фото: sovross.ru
GSMA қауымдастығының (бүкіл әлем бойынша ұялы байланыс операторларының мүддесін қорғайтын ұйым – ред.) жуықтағы есебінде Қазақстадағы ұялы байланысты реттеудің үздік тәжірибесі мен секторды әрі қарай қамытуға болатын осал тұстарды атады. Бұл туралы ҚазАқпарат Ranking.kz ресурсына сілтеме жасап хабарлайды.
«Деректерді беру трафигінің ұдайы өсуі байланыс операторларын қайта-қайта желі сыйымдылығын арттыруға мәжбүрлеп отыр. Ол үшін базалық стансалардың санын өсіріп, спектрлердің тиімділігін, ресурстың жиілігін арттырып отыру қажет. Ал базалық стансалар санын арттыру бір жағынан өте қымбат болса, екінші жағынан желі сыйымдылығын арттырудың ең бір тиімсіз тәсілі саналады. Операторлар жайшылықта бұл тәсілге жүгінбеуге тырысады. Оның орнына кеңжолақты жиілік диапазондарын беру - сыйымдылықты ұлғайтудың негізгі жолы делінеді. Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да берілетін деректердің көлемін ұлғайту үшін операторларға қосымша ридиожиіліктер беру керек. Бірінші кезекте арнасының кеңдігі 100 МГц болатын 3,5 ГГц-тік диапазондар қажет. Қазақстан бұл тұрғыда жұмыс істеп жатқанымен спектр бөлуде бірқатар проблема бар», - деп жазады Ranking.kz.
Қауымдастық сарапшылары базалық станса салу ережесін оңайлату керектігін айтқан.
Антенналы мачта құрылғысын орнатып, ұялы байланыс желісін тарту үшін операторларға өте көп рұқсат пен сараптамалар рәсімдеу керек.
Ал бұл көп уақыт пен орасан шығынды талап етеді. Операторлардың сөзінше, Қазақстанда бұл рәсімдерге жылға жуық уақыт кетеді.
Сарапшылар пәтер иелерінің интернет тартуға рұқсат алу процесі де қиын екенін атап өткен.
«Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға тұрғындар арасындағы радиофобия кедергі келтіріп отырса керек. Мемлекеттік немесе муниципиалдық меншікте тұрған инфрақұрылымға қол жеткізуде де қиындықтар бар. GSMA бағалауынша, Қазақстандағы ұялы байланыстың тарифі көптеген елмен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Дегенмен мұндай төмен баға цифрландыру саласын дамытуға кедергі болып отыр. Тарифтерді мемлекет деңгейінде реттеу нарық заңдылықтары мен байланыс операторларының бизнес моделін бұзады. Бұл желілер инфрақұрылымына инвестиция тартуды қиындатады. Осыдан келіп қызмет сапасы нашарлайды. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, 4G және 5G желілерін дамыту үшін көптеген елдердің үкіметі операторлардың салық жүктемесін азайтып отыр. Сарапшылар ұялы байланыс тарифі мен сапасын реттеуде мемлекеттің қатысын алып тастауды ұсынып отыр. Олардың пайымынша бұл операторлардың салаға инвестиция тартуын қиындатады», - деп жазады Ranking.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через