Еңбек министрі әйелдердің зейнет жасы қайта қаралатынын айтты

Еңбек министрі әйелдердің зейнет жасы қайта қаралатынын айтты

© qazaqstan.tv

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда әйелдерді 58 жастан зейнетке шығаруға мүмкіндік беретін заңдағы норманы қайтаруға байланысты түсінік берді.

Сенаттың жалпы отырысында депутат Жанболат Жөргенбаев «Президент Жолдауда зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакетін ұсынды. Оның бірі – 2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасын 61 жасқа дейін арттыруды тоқтата тұру. Ол Әлеуметтік кодексте көрініс тапты... Осыған байланысты бірнеше сұрағым бар:

Біріншіден, 2029 жылдан бастап зейнет жасын ұлғайту жоспарланып отыр ма? Егер осылай болса, қандай жағдайда ерте зейнетке шығуға болады?

Екіншіден, 58 жастағы әйелдердің зейнетке шығу туралы норманы қайтару қарастырыла ма?», – деп министрге бірнеше сұрақ қойды.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Әлеуметтік кодекске биыл қаңтардан бастап зейнет жасы 61 жас деп бекітілген.

«Енді алдағы 5 жыл ішінде жалпы азаматтардың зейнетке шығу жасы өмір сүру ұзақтығы мен зейнетақының деңгейіне байланысты болады. Сондықтан алдағы 5 жылда денсаулық сақтау саласында үлкен ұлттық жоба жүргізілгелі жатыр. Оның негізгі мақсаты – ауылдарда медицинаны жақсарту, көпсалалы ауруханаларды көбейту яғни мамандандырылған медициналық көмекті азаматтарға жеткізу, телемедицина, ерте скрининг сияқты мәселелерді қарастыру. Осы жұмыстардың нәтижесінде ер адамдар мен әйелдердің өмір сүру жасы ұзарса, онда 2029 жылдан кейін (зейнет жасын ұлғайту мәселесі – авт.) қайта қаралады.

Егер жағдай дәл осылай қалып, керісінше (өмір сүру жасы) төмендесе, әрине, мәселе қаралады, – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ министр әйелдерді 58 жастан зейнетке шығару мәселесіне тоқталды.

2018 жылдан бастап (заңға өзгерістер енгізілген – авт.). Бүгінде ол әйелдер 58 жастан асып кетті. Қазір олардың саны 500 мыңнан асты. Егер біз норманы қайтарсақ, онда сол азаматтардың бәрінің зейнетақысын қайта есептеуіміз керек. Қайта есептеу зейнетақы мөлшерінің көбеюіне емес, керісінше, азаюына алып келеді. Осындай тәуекел болмас үшін зейнет жасын 61 жас дұрыс деп тоқталдық, – деді ол.

Aikyn.kz