Америкада электромобильдер шығаратын Tesla компаниясының басшысы Илон Маск Twitter-ді сатып алса, компания қызметкерлерінің 75% жұмыстан қысқартпақ.
The Washington Post газеті өзінің ақпарат көздері мен құжаттарға сілтемемен хабарлағандай, компанияны кім сатып алса да алдағы айларда қызметкерлер саны мен жалақы төлеу қоры қысқартылады.
Әлеуметтік желі сондай-ақ инфрақұрылымын да, атап айтқанда деректерді өңдеу орталықтарын да қысқартады.
Басылым мәліметінше, Twitter-де қазір 7,5 мың қызметкер жұмыс істейді.
Егер Илон Маск жоспары жүзеге асса, компанияда 2 мыңға жуық жұмыскер қалады. Twitter қызметкерлерін қысқартады деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Биыл көп сөз болған мәмілелелердің бірі алдағы аптада аяқталуы мүмкін. Маск әлеуметтік желіні $44 млрд сомаға сатып алуға ниетті екенін сәуірде мәлім етіп, мамырда компаниядан фейк аккаунттар жайлы ақпаратты сұратқан болатын. Оны алмаған соң бизнесмен компанияны сатып алудан бас тартатынын мәлімдеген еді. Сол кезде Twitter Маскты сотқа берген. Қазанның басында Маск келіссөздерді қайта жалғастырды. Сот оған сатып алу туралы мәмілені аяқтауға 28 қазанға дейін уақыт берді.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото: www.themoscowtimes.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через