Мамандық таңдауда қателеспеу үшін не істеу керек

Мамандық таңдауда қателеспеу үшін не істеу керек

Мектеп бітірген түлектердің бірі қалаған мамандығын таңдаса, енді бірі тегін оқу үшін өз икеміне сәйкес келмейтін мамандықты таңдауға мәжбүр. Соның салдарынан сонша уақытын сарп етіп оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемей, мүлдем басқа салаға кететіндер де аз емес. Осы орайда, оқу жылы аяқталар тұста биылғы түлектерге «көмек» болсын деген ниетпен мамандық таңдау бағытында материал дайындауды жөн санадық.

Жалпы елімізде мектеп бітірушілерге кәсіптік бағдар беру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Болашақта қандай мамандық сұранысқа ие болады? Таңдау жасарда нені ескеру керек? Осы секілді сауалдарға жауап алу үшін сарапшылардың пікірін білдік. 

Қазақстанда қай мамандықтар жиі таңдалады?

Жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында PISA зерттеуіне сүйеніп, қазақстандық жасөспірімдер арасында қай мамандықтарға қызығушылық артқаны жайлы жазды. Оның сөзінше, зерттеудің барлық үш циклінде мамандық таңдаудың алдыңғы қатарында дәрігер мамандығы тұр. Мысалы, жалпы тәжірибелік дәрігер 2022, 2015, және 2018 жылғы зерттеулер барысында ең жиі таңдалған. Сондай-ақ зерттеу нәтижесінде жеткіншектердің педагог мамандығына да қызығушылықтары айтарлықтай артқаны анықталған.

«Менің ойымша, бұл – біздің мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған жұмысымыздың нәтижесі. Зерттеудің үш циклі ішінде осы мамандыққа қызығушылық танытқан оқушылардің үлесі екі есеге немесе 5%-ға өсті. Атап айтқанда, осы мамандықты таңдау бойынша PISA 2015 зерттеуінде 7-орында болса, ал PISA-2022-де 2-орынға дейін көтерілді. 2022 жылы оқушылардың 9%-ы «Жалпы білім беретін мектептегі мұғалім» мамандығын болашақ мамандығы ретінде таңдады», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Төмендегі кестеде жиі таңдалатын мамандықтардың ТОП-10-дығы көрсетілген.




 

Жасөспірімдерге кәсіптік бағдар беру жұмысы қалай жүргізіледі?

Кәсіптік бағдар беру (профориентация) – қоғам тенденциясы мен қажетін ескеріп, оқушылар мен жастарға мамандық таңдауға көмектесу. Ал сарапшылардың сөзінше, біздің елімізде оқушылар арасында «профориентация» жұмысы тек колледждер мен университеттер өз оқу орнын жарнамалағанда ғана жүреді. Соның салдарынан оқушыларға кәсіптік бағдар беру жүйесі дұрыс қалыптаспауының әсері елдегі нарық жүйесін бұзып, кей мамандықтың тапшылығына әкеліп соғады. Осыған байланысты елге қанша кадр қажет екенін болжауға, түлектер мен олардың отбасына болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік беру жұмысы мектептерде қалай жүзеге асып жатқаны туралы белгілі педагог, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназия директоры Аятжан Ахметжан айтып берді. Оның айтуынша, мектептерде кәсіптік бағдар беру міндеттелмейді, әр білім мекемесі бұл жұмысты әрқалай жүргізеді. Ол жасөсіпірімдерге кәсіптік бағдар беру жұмысымен белгілі бір деңгейде университеттер де айналысуы керек екенін жеткізді.

«Кей мектептер кәсіби бағдар беру мақсатында әр саланың мамандарын шақырып кездесулер өткізеді. Ал кей мектептер мүлде жүргізбейді. Көбіне оқушылар кәсіптік бағдарды интернет арқылы алады деп ойлаймын. Кәсіби бағдар беруге университеттер де мүдделі болу керек. Алайда көп оқу орындары мемлекеттік грантқа сеніп алған. «Онсыз да студентке грант беріледі, біздің қоржынымыз толық» деген түсінік бар. Грант мамандыққа бөлінеді. Университет мамандықтардың насихатын жасайтын болса, онда ол өтімдірек болатын еді»,- деді Аятжан Ахметжан.

Сондай-ақ ол университеттердің PR бөлімінің жұмысы оқушыға бағытталмағанын да тілге тиек етті. Сала бойынша мамандарды даярлаумен айналысатын университет болғандықтан, бұл маңызды істің елеусіз қалып жүргенін ескертті.

«Мектеп директоры ретінде білетінім, Ресей университетінің қызметкерлері бүкіл Қазақстан мектептерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал елордадағы университеттер тіпті осы қаладағы мектептерді де араламайды. Бұның өзі - үлкен олқылық»,- деді ол.

Осы тұста, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор Мәнсия Сапарғалиқызы да жоғары оқу орындары мен мектеп жұмысын біріктіретін мүмкіндіктер жасау қажеттігін айтты.

«Кәсіби бағдар беру жұмысы жүріп жатыр. Алайда оны жаңа сатыға көтеру керек. Мәселен, арнайы мамандықтарға байланысты сайттар ашу, хабарлар жүргізу, университет жанынан абитуриенттерге мамандықтарды таныстыру. Бұл жұмыс жүріп жатыр, бірақ кең көлемде емес. Осы тұста жоғары оқу орны мен мектеп жұмыстарын біріктіретін мүмкіндіктер жасау керек деп ойлаймын»,- деді әлеуметтанушы.

Мамандықты қалай дұрыс таңдау қажет?

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда біздің қоғамға кез келген саланың білікті мамандары қажет. Әлеуметтану ғылымының докторы, профессор Мәнсия Сапарғалиқызы қоғамда экономиканың дамуы, технологиялық процестердің енуіне байланысты бір мамандық жойылып, жаңа мамандық ашылып отыратынын ескеру қажеттігін айтады.

«Қазіргі таңда цифрландыруға өту барысында электрондық құжатарға көшуге байланысты IT жүйелерінің мамандары қазір де, болашақта да керек болады. Сонымен қатар дәрігерлер мен мұғалімдер қай уақытта да сұранысқа ие. Педагогикалық сапаны көтеруге көп көңіл бөлініп жатыр. Сондай-ақ пандемия кезінде медициналық мамандардың тапшылығына куә болдық. Атап айтқанда медицинаның белгілі бір саласына маманданған білікті дәрігерлер қажет екені де көрініп қалды. Әсіресе, вирусолог мамандардың маңызын вирустық аурулар тараған кезде жете түсінгендей болдық. Сондықтан да адам жанының арашасы білікті де білімді дәрігерлердің көп болуына жағдай жасау керек»,- деді Мәнсия Сапарғалиқызы.

«ЖОО бітіргендердің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді»

Әлеуметтанушы қазір не себепті ЖОО түлектері өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрмайтынын атап өтті.

«Жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрмайды. Оған бірнеше себеп бар. Кейбірі грант үшін өзі қаламаған мамандықта білім алуға мәжбүр болады. Кейін оқу бітірген соң ол бағытта жұмыс істемейді. Міндетті түрде кәсіби бағдарды саналы түрде, дұрыс жасау керек. Жастар мамандықты беделі мен жалақысы үшін таңдаса, тиісінше тек диплом алу үшін ғана оқиды. Сондықтан да кәсіби білім сапасының деңгейі жеткіліксіз болады. Мамандықты материалдық құндылықтар үшін ғана емес, жүрек қалауымен таңдау кәсіби шебер мамандардың көбеюіне алып келеді. Сол үшін мамандықты мектеп бітірер сәтте ғана емес, бірнеше жыл бойы саралап, ойланып таңдау керек»,- деді Мәнсия Сапарғалиқызы.

Белгілі педагог Аятжан Ахметжан әр бітіруші түлек өзіне «мамандық таңдауда қателеспеу үшін қай салаға барсам, білікті маман болып шығамын?» деген сұрақты қоюы керек екенін атап өтті.

«Тек техникалық мамандар керек, гуманитарлық мамандар қажет емес деу дұрыс емес. Заңгер көп, бірақ білікті заңгер аз, бізде экономист көп, бірақ білгірі аз. Сондықтан ең алдымен білікті маман керек. Бізде осы біліктілік жетіспейді. Мына салада маман жетіспейді екен деп бара беруге болмайды. Мәселен, ақпараттық технология мамандығын бітірген, алайда компьютердің не екенін білмейтін қаншама маманды көрдім. Сол үшін басты нәрсе қай салаға барсаң да, үздік маман болуды ойлау керек. Мұғалім болсаң - үздік мұғалім, дәрігер болсаң - үздік дәрігер болуың керек. Ал көптің бірі болудың пайдасы шамалы»,- деді ол.

Қай салада жұмыс орны көп?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы республика бойынша барлығы 36 976 бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішінде бос басшылық лауазым және мемлекеттік қызметтегі орын саны – 1 464. Бұл ретте, өндіріс және арнайы сервистік қызметтер саласындағы корпоративтік сектордағы мамандандырылған бөлімшелердің басшыларына сұраныс жоғары екенін байқадық. Былтыр бұл санатта 820 бос жұмыс орны болған. Елімізде сонымен қатар мұнай-газ ісі инженерлері жетіспейді, мұндай 5 773 бос жұмыс орны бар. Ал әлеуметтік салаларға жататын денсаулық сақтауда - 2 495, білім беруде 1 344 бос жұмыс орны тіркелген. Ең көп жұмыс орны - қызмет көрсету және сауда саласының жұмыскерлеріне тиесілі, онда - 5 559 орын, келесі кезекте күзетші – 2 114 орын, сатушы мен сауда саласы жұмыскері – 2 099 орын, жүк көлігі, автобус және троллейбус жүргізушілері – 2 236 бос жұмыс орны тіркелген.




Биыл елімізде 261 000-ға жуық адам орта мектепті бітіреді, оның ішінде 109 мың адам 9-сыныпты аяқтаса, 152 мың адам 11-сыныпты тәмәмдайды. Түлектердің таңдауына келер болсақ, 131 мыңға жуық адам колледжге, 103 мың адам ЖОО-ға барады екен.

2022 жылы Қазақстанның ішкі еңбек нарығына шамамен 295 мың жұмысшы қосылады деп күтілуде. Базалық сценарий бойынша қызметкерлерге деген қажеттілік 188,6 мың адамды құрайды. Тиісінше қалған 106 мың адам жеке немесе объективті себептермен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, жұмыссыздар саны 2069 адамды құрады, оның ішінде 1599-ы жұмысынан айырылғаны үшін әлеуметтік жәрдемақы алса, 370-і жұмыс іздеушілер қатарында.

Қай салада грант саны артты?

Биыл жоғары оқу орындарында білім алуға берілетін мемлекеттік грант саны тағы да артты. Былтыр 51 мыңнан 56 мыңға көбейген еді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 73 мыңға жетті. Колледждерде білім алу үшін білім беру гранттарының саны да рекордтық көрсеткішке, яғни 31 мың грантқа дейін ұлғайып отыр. Гранттың басым бөлігі техникалық мамандықтарға беріледі.

Сонымен бірге биыл мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына, сондай-ақ педагогикалық және жаратылыстану ғылымдарына ерекше көңіл бөлінеді. 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, техникалық кадрларды даярлау және техникалық бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыс үлесі 60%-ға дейін артқан.

Грант санын көбейту дипломы бар жұмыссыз жастардың артуына әкеле ме?

Осы тұста, «Грант санының көбеюі білікті мамандардың артуына әсер ете ала ма?» деген сауал туындайды. Кей мамандар «бірінші – сан, кейін - сапа» десе, біздің сарапшылар грант санының өсуі дипломы бар жұмыссыз жастардың артуына әкелетінін айтады.

«Керек мамандықтар үшін грант санын көбейте беру деген нәрсені мен түсіне алмаймын. Мәселен дамыған мемлекеттерде мемлекеттік грантты бөлмейді. Кейбір елдерде 6-7 мың ғана грант бөлінеді. Ал бітіретін түлектер саны бізбен салыстырғанда 10 есе көп, ал бөлетін грант саны бізден 10 есе аз. Бірде-бір грант бөлмейтін мемлекеттер де бар. Менің ойымша, үлкен компаниялар өзіне керек маманды өзі оқытып алуы керек. Оған не үшін үкімет қаржы бөліп оқыту керек?!»,- дейді Аятжан Ахметжан.

Әлеуметтанушы Мәнсия Сапарғалиқызының пікірі де осыған саяды. Ол өз сөзінде былай деді: «Грантты көбейте беретін болсақ, болашақта ол мамандықтарды бітірген мамандар арасында жұмыссыздық пайда болуы мүмкін. Сондықтан жақын болашақта, яғни 4-5 жылдан кейін осы мамандық бойынша бітірген түлектерге еңбек нарығында жұмыс бола ма, жоқ па, соны жоспарлай отырып қана грант бөлген дұрыс».

Сонымен бірге Аятжан Ахметжан мемлекет тек әлеуметтік салаларға, соның ішінде медицина мен педагогикаға ғана грант бөлуі керек екенін баса айтты.

«Бізде ұлттық компаниялар грант бөлмейді. Оқушы компаниялардың грантына таласуы керек. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» грант бөлсе, мектеп бітіруші түлек болашақта сол компанияда жұмыс істейтінін, істемеген жағдайда сол қаражатты қалтасынан төлеу керек екенін нақты біліп, жауапкершілік алады. Мәселен, биотехнология деген мамандыққа мемлекет грант бөледі. Ал бітірген маман биология пәнінің мұғалімі болуға жұмыс іздеп жүреді. Бұл - үлкен қателік. Ал мемлекеттік грантты жаппай көбейте беру дипломы бар жұмыссыздарды көбейткеннен басқа ештеңе бермейді»,- деді Аятжан Ахметжан.

Ол техникалық мамандықтарға грант санын көбейтуге қатысты былай дейді: «Техникалық мамандықтарға грант санын арттыру үшін ең алдымен зертханалық база болу керек. Бір ғана мысал айтайын, бізде былтырға дейін «Мұнай-газ» деген мамандыққа докторантураға 50 грант бөлініп тұрды. Ал ол докторант ғалымдарды даярлайтын бізде база бар ма? Өкінішке қарай, жоқ. Тіпті 5 докторантты дайындайтын университет базасы болса, қуанар едім. Грантты көбейте салу оңай, ал 70 мың студентті оқытатын университеттің базасы, қадрлық жағдайы жеткілікті ме деген сұрақ бірінші ойландыру керек. Жалпы қанша маманды даярлауға жағдайымыз жетеді, сонша грант бөліну керек. Себебі саннан сапа маңызды. Мемлекеттік грант - қомақты қаржы. Егер университеттерге мемлекеттік грант берілетін болса, соған сай талап болу керек. Әйтпесе пайдасы жоқ»,- деп түсіндірді Аятжан Ахметжан.

Болашақта қандай мамандарға сұраныс артады?

Елімізде 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жаңа мамандықтар атласы» жасалған. Бұл атласта әр сала мамандарының зерттеулері бойынша қазірдің өзінде сұранысқа ие және жақын болашақта пайда болатын мамандықтар тізімі жинақталған. Ол жерден 10-15 жылда преспективасы жоғары салалар мен кәсіптердің болжам картасымен танысуға болады. Жаңа мамандықтар атласын құрастыруда 9 сала бойынша 463 мамандық анықталған. Оған 52 жетекші сарапшы мен 2000-нан аса салалық сарапшы атсалысқан. Ұсынылған мамандықтар атласының материалдары технологиялық форсайт негізінде болашақты болжау әдістемесін пайдалануға негізделген. Технологиялық форсайт бізге алдыңғы қатарлы технологиялар мен инновациялардың дамуына байланысты қандай жұмыс дағдыларына сұраныс көп болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы атлас экономиканың 9 басым секторына бағытталған. Оның ішінде, тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс саласы бар.

Жалпы қорытындылай келе, статистикаға сүйенер болсақ, елімізде өнеркәсіп, құрылыс, көлік саласында мамандар саны жетіспейтінін байқаймыз. Алайда сарапшылар тек жоғары көрсетілген салаларда ғана емес, жалпы білікті де білімді, кәсіби әрі мамандығын жақсы меңгерген азаматтар саны кез келген секторда аз екенін алға тартып отыр. Демек, «саннан сапаға» көшетін уақыт жеткен секілді. Мемлекет жыл сайын гранттар санын көбейтіп қана қоймай, университет пен колледждердегі білім сапасына қатысты талаптарын да күшейтуі тиіс.

Дереккөз: ҚазАқпарат. Фото: welcome.kaznu.kz