәзіріне бақылау жоқ екеніне қапалы.
Абылайхан Палмағамбетов: - Дәл осы оразадан пайда таппайақ қойса екен. Жыл он екі айдың 11 айында олар пайда табу үшін жұмыс істеп жатыр ғой. Өкінішке қарай, осы ораза басталардың алдында ағайын-туысқа Алматыдағы ауызашар беремін деп, біраз мейрамхана, кафелерді шарлағанымыз бар. Әлі де іздеп жатырмыз. Бірақ бір адамға 8 мың, 10 мың теңге, шамамен алғанда. Есептей беріңіз, сонда 8-10 мыңнан 20-30 адам шақырсаңыз, қалай болады?!
Бұл есепті жатқа біліп алақанын ысқылап отырған кәсіпкерлердің жауабы дайын. Мәселен, былтыр келісі 1800 тұрған қойдың етін биыл 2800-ден, 150 теңгеге саудаланған пиязды 350-ден алатындықтан, амалсыз көтердік дейді. Қазақстанның рестораторлар клубының қауымдастығы инфляцияның салқыны болмаса, бағаны қолдан көтеру ойда болмағанын алға тартады.
Зүлфия Юсупова, Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының мүшесі: - Азық-түлік онсыз да жылда көктемде қымбаттайтын. Биыл Рамазан айымен тұспатұс келді. Сондықтан осындай жағдай. Рестораторлар, негізінен бағаны аспандатуды көздемейді. Сұраныс пен шикізатты сатып алу құны тікелей әсер етеді. Біз де шамалы болсын пайда тауып, жұмысшылардың айлығын төлеуіміз керек қой. Сондықтан қыпқызыл шығынға да батпаудың жолын қарастырып, нарыққа сәйкес мәзірдің бағасын қойдық.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да осы айда бағаның құбылуына қатысты үндеу жариялаған. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерді сауапты іс жасауға шақырды.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы: - Кәсіпкер азаматтарды да, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмысжағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеймін! Жақсы амалдарыңыз өздеріңізге еселеніп, жақсылық болып қайтатыны да күмән жоқ.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырың өзің көресің» деген қағиданы ұстанған кәсіпкерлер жоқ емес, бар. Дегенмен мейрамхана мәзіріне нақты бақылаудың жоқтығынан, әркімнің өз ұятына деуден басқа амал жоқ. Былтыр азық түлік бағасы 25 пайызға күрт қымбаттады. Әсіресе қант 65 пайызға дейін өсіп, антирекорд орнатқан болатын.
Дереккөз ktk.kz. Фото kaztag.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через