фото: https://el.kz/
Ісмер келіншек айына 40-50 сөмкені жалғыз өзі тігеді
«Бастау бизнес» жобасы аясында соңғы бес жыл ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық бітірген. Бүгінде олар сауатты кәсіпкер атанып, өз істерін әр салада табысты жүргізіп, кәсібін дөңгелетіп жатыр. Қазіргі кезде сол кәсіпті нәсіп етіп отырған іскер арулардың бірі Балжан Тәңірберген.
Әлемге таралған жұқпалы індет ешкімге кедергі емес. Өйткені сол уақытта еліміздегі біраз белсенді қыз-келіншек өзінің ұнатқан ісін тапты. Солардың бірі – елордалық Балжан Тәңірберген. Ол бұрын үй шаруасындағы әйел болса, қазір сөмке жасайтын шеберхананың иесі. Ісмер келіншек сөмкелер тігумен шұғылдануды карантин уақытында бастағанын айтады.
Ол өзінің алғашқы жұмыстарын әлеуметтік желілерге жүктеген. Оның қолынан шыққан заттары көпшілікке ұнағаны соншалық табыс әкеле бастаған. Бірақ Балжанның айтуынша сол уақытта хоббиді кәсіпке айналдыру туралы ой болмаған. Сатылымға шығару үшін тігілетін сөмке түрлерінің санын арттыру қажет болған. Ол үшін арнайы аппарат сатып алуға қомақты қаржы керек.
– Сөмкелердің сыртын көздің жауын алатын түрлі оюмен безендіру үшін арнайы құрылғы керек болған. Сондай-ақ кәсіби бизнес тұрғысынан білімін жетілдіріп, әрі бизнес-жоспар құруды үйрену үшін «Бастау Бизнес» бағдарламасымен оқуға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келген. Мұнда өз жобасын таныстырып, соңында грант ұтып алады. Бұл қаржыға кәсіпті бастауға қажет ең маңызды заттарды сатып алады.
Оның негізгі мамандығы – эпидемиолог. Осы қызметке өмірінің бес жылын арнаған. Бір айта кетерлігі, ол бұрын тігін машинасында тігуді білмеген. Тіпті бұған аса қызығушылық танытпаған.
Балжанға тігін машинасында тігуді жолдасы үйреткен екен.
– Алғаш тіккен сөмкелерін қос анасы мен қос әжеме сыйға тартқан. Ол кісілердің ақ батасы Балжанды одан сайын шабыттандырды. Бірінші тапсырыс берушісі – құрбысы. Осы еңбегі табыс әкелгенін көргенде ерекше сезімге бөлендім, - дейді ол.
Сөмке тігуге қажетті материалдарды Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан сатып алады. Сондай-ақ ол көрші Ресейден де тапсырыспен алдырады екен.
– Негізі сөмке тігу аса қиын емес. Бастысы бұл іске қызығушылық болуы қажет. Мәселен, менің көмекшім жоқ. Айына 40-50 шақты сөмкені жалғыз өзім тігемін. Ал үлгермей жатқан уақытта жолдасым көмекке келеді. Сөмкелерді тігуге барқыт, эко тері және т.б. маталарды қолданамын. Көбінесе мен күнделікті өмірде ұстайтын, кешкі отырыстарға арналған және т.б. сөмке түрлерін тігемін, - дейді ол.
Кәсіпкер келіншек шамамен алты жүз мың теңгеге бизнес бастау мүмкін емес деген стереотипті бұзған адам деуге болады.
– Көбісі «500-600 мыңға қандай кәсіп бастауға болады? Бұл аз қаржы ғой» - дейді. Иә, келісемін. Бұл аз сома. Бірақ мақсаты айқын адамға бұл қаржы бизнесті бастауға кедергі емес. Бұл бизнесті бастауға қажетті негізгі жабдықтарды алуға жетеді деп ойлаймын. Басқа елдермен салыстырғанда елімізде кәсіп бастауға жағдай жасалған. Бос жатқан нишалар көп. Мемлекеттің ұсынып отырған осындай мүмкіндіктерін пайдалана білу керек. Бастысы әрекет ету керек, - дейді Балжан Тәңірберген.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через