Интернет арқылы сауда жасау

Интернет арқылы сауда жасау

       Бүгінде электронды сауда саласы ұлттық экономиканы дамытудың маңызды секторларының біріне айналды. Цифрландыру мен жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы оның сала ретінде қарқынды дамуына айтарлықтай ықпал етті. Зерттеулерге сүйенсек, соңғы екі жылда карантин шаралары мен азаматтардың цифрлық сауаттылығының артуына байланысты онлайн сауда көлемі бірнеше есе өсті.

       Мәселен, әлемде бөлшек сауданың жалпы сомасындағы электронды сауданың үлесі 2020 жылы 18%-ды құраса, 2021 жылы 19,6%-ға жеткен. 2019 жылы бұл көрсеткіш 13,6%-ды құраған еді. Ал Қазақстанда бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі онлайн сауданың үлесі 2019 жылғы 3,8%-дан 2020 жылы 9,7%-ға бір-ақ өсті.

       Бұдан бөлек департамент өкілі саланың өзекті проблемаларына тоқталып өтті. Маманның сөзінше, бүгінгі таңда интернет-алаяқтықтың түрлі жолдары бар. Мысалы, оның қатарында тауарлар мен қызметтерді жеткізбей тұрып, алдын ала төлем алу секілді мәселелер бар.

       «Электронды коммерцияда тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғау үшін мемлекеттік порталдарда, әлеуметтік желілерде сатушыларды ерікті түрде тіркеу механизмін енгізу жоспарланып отыр. Сатушы өзінің сәйкестендіру нөмірін әлеуметтік желі парақшасында көрсетеді. Өз кезегінде сатып алушы белгілі бір мемлекеттік порталда сатушы туралы ақпаратты тексеру мүмкіндігіне ие болады», - деп түсіндірді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Руслан Уразалиев

       Маманның пікірінше, осы шараларды жүзеге асыру тұтынушылардың интернет-саудаға деген сенімін арттырып, электронды коммерция сегментіндегі алаяқтықты азайтады. Дегенмен үкімет қолға алған шаралардан бөлек, интернет-алаяқтарға алданып қалмас үшін азаматтар цифрлық тұрғыдан сауаттылығын жетілдіру керек. Пандемия тұсында электронды сауданың артуы интернеттегі алаяқтық көрсеткішінің көбеюіне алып келді. Сондықтан халықтың цифрлы тұрғыдан сауатты болуы – кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Бірақ төмендегі кестеде көрсетілген 6-74 жастағы Қазақстан Республикасы халқының цифрлық сауаттылық деңгейіне назар аударсақ, азаматтардың белгілі бір деңгейде сауатты екенін аңғаруға болады. Статистикаға сүйенсек, соңғы төрт жылда тұрғындардың цифрлы сауаттылық деңгейі шамамен 10-12%-ға артқанын көреміз.