Кәсіпкерлерге арналған жаңа қосымша
Кәсіпкерлердің салық төлеу рәсімдері жеңілдеді. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлы технологияларды пайдалана отырып, E-Salyk Business мобильді қосымшасын іске қосты.
Елімізде жеке кәсіпкерді тіркеуден бастап, арнайы салық режімдерін таңдау, есеп-қисап пен шығыс-кірістерді жүргізу жұмыстарында айтарлықтай қиындықтар кездеседі. Мұндай рәсімдерге уақыт та көп кетеді. Сондықтан Мемлекет басшысы кәсіпкерлер үшін салық міндеттемелерін орындау рәсімдерін жеңілдету жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында және бизнес субьектілерінің жүмысын жеңілдету үшін Мемлекеттік кірістер комитеті E-Salyq Business мобильді қосымшасын әзірлеп шығарды. Бұл жүйеде кәсіпкерлердің салық төлеуіне байланысты барлық қызмет түрі қамтылған.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, қосымшаны жүктеп алған кәсіпкерге салық бөлімшелеріне барудың қажеті жоқ, ешқайда шықпай-ақ, телефондағы қосымшамен барлық шаруаны бітіруге болады. Қысқаша айтқанда, E-Salyq Business қосымшасы – кәсіпкерлердің мемлекеттік кіріс басқармаларына барып алатын қызметтерінің телефондағы нұсқасы. «Қосымшаны қолданудың артықшылығы сол, кәсіпкерлер салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеуден босатылады. Өйткені қосымша касса аппаратының фунционалымен жетілдірілген. Касса түбіртектері базасында кәсіпкердің кірісі айқындалады да соның негізінде салықтар мен төлемдер автоматты түрде өзі есептеледі және салық декларациясы да автоматты түрде толтырылады. Бұған қоса, салық салудың жаңа режімін қолданатын кәсіпкер салық есептілігін ұсынудан босатылады», дейді Ж.Іңкәрбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
E-Salyq Business қосымшасы әзірше сынақ ретінде енгізіліп отыр. Сондықтан кәсіпкердің бәрі бірдей оны қолдана алмайды. Жобаға жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер мен арнаулы салық режімін қолданатындар ғана қатыса алады. Кәсіпкерлік қызметті онлайн режімде жүзеге асырғысы келген бизнес өкілі қосымшаны жүктеп, авторизациядан өткеннен кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеу қызметін таңдауға тиіс. Ол үшін сервис сұраған сауалдарға жауап беріп, қажетті деректемелерді толтыру қажет.
«Қазіргі кезде мобильді қосымша Ақмола және Жамбыл облыстарында тестілеуден өтіп жатыр. Бүгінде бас-аяғы 3,5 мыңға жуық кәсіпкер осы қосымшаға тіркеліп, пайдалануда. Биыл тағы 100 мыңға жуық дара кәсіпкерді жобаға қосу көзделіп отыр. Алдағы жылдан бастап қосымша толық режімде іске қосылады», дейді Ж.Іңкәрбаев.
Комитет мәліметіне қарағанда, E-Salyq Business жаңа мобильді қосымшасы кәсіпкерлердің сын-ескертпесі мен ұсыныстарын ескере отырып, әлі де жетілдіріле түспек. Атап айтқанда, еңбек шарттары жөніндегі деректерді алу және беру үшін тиісті министрлікпен бірлесе жұмыс істеу, кәсіпкерлердің банктік шоттарына келіп түскен аударымдар бойынша екінші деңгейлі банктермен келісімдер жүргізу, олардан алған деректерді қосымшаға енгізу секілді шаруалар алдағы жылдың міндетінде тұр.
Мемлекеттік кірістер комитеті салық кодексінің нормаларын қолдануға дайын болу үшін жаңа қосымшаны басқа өңірлерге кезең-кезеңімен таратып, 2022 жылы бірыңғай жер салығын есептейтін қызметті де қосымшаға енгізуді жоспарлап отыр.
E-Salyq Business мобильді қосымшасын әзірше Play marketтен жүктеуге болады. Сонымен қатар App store және AppGalleryде қосымшаны орналастыру жөніндегі өтінімге жауап алу рәсімдері жүріп жатыр. Жақында бұл желілерде де E-Salyq Business пайда болмақ.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через